11 ақп, 2026 сағат 18:10

Болат Әбілов: 20 жыл өтсе де, бұл қылмыстың тапсырыс берушілері анықталып, жазаланған жоқ


Фото: madeniportal.kz
Қазақстанның жаңа тарихындағы ең даулы әрі қоғам жадынан өшпеген қылмыстардың бірі – саясаткер Алтынбек Сәрсенбаевтың қазасы. Биыл оның өмірден өткеніне 20 жыл толып отыр. Саяси сарапшылар мен қоғам қайраткерлері бұл қастандықты елдің саяси даму кезеңдерімен, билік пен оппозиция арасындағы күрделі қатынастармен байланыстырады. Осы орайда белгілі саясаткер Болат Әбілов Қазақстан тарихындағы ауыр әрі қасіретті оқиғалардың белгілі бір кезеңдерге сәйкес келетінін атап өтіп, Алтынбек Сәрсенбаевтың қазасына қатысты өз көзқарасын білдірді, деп хабарлайды Ult.kz.

Қасіретті мезгіл  күздің соңы мен қыс 


«Қазақстанда ауыр әрі қасіретті оқиғалар көбіне күздің соңы мен қыс мезгілінде, әсіресе қараша мен желтоқсан айларында болатындай көрінеді.
Мысалы, 2005 жылдың қарашасында Заманбек Нұрқаділов өз үйінде қаза тапты. Оның өліміне кінәлілер мен тапсырыс берушілер әлі күнге дейін анықталған жоқ. Желтоқсан айы да тарихи ауыр оқиғалармен байланысты: 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы, 2011 жылдың 16–17 желтоқсанында Жаңаөзенде болған қанды қасірет.
Қаңтар мен ақпан айлары да қанды оқиғалармен есте қалды: 2022 жылғы «Қаңтар» оқиғасы. Ал 2006 жылдың ақпанында оппозициялық саясаткер, «Ақжол» партиясының тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбаев көмекшісі Бауыржан Бекбосынов және жүргізушісі Василий Журавлёвпен бірге қаза тапты», - деп жазды Әбілов.

Не үшін?


Болат Әбіловтің пікірінше Алтынбек Сәрсенбаевтың қаза тапқанына 20 жыл өтсе де, бұл оқиға кеше ғана болғандай әсер қалдырады. Оның көңілінен кетпейтін сұрақ – не үшін?

«Алтынбек «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысын құруға бастамашы болғандардың бірі еді. Ол елдің қай бағытқа бет алғанын жақсы түсінді, өйткені 1990-жылдардың ортасы мен соңында министр қызметін атқарған.
Ол авторитарлық басқару жақсылыққа апармайтынын көрді. Саясат пен экономикадағы билік бір әулеттің қолына шоғырланып, барлық бұқаралық ақпарат құралдары олардың бақылауында болды. Президенттің күйеу баласы Рахат Әлиев билігін күшейтіп, күштік құрылымдар мен негізгі ақпараттық арналарды өзіне бағындырды.
Алтынбек Рахат Әлиевтің өзінің қайын атасы Нұрсұлтан Назарбаевты биліктен шеттетуге дайындалып жүргенін дәлелдейтін деректер жинай алды. Марат Тәжинмен бірге ол президентке барып, бұл жоспарлар туралы баяндаған. Айтуынша, Назарбаев қатты абдырап, тіпті орындығынан құлап кеткен. Алтынбек пен Тәжин оған қайта отыруға көмектескенде, президент абыржып, әрі қарай не істеу керектігін сұраған. Алтынбек Рахатты және оның жақтастарын қамауға алып, биліктен шеттету туралы ұсыныс айтқан», - деген ол мүмкін, дәл осы оқиға Алтынбектің қаза болуына себептердің бірі болған шығар деп топшылайды.

«Алтынбек ешқашан радикал болған емес»


"Өйткені ол мемлекет басшысының әлсіздігін көрді. Әрине, біз білмейтін немесе тек болжай алатын өзге де себептер болуы мүмкін" деп болжаған Б. Әбілов: 

«Айта кету керек, Алтынбек ешқашан радикал болған емес, зорлық-зомбылыққа немесе революциялық әдістерге шақырмаған. Сондықтан «Не үшін?» деген сұрақ әлі күнге дейін ашық күйінде қалып отыр. 20 жыл өтсе де, бұл қылмыстың тапсырыс берушілері анықталып, жазаланған жоқ.
Бұл — Қазақстанның жаңа тарихындағы құпиясы ашылмаған саяси қастандық. Болашағынан мол үміт күттіретін саясаткерді, саяси бәсекелесті жою кімге тиімді болғанын көпшілік іштей түсінеді, қылмыстың ізі қайда апаратынын да болжайды.
Алтынбек Сәрсенбаевтың қазасы ұлттық қасіретке айналды, орны толмас ауыр шығын болды. Осы 20 жыл бойы елге Алтынбектің жетіспейтіні анық…», - деді саясаткер Болат Әбілов.


Оқи отырыңыз: Алтынбек Сәрсенбайұлының қаза тапқанына – 20 жыл