01 сәу, 2026 сағат 11:42

Бір жылда Ұлттық қор екі рет азайып, қайта өсті


Фото: egemen.kz


2025 жылдың басынан бері Ұлттық қор активтері бірнеше рет күрт азайып, кейін қайта толысқан. Бұл туралы Ұлттық банктің монетарлық шолуында айтылған, деп хабарлайды Ult.kz.


Ресми дерекке сәйкес, 2024 жылдың желтоқсанында қор көлемі 30,9 трлн теңге болған. Алайда 2025 жылдың алғашқы айларында активтер төмендей бастады: қаңтарда – 30,3 трлн, ақпанда – 29,4 трлн, наурызда – 29,2 трлн теңгеге дейін түскен. Осылайша үш айдың ішінде шамамен 1,7 трлн теңге азайған.


Көктемнен бастап жағдай өзгеріп, қор қайта толыса бастаған. Сәуірде 29,7 трлн теңге болған активтер мамырда 30,5 трлн-ге, маусымда 31,3 трлн-ге, шілдеде 32,7 трлн-ге дейін өскен. Тамызда 33,3 трлн теңгеге жетіп, қыркүйекте 34,4 трлн теңгеге дейін көтерілген. Бұл – сол кезеңдегі ең жоғары көрсеткіш. Наурыздағы ең төмен деңгеймен салыстырғанда өсім 5,2 трлн теңгені құраған.


Алайда күз ортасында қор қайтадан азая бастаған. Қазанда 33,6 трлн теңге болған активтер қарашада 32,6 трлн-ге, желтоқсанда 32,3 трлн теңгеге дейін төмендеген. Яғни үш айдың ішінде тағы шамамен 2,1 трлн теңге кеміген.

2026 жылдың басында үшінші өзгеріс тіркелді. Қаңтарда қор 32,5 трлн теңгеге жетсе, ақпанда 32,6 трлн теңге болды. Өсім бар, бірақ көлемі аса үлкен емес.


Осылайша бір жылдың ішінде Ұлттық қор бірнеше рет бір сценарийді қайталады: алдымен азайды, кейін қалпына келді, қайта төмендеді және тағы да аздаған өсім көрсетті.


Соңғы дерек бойынша, бір айдың ішінде қор 112 млрд теңгеге ұлғайған. Бұған дейін ақпанда Ұлттық қордан 400 млн АҚШ доллары көлемінде валюта сатылғаны хабарланған еді.