09 ақп, 2017 сағат 11:06

Биыл Қазақстанның барлық аудан орталықтарында 4G іске қосылады

2017 жылдың соңында Қазақстанның барлық аудан орталықтарында жоғары жылдамдықты 4G байланысы іске қосылады. Бұл туралы бүгін ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде ведомство басшысы Дәурен Абаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«3G мен 4G желілері қарқынды даму үстінде. Абоненттердің жалпы саны 14 миллионға жетті. 2014 жылдың соңында біз барлық аудан орталықтарын 4G желісімен қамтуды жоспарлап отырмыз», - деді ол.

Оның айтуынша, байланыс желілерін дамытудың халық үшін пайдасы мол. Олар ең алдымен сапалы телекоммуникациялық қызметке қол жеткізеді. Ал байланыс операторлары өздерінің абоненттік базасын ұлғайтса, мемлекет бюджетті толықтыруға қосымша қаржы көзін алады.

«Мәселен, 2016 жылы республикалық бюджетке радиожелілік спекторды пайдалануға төлемдер мен алымдар есебінен шамамен 70 млрд. теңге түсті», - деді министр.

Сонымен қатар ол қала мен ауыл арасындағы «сандық теңсіздікті» төмендету мақсатында министрлік 2020 жылға дейін мемлекеттік-жеке серіктестік аясында 2 миллионнан астам адам тұрып жатқан 1300-ден астам ауылда талшықты-оптикалық желі тарту жобасы жүзеге асырылатындығын атап өтті.

«Осыған орай Байланыс департаментіне 1 наурызға дейін жоба тұжырымдамасын Ұлттық экономика министрлігімен келісуді тапсырамын», - деді Абаев.