Коллаж: Ult.kz
Соңғы уақытта Тұрсынбек пен Мөлдір, Нұрсұлтан мен Фариза, Ақсұңқар мен Арай сияқты жұлдызды жұптардың отбасылық мәселесі мен жақында ғана тұңғышы өмірге келген спортшы Махмұд Сабырханның екінші рет үйленуі қоғам талқысына түсті. Қоғамның пікірі екіге бөлініп, тіпті көпшілік қарсы тарабына «cancel» жариялап жатыр. Осы орайда Ult.kz тілшісі қазіргі замандағы «cancel culture» мәдениеті туралы психолог Әлия Базарбай, феминист Әйгерім Құсайынқызы және PR маманы Салтанат Әскербекқызының адамгершілік, этика, заң және мәдениет тұрғысынан пікірін сұрап көрді.
Спикерлермен қоғамдағы әділ сын мен бейберекет айыптау арасындағы шекара анықталып, танымал тұлғалардың жеке өмірі мен қоғамдық жауапкершілігі талқылады. Олардың сөзінше, «cancel culture» тек жаппай айыптау емес, моральдық жауапкершілікті еске салатын құрал екенін көрсетеді және оның пайдалы әрі зиянды жақтарын салыстырады. Сонымен қатар, әлеуметтік желілердегі манипуляция мен жалған ақпарат қаупі де қарастырылған.
Әлия Базарбай, психолог:
«Тұрсынбекті жазалайтындай ештеңе жоқ»
Расында бұл бастапқыда қоғамда әділеттілік орнату үшін пайда болған күш еді. Яғни зорлық жасаған, әділетсіздік жасаған тұлғаларға қысым көрсетіп, абыройын, карьерасын жоюға бағытталған. Бір қарағанда, иә, бұл дұрыс секілді, кейде қоғамда сөзіне ісі сай емес, «Батырлығы – әлсізге, бұқпалығы – күштінің алдында» адамдар бар. Ондай жандарды қоғам болып әшкерелеу дұрыс.
Дегенмен «cancel culture» мәдениеті әділ болмай қалуы ықтимал. Бұрынғы айтқан сөзі немесе қателігі үшін қысымға ұшырауы мүмкін.
Мысалы қазір Тұрсынбекті жояйық дегендей ұсыныстар айтылуда. Өз басым бұл дұрыс емес деп ойлаймын. Тұрсынбек отбасын сақтап қалмады деп солай жасауға бола ма?! Әрине әйелі Мөлдірге, балаларына қиын, тіпті Тұрсынбекке де оңай емес деп ойлаймын. Менің ойымша, кез-келген қателік немесе қиындық адамға өсу үшін беріледі. Рухани жағынан қарасақ бұл өмірде мәңгі ештеңе жоқ, бүгін бар, ертең жоқ. Сондықтан ештеңені, ешкімді меншіктей алмаймыз. Әркімнің өз таңдауы бар. Бұл өмірде ештеңеге кепілдік жоқ. Әрине, әйел ретінде Мөлдірді түсінуге болады, ауыр, бірақ сынақтың жеңілі бар ма? Яғни адамдар қателесу арқылы, сынақ арқылы өседі. Мұның бәрі тағдырдың заңдарымен өзі реттеледі. Жақсылыққа – жақсылықпен, жамандыққа – жамандықпен қайтады. Ал енді заң бұзса, Ата заңымыз бар. Бұл жерде анау айтқандай Тұрсынбекті жазалайтындай ештеңе жоқ. Бұл өмір, өмірде бәрі болуы мүмкін. Сынақ демекші, біреуге ақша жетіспейді, біреуге атақ жетпейді, біреуге денсаулық жетпейді. Алла оларға мұның бәрін берді, тек енді осылай сынау керек болып тұрған болар. Бұрын Пайғамбарлар сынақ келмесе жылайтын болған екен, өйткені оның қайырын олар біледі.
«Cancel» де сынақ қой, оны ішкі рухы мықты адамдар қасқайып тұрып көтереді, енді біреулер сынып қалуы мүмкін. Бұл бір абыройдан айырылу секілді дүние. Сенімді қайтару мүмкін бе, жоқ па, уақыт көрсетеді. Мүмкін бәрі бұрынғыдай болмайтын шығар. Бастысы сынақтан сабақ алып, адамдығыңды сақтап қалу. Ішкі рухы биік адамға ештеңе қорқынышты болмайды.
