29 қаң, 2024 сағат 17:55

Бұрынғы әділет министрін қамауда ұстау мерзімі ұзартылды

Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

ҚР бұрынғы Әділет министрі Марат Бекетаевты қамауда ұстауды ұзарту туралы сот санкциясы қабылданды. Бұл туралы Астана қалалық сотының Kazinform ақпарат агенттігі жолдаған ресми сауалға берген жауабында айтылған.

«2024 жылғы 12 қаңтарда Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті М.Бекетаевқа қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын 2024 жылғы 21 ақпанға дейін ұзартуға санкция берді», - делінген елорда сотының жауабында.

Сондай-ақ, қалалық соттан ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес өзге де деректер жария етілмейтіні айтылды.

Өткен жылы 29 желтоқсанда М. Бекетаевты қамауда ұстау мерзімі 2024 жылғы 21 қаңтарға дейін ұзартылған еді. 

Еске сала кетейік, бұрынғы Әділет министрі лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікпен ұсталды.