12 қар, 2016 сағат 15:17

Елеулі өзгерістерге толы екі жыл

Облыс басшылығының тізгінін Даниал АХМЕТОВ ұстаған кейінгі екі жыл ішінде аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны жаһандық дағдарысқа қарамастан бір мысқал да кеміген емес. Керісінше үстемелене түсуде. Әр салада қол жеткізген жоғары өсімдер соған дәлел. 

Индустриалды жобалардың игілігін көре бастадық

Қазіргі уақытта облыстың Индустриалды Картасына жиынтық құны 1160 млрд теңгені құрайтын 82 жоба енгізілген. Бұл жобалар іске асырылғанда 19 мың жұмыс орны құрылады.

Былтыр және биылғы қарашаға дейінгі аралықта құны 7,6 млрд теңге тұратын тоғыз жоба Индустрияландыру картасы бойынша іске асып, 849 жұмыс орны ашылды. Жыл соңына дейін 3,4 млрд теңге болатын тағы бес жобаны қолданысқа енгізу жоспарда бар. 

Өңірдегі өнеркәсіп өндірісінің әлеуетін айтарлықтай арттыратын республикалық маңызға ие екі бірдей ірі жоба қолға алынған бұл күні. Оның бірі Өскемен қаласындағы құны 113 млрд теңге болатын, төрт мың адамды еңбекпен қамтамасыз ететін толық циклді автокөлік зауыты мен көліктің қосалқы жабдықтарын шығаратын технопарк құрылысы. Екіншісі, Аягөз ауданында 364 млрд теңгеге салынып жатқан Ақтоғай тау-кен байыту комбинаты. Мұнда 1,5 мың адам жұмыс істейтін болады.

Ауыл шаруашылығы алға басып келеді

Сүтті өндіру және өңдеу көлемін арттыру мақсатында облыста 37 тауарлы-сүт фермасы қайта жөндеу және, 36 сүт қабылдау пунктін құру бойынша кешенді бағдарлама бастау алған. Бүгінге дейін 30 тауарлы-сүт фермасы ашылып, 32 сүт қабылдау пункті ұйымдастырылды. 11,2 мың тонна сүт жиналды. 

Ет және ет өнімдері өндірісін дасыту үшін инвесторлар тарту мақсатында 2016-2020 жылдарға арналған ірі жобалар жасалды. Олар:

Аягөз ауданында «Еуразия Агро Холдинг» ЖШС жылына 11,5 мың тонна ет өндіретін қуаты бар мал сою цехы және 50 мың бас қой мен бір мың бас ірі қараны бір уақытта ұстауға мүмкіндік беретін бордақылау алаңын салу.

Көпекті ауданында «Елімай Көкпекті» ЖШС жылына алты мың тонна ет өндіретін цех пен үш мың бас ірі қара малын бордақылайтын алаң құру. 

Үржар ауданында жылдық қуаты 30 мың құс етін құрайтын фабрика құрылысы.

Балық шаруашылығын дамытып, жағалауда тұратын