31 қаң, 2024 сағат 14:34

Депутат жедел жәрдем жүргізушісін ұрған күдіктіні тез арада табуды талап етті

Фото: qamqor.gov.kz, видео кадры

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Қарағандыда жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жыққан күдіктіні қатаң жазаға тартуды сұрады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Kazinform агенттігіне сілтеме жасап,

«Өкінішке қарай, соңғы кезде заңды белден басып, ойына келгенін істейтін бетімен кеткендер көбейді. Күні кеше Қарағандыда болған оқиға – соның айқын дәлелі. Айдың-күннің аманында өз қызметін адал атқарып жүрген жедел жәрдем жүргізушісін қанжоса етіп соққыға жығу – барып тұрған бассыздық. Құқық бұзған Нұрболат Дәкебаевтың бұл әрекеті – жәй ғана қылмыс емес, бүкіл қоғамға, заң мен тәртіпке ашық қарсылық, не істей аласың деген дөң айбат. Өзін бейнетаспаға түсіріп жатқанын біліп тұрса да, ешқандай айылын жимай жұдырық сілтеп, қызметтегі адамды қанға бөктіруі – әбден шектен шыққандық, нағыз қаныпезерлік. 1 жасар сәбиге көмекке келген медицина қызметкерлерін, ашықтан-ашық, куәгерлердің көзінше ұрып-соғу не деген сұмдық? Осындай оқиғалар елімізде жетерлік. Осы күнге дейін Депутаттық корпус бірнеше рет медицина жүйесінің қызметкерлерін қорғау үшін арнайы статус бекітуді ұсынса да, Үкімет әлі күнге дейін шешім қабылдамады», - деді Бейсенбаев Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.

Оның айтуынша, адам өмірін сақтау үшін арпалысатын ақхалатты жандарды арнайы қызмет көрсетуші өкіл ретінде заңмен қорғау керек.

«Бұл бір ғана оқиға емес. Алматыда автобус жүргізушісін соққыға жығудың қандай қайғылы жағдайға әкелгеніне бәріміз куә болдық. Бұл жария болғандары ғана. Жабулы қазан жабулы күйінде қалғандары қаншама. Сондықтан мұндай жағдайға мүлдем жол беруге болмайды. Бүгін Дәкебаев, ертең кім болады сонда?! Бұл жағдай нені көрсетіп отыр? Ең алдымен, тиісті органдардың өз жұмысына салғырт қарап, құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын дұрыс ұйымдастырмағанын көрсетеді. Екіншіден, көпшілік қарапайым ғана құқықтық қағидаларды білмейтінін байқатады. Олар өз құқығын былай қойғанда, заң алдындағы міндеттері мен жауапкершілігінен де хабарсыз. Заң мен тәртіп бәріне бірдей қағидатын ұстану – әрбіріміздің міндетіміз. Үшіншіден, ұлттық құндылықтардан ада, қазақи әдеп пен ар-ұятты ұмытқан, адамшылыққа жат ойлармен санасы уланған азаматтар қалыптасып келеді. Салдарын көріп отырмыз. Бұл жағдай ешқандай жақсылыққа апармайды», - деді депутат.

Бұл тұрғыда ол уәкілетті органдарға келесі шараларды қолға алуды ұсынды:

1. Құқық қорғау органдары қылмыс жасаған Дәкебаевты тез арада табуы тиіс.

2. Нұрболат Дәкебаевтың сотын ашық жүргізіп, қатаң жаза беру және оның барысы мен қорытындысы туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халықты түгел хабардар ету.

3. Кейінгі уақыттары адамның жеке басына қауіп төндіретін, тіпті оның өмірін қиятын қылмыстар қоғамдық сипат алып жатыр. Сондықтан тез арада кез келген қылмыстарға қоғамды мүлдем төзбеушілік мәдениетін жаппай қалыптастыруымыз қажет.

Бұдан бұрын Қарағандыда ер адам жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жыққанын хабарлаған едік.