Әйгерім Құсайынқызы, феминист:
«Әйелдердің үнсіздік спиралі бұзылды»
Әуелі айтарым, Қазақстанда мен байқаған бір нәрсе бар: қандай да бір келіспеушілікті немесе пікір айырмашылығын көпшілік еркіндік пен сөз бостандығына қарсы шыққандық деп қабылдайды. Біреудің негативті пікірін де, біреудің конструктивті сынын да бірден «кәнселдеп», яғни жаппай айыптап шыға келеді.
Бірақ «кәнселдеу» – бұл жеке адамның пікіріне қарсы шығу емес, ол жаппай сипаттағы құбылыс. Яғни, бір топ адамның өзара келіспеушілігі немесе наразылығының бәрін «cancel culture» деп атау дұрыс емес. Сancel – нақты бір топтың белгілі бір тақырыпқа қатысты өз ұстанымын білдіруі ғана. Сол себепті бір топ екінші топтың өзіне ұнамайтын позициясына байланысты бәрін жаппай «кәнселдеп» шығудан сақ болуымыз керек. Өйткені бұл мәдениеттің құнсыздануына, қоғамның біржақты көзқарасқа ұрынуына әкеледі.
«Сancel culture» мәдениеті қандай жағдайда туындайды?
Кез келген адам өз әрекеті үшін екі түрлі жауапкершілікке тартылады: құқықтық және моральдық.
Құқықтық жауапкершілік заңмен реттеледі – ол қылмыстық, әкімшілік немесе азаматтық болуы мүмкін. Ал моральдық жауапкершілік нақты бір құжатта жазылмағанымен, қоғамның мәдениеті мен дәстүрінен қалыптасқан. Яғни, бір әрекет заң жүзінде жазаланбаса да, қоғам оны дұрыс емес деп қабылдауы мүмкін. Міне, осындай кезде моральдық қысым, яғни «cancel culture» пайда болады.
Мысалы, белгілі бір адам заң бойынша жаза алғанымен, қоғам ол жазаны жеткіліксіз деп есептеп, оның шығармашылығын, қызметін бойкоттауы мүмкін. Бұл – моральдық жауапкершіліктің көрінісі.
Тұрсынбекке қатысты мысалды алайық. Егер Мөлдірдің сұхбатынан кейін Тұрсынбектің концерттеріне билет өтпей қалса, телеарналар онымен жұмыс істеуден бас тартса – бұл «cancel culture» болар еді. Ал әзірге болып жатқан нәрсе – қоғамның жай ғана реакциясы, эмоциялық жауап. Бұл кәнсел емес, қоғамдық пікірдің табиғи көрінісі.
Салыстыру үшін: былтыр Бритни Спирс кітабын шығарған кезде Джастин Тимберлейкке қарсы шын мәнінде «cancel culture» орын алған еді – оның концерттері өтпей қалды, компаниялар онымен серіктестікті тоқтатты. Ал Тұрсынбекке қатысты мұндай жаппай бойкот әзірге байқалмайды.
Қазір Мөлдірдің сұхбатынан кейінгі реакция қоғамның өз сүйіктісіне ренішін, наразылығын білдіру ғана. Бұл – сын, ашық пікірталас, бірақ «cancel» деңгейіне жетпеген құбылыс.
Егер болашақта телеарналар, театрлар немесе демеушілер Тұрсынбекпен жұмыс істеуден нақты түрде бас тартса, міне, сол кезде ғана біз «cancel culture» туралы айта аламыз.
Қазір болып жатқан жағдай – қоғамның ояна бастағанының белгісі. Әйелдердің үнсіз қалмай, өз тәжірибесін ашық айтуы – үлкен мәдени өзгеріс. Бұл құбылысты «отбасылық құндылықтарға қауіп» деп емес, жылдар бойы үнсіз қалған әйелдердің жан айқайының көрінісі деп түсіну керек.
Сондықтан Мөлдірді кемсітіп, оның сынын «буллинг» немесе «жаман пиғыл» деп қабылдамау қажет. Керісінше, бұл – қоғамдағы этика, адам құқығы, эмпатия туралы пікірталастың бастамасы.
Біз кез келген пікірталасты мәдениет пен этика шеңберінде жүргізе білуіміз керек. Себебі «cancel culture»-нің де, сөз бостандығының да түпкі мақсаты – адамгершілік пен жауапкершілікті арттыру.
Этика мәселесін Аристотель заманынан бері талқылап келеміз. «Ethos» – мінез, рух дегенді білдіреді. «Заң бар жерде этика неге керек?» деген сұрақ жиі туындайды. Себебі заң – сыртқы тәртіпті, ал этика – ішкі ар-ожданды реттейді. Егер қоғам тек заңмен өмір сүрсе, ол адамгершіліксіз, ал егер тек этикамен өмір сүрсе, тәртіпсіз болар еді. Сондықтан екеуі қатар жүруі керек.
Қазір біз Қазақстанда жаңа кезеңге аяқ басып отырмыз. Әйелдердің үнсіздік спиралі бұзылды. Енді ешкім үнсіз қалмайды. Бұл – дамудың белгісі.
Мөлдір де, Тұрсынбек те жеке тұлғалар, бірақ олардың оқиғасы – тұтас қоғамның айнасы. Біз бұл жағдайдан үйреніп, әділ, мейірімді әрі сындарлы қоғам болуға ұмтылуымыз керек.
Салтанат Әскербекқызы, PR маманы:
«Сынағаның бәрі cancel culture емес»
Жалпы шығыс қоғамдарындағы «ұят» деген ұғымның өзі жай ғана сөз емес. Оның түпкі мағынасында терең этика, әдеп, адамгершілік жатыр.
Адамгершілік тұрғысынан өмірде адам өз әдебін сақтауы керек. Мәдениетті болуы, көпшілік алдында өзін ұстауы – міне, осының бәрі «ұят» ұғымының түп тамырында жатыр. Өкінішке қарай, біз бұл сөздің мәнін бұрмалап, стереотипке айналдырып жібердік. Ал шын мәнінде, «ұят» түсінігінің түбінде үлкен философия бар.
Мысалы, адам көпшілік алдына шыққанда, ол тек өз атынан емес, қоғам мәдениетінің өкілі ретінде жауапкершілік арқалайды. Мәдениет адамы, сахна адамы – бәрі өз ісімен үлгі көрсетуі тиіс. «Маған қарап, өзгелер не үйренеді?» деген сұрақ әрбір адамның санасында тұруы керек.
«Ұят» дегеніміз – қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну. Сондықтан оның ар жағында үлкен моральдық мазмұн жатыр.
Мысалға, біздің мәдениетіміздегі «Қыз Жібек» фильмін еске алайық. Онда Бекежан Төлегенді өлтірген соң, халық оны батыр болса да, ержүрек болса да, кешірмейді. Өйткені дала заңында әділет пен ұят бәрінен жоғары тұрған. Сол фильмде Бекежанды жазалау сәті бар, оның басын идіріп, халық алдында ұятқа қалдырады. Бұл – «жерге қаратты» деген ұғымның көрінісі.
Қазақ «қарнымның ашқанына емес, қадірімнің кеткеніне жылаймын» дейді. Осы мақалдың өзінде үлкен мән бар. Қазақтың дала заңында, мақал-мәтелдерінде тұнып тұрған этика мен мәдениет бар. Бұрын тәртіп пен қоғамды ұстап тұрған да – осы моральдық философиялар еді.
Сондықтан қазақ «қарабет болды» дейді. Бұл – ұятқа қалды, абыройынан айрылды деген сөз. Яғни әркім өзінің беделімен, абыройымен өмір сүрген.
Біз кейін бұл ұғымды бұрмалап, тар мағынада түсінетін болдық. Бірақ шын мәнінде, оның түп негізінде әдеп, мәдениет, өз-өзіңді ұстау мәдениеті жатыр.
Бұл не үшін қажет? Өйткені қоғамда адамдар белгілі бір ортақ ережені сақтауы керек. «Ақ – ақ, қара – қара» деп айту үшін.
Бірақ қазіргі заманда, әсіресе әлеуметтік желілерде, «маған ұнайды – ұнамайды», «менің жеке пікірім бар» деген ұстанымдар көбейіп кетті. Адамдар жеке пікір мен қоғамдық жауапкершілікті шатастырады. Әркімнің жеке ой айтуға құқы бар, бірақ ол көпшілікке зиян келтірмеуі тиіс.
Өкінішке қарай, бүгінде эмоциясын басқара алмайтындар көбейді. Біреу үшін бейтарап нәрсе, екінші адамға ауыр тиіп жатады. Сол себепті кез келген іс-әрекеттің де, мінездің де белгілі бір шегі болуы керек.
Қазақта «үлкенді сыйла, кішіні құрметте» дейді. Міне, осы тәрізді ережелер сақталмаса, қоғамда «cancel culture» секілді түсініспеушіліктер пайда болады.
Менің айтайын дегенім, «ақ пен қара» деген ұстаным. Яғни, біреуді сынағанда да әділет болу керек. Сынағаның бәрі cancel culture емес.
Сынның өзі әділетті, негізді болуы тиіс.
Мысалы, мен әңгімені ақша, табыс тақырыбынан бастағам. Біреудің табысы жоғары, біреудің табысы төмен болуы мүмкін. Бірақ табысы төмен адам бай адамды неге сынайды? Ол нені сынайды? Егер әлгі табысы жоғары адам өмірде еңбектеніп, ізденіп, қосымша оқып, машықтанып, күндіз-түні еңбек етіп жетсе, онда ол адамды сынауға бола ма?
Яғни, адамның еңбегі бар, қабілеті бар, өмірге деген талпынысы бар. Ол өзі жұмыс істеп, өз еңбегімен жетіп отыр. Ал біреу оны жай ғана қызғанышпен сынайтын болса, бұл – әділетті сын емес.
Сондықтан біреуді сынамас бұрын, «менің айтып тұрғаным әділетті ме, жоқ па?» деп ойлану керек. Мүмкін, ол адам жай ғана саған ұнамайтын шығар, мінезі басқа шығар. Ал егер мәселе жеке қатынасыңа байланысты болса, ол бөлек әңгіме.
Мысал ретінде жуырда болған оқиғаны алайық. Қайрат футбол командасы Мадридпен ойнағанда, Нұрлан Қоянбаев пен Президент пулындағы бір журналист арасында кикілжің туындады. Нұрлан Қоянбаев журналистке: «Балтабаев Президенттің жанында жүріп құтырып кетіпсіз ғой. Коянбаев емес, Нурлан Коянбаев деп жазбайсыз ба? Патриот болсаңыз қазақша жазып жібермейсіз ба?» деген секілді реніш білдірді.
Кейін бұл жағдай әлеуметтік желіде үлкен талқыға айналды. Көпшілік журналисті емес, керісінше Нұрлан Қоянбаевты сынай бастады. Ал шын мәнінде, журналистің сыны орынды еді.
Ол Нұрлан Қоянбаевтың Қайрат командасына қатысты айтқан қалжыңын сынға алған болатын. Өйткені Нұрлан Қоянбаев отандық команданы мысқылдап, күлкіге айналдырғандай болды.
Ал шын намысты азамат болса, керісінше, өз еліміздің командасын қолдамай ма?
Мен өзім де сол журналистің жазбасын оқыдым. Ол жерде айтылған ой әділ деп санаймын. Нұрлан Қоянбаев – өз ісінің шебері, сүйікті актер, кинопродюсер. Бірақ дәл сол сәттегі қалжыңы орынсыз болды. Өйткені ұлт намысы мен мәдениетіне келгенде әзілдің де шегі бар.
Ал енді көпшілік әлеуметтік желіде Нұрлан Қоянбаевты емес, сол журналисті сынап, оның жеке басына тиісіп кетті. «Ол кім өзі? Президент пулында жүргені үшін кеудесін керіп жүр ме?» деген сияқты пікірлер айтылды. Бұл – дұрыс емес.
Мәселе оның қай жерде істейтіні емес, айтып тұрған ойының әділдігінде. Егер ол дұрыс нәрсені айтып отырса, біз соны мойындай білуіміз керек.
Өкінішке қарай, қоғамда жиі кездесетін құбылыс, бір мәселені талқылай отырып, адамдар негізгі тақырыптан ауытқып кетеді. Біреудің киімін, ішкен-жегенін, жұмыс орнын, жасын, әлеуметтік статусын сөз етеді. Бұл –мәдениеттің төмендегені.
Сондықтан менің түйіндеп айтайын дегенім: адам сын айтқанда да әділ болу керек. Сынның өзінде де шекара, мәдениет, этика болуы тиіс.
Мен cancel culture-ді құбылыс деп айтпас едім. Себебі құбылыс дегеніміз –бұрын-соңды болмаған, жаңа, қоғамға бейтаныс нәрсе. Ал cancel culture біздің мәдениетімізде бұрыннан бар «ұят», «әдеп», «жарасым» ұғымдарының жаңа атауы ғана.
Иә, cancel culture керек. Бірақ ол белгілі бір шекте, мәдениет пен этика сақталған жағдайда ғана пайдалы болады. Егер адам өз ойын еркін, бірақ сыпайы түрде жеткізе білсе, ол пікір алуандығын дамытады, қоғамда ашық диалог қалыптастырады. Бұл – кез келген дамыған қоғамға қажет қасиет.
Әркімнің өз пікірі бар, әркім дүниені әртүрлі түсінеді. Бірақ сол пікірді ортаға салмас бұрын, оның мәдениетін, әдебін сақтау қажет. Егер сын конструктивті, яғни түзетуге, жақсартуға бағытталған болса, ол өте пайдалы. Мұндай пікір алмасу азаматтық қоғамның қалыптасуына, ойлау мәдениетінің өсуіне, адамның жеке деңгейінің көтерілуіне әсер етеді.
Шын мәнінде, әлеуметтік желінің арқасында біз қоғамдағы әділетсіздіктерді, теңсіздіктерді ашық айтуға мүмкіндік алдық. Кез келген адамның құқы тапталған жағдайда, әділетсіздікке қарсы пікір айту, бұл cancel culture-дің дұрыс, пайдалы түрі. Яғни әділ сын, орынды айыптау.
Мұндай жағдайда cancel culture қоғамның өсуіне, өзгеруіне көмектеседі. Себебі қоғам тоқтап қалмайды, ол үнемі дамуда. Сондықтан ашық пікір білдіру, өз ойыңды айту – қажет нәрсе. Бірақ ол әрқашан мәдени шеңберде болуы тиіс.
Ал егер cancel culture бейберекет айыптауға, жек көруге, адамның жеке өміріне араласуға айналса, онда ол теріс құбылысқа айналады. Себебі адамның жеке өмір сүруге, жеке бақытты болуға конституциялық құқығы бар.
Біреуді сынамас бұрын, «мен оның жеке өміріне қол сұғып тұрған жоқпын ба?» деп ойлау керек. Егер ол адамның жеке таңдауы болса, онда оны сынауға біздің құқығымыз жоқ. Әркім өз өмірімен айналысқаны дұрыс.
Ал егер cancel culture қоғамдағы шынайы әлеуметтік, мәдени немесе этикалық мәселелерді қозғауға бағытталса, онда ол өте пайдалы құрал.
Бірақ соңғы жылдары көпшілік кейде жұлдыздардың жеке өмірін талқылауға тым әуестеніп кетті. Мысалы, кім кімге ғашық болды, кім ажырасты — бұл жеке мәселе. Бұл жерде қоғам араласуға тиіс емес. Өйткені әр адамның сезімі, таңдауы өз еркінде.
Дегенмен, егер белгілі тұлға көпшілік алдында жүріп, отбасы құндылығын, адамдық әдепті бұзса, қоғам оған баға беруге құқылы. Себебі ол үлгі көрсететін адам.
Міне, осы жерде cancel culture-дің орынды жағы бар: ол адамға жауапкершілікті еске салады.
Яғни, жұлдыздар, танымал тұлғалар да өздерін қоғам алдындағы жауапкершіліктен жоғары қоймауы керек.
Сол себепті cancel culture кейде пайдалы рөл атқарады: ол адамдарға, әсіресе танымал тұлғаларға өз іс-әрекетінің салдарын ұмытпауға, мәдениет пен әдепті сақтауға ескерту жасайды.
Кез келген сын – бұл мүмкіндік. Бірақ сол сынның ішінде не айтылып жатыр, ол неден туындап отыр, міне, мәселе сонда. Егер сын конструктивті болса, яғни оның ішінде нақты адам құқығы, қоғамдық нормалар, дәстүрге немесе моральдық-этикалық құндылықтарға қайшы мәселелер сөз болса, онда мұндай сын пайдалы.
Кез келген адамға, ол жұлдыз болсын, қоғам қайраткері болсын, не жай адам болсын, сын айтылуы мүмкін. Егер сол сынның ішінде әділеттілік, заңдылық болса, ол адамға өзін, өз ісін жақсартуға мүмкіндік береді.
Пиар саласында немесе қызмет көрсету саласында да сын – ресурс. Мысалы, клиенттің шағымы қызметті жетілдіруге көмектеседі. Бұл – кері байланыс. Сондықтан сынның түр-түрі бар, бірақ ең маңыздысы, оның мазмұны мен мақсаты.
Пиар тұрғысынан қарасақ, сын – өсу мен даму құралы. Бірақ қазіргі тенденция, яғни әлеуметтік желідегі жаппай жамандау, бұл – үлкен қауіп.
Неге? Өйткені адамдардың көпшілігі эмоциясын басқара алмайды. Кейде ашумен жазылған пікірлер, балағат, қарғау – шектен шығып кетеді.
Мен кейде осындай агрессивті пікірлердің авторларының парақшасына кіріп, зерттеп қараймын. Себебі өзім осы сала маманымын. Сонда байқайтыным, мұндай адамдардың көбінде ішкі ашу, жеке өміріндегі қанағатсыздық, өз өміріне жауапкершілік алмау бар.
Бұған қоса, әлеуметтік желілерде «боттар» деп аталатын жасанды аккаунттар бар. Олар әдейі қоғамда жанжал, ұлтаралық қақтығыс тудыру үшін жазба қалдырады. Өкінішке қарай, Қазақстанда да мұндай боттардың бар екенін байқауға болады, олардың көбі сырттан басқарылуы да мүмкін.
Сондықтан мұнда екі түрлі қауіп бар:
Эмоциялық мәдениеттің төмендеуі, яғни адамдардың өз ашуын, эмоциясын бақыламауы.
Манипуляция мен жалған статистика, яғни жасанды аккаунттар арқылы қоғамның пікірін бұрмалау.
Мысалы, әлемдік тәжірибеде мұндай жағдайлар көп болған. Ресейде әнші Алсудың қызы қатысқан халықаралық байқауда бот-фермалар дауыс беріп, оны бірінші орынға шығарып жіберген жағдай есіңізде шығар.
Сол сияқты, әлеуметтік желілерде жасанды аккаунттар ашып, пікір жазу, ұлтараздық тудыру, немесе петицияларға жалған қол жинау, бұл – өте қауіпті құбылыс.
Яғни біз кейде шынайы қоғам пікірін емес, боттардың манипуляциясын көріп отырмыз.
Сондықтан қоғам ретінде біз бұл мәселелерге сауатты қарауымыз керек. Әлеуметтік желідегі әр ақпаратқа сене бермей, оны тексеру мәдениетін дамытуымыз қажет.
Тағы бір маңызды нәрсе, адамдар өз өміріне жауапкершілік алуы керек. Біреудің өмірін талқылап, уақыт жоғалтқанша, сол уақытты өз дамуына, өз ісіне, өз бақытына жұмсаған әлдеқайда пайдалы.
Жаппай жек көрушілік мәдениетінің артында көбіне жеке жауапкершіліктен қашу тұрады. Кейбір адамдар өз өміріне көңілі толмай, кінәні мемлекеттен, басқалардан іздейді. Бірақ бұл да сауат пен сананың мәселесі.
Адамның мінез-құлқын зерттейтін психологияда белгілі ұғым бар: бала кезінде ата-анасы жауапкершілікті өз мойнына алса, ол есейген соң да соған үйреніп қалады. Кейін өмірінде қиындық туса, оны біреу келіп шешіп береді деп күтеді. Сол себепті кейбір ересек адамдар да жауапкершіліктен қашады, жеңіл жол іздейді.
Міне, осының бәрі қоғамдағы агрессия мен жек көрушілікке себеп болатын терең психологиялық және мәдени факторлар.
Қорытындылай айтқанда, бізге ең қажеті – сын мәдениеті.
Яғни сын айтқанда:
әділ болу,
нақты дәлелге сүйену,
жеке өмір мен жеке шекараларды құрметтеу,
эмоцияға ерік бермеу.
Сонда ғана сын қоғамның дамуына, адам санасының өсуіне қызмет етеді.
Сонымен «cancel culture» қазіргі қоғамда адамгершілік, этика және моральдық жауапкершілікті еске салатын құрал ретінде көрініс тауып жатыр. Психолог Әлия Базарбай оны адамға сынақ ретінде қабылдауға болатын құбылыс деп бағаласа, феминист Әйгерім Құсайынқызы қоғамдағы әділ сын мен бейберекет айыптау арасындағы шекараны айқындап, әйелдердің үнсіздік спиралі бұзылғанын атап өтті. PR маманы Салтанат Әскербекқызы сын мен «cancel culture»-нің мәдениет пен этикаға негізделгенде ғана пайдалы екенін, ал жеке өмірге араласу теріс құбылысқа әкелетінін айтты. Яғни «cancel culture» қоғам үшін пайдалы болу үшін әділ, конструктивті, мәдени және моральдық шеңберде жүзеге асуы тиіс. Ол жеке тұлғаны жазалау құралы емес, керісінше, танымал адамдарға өз іс-әрекетінің салдарын еске салатын және қоғамдағы этикалық нормаларды сақтауға мүмкіндік беретін құрал.
Ақбота Мұсабекқызы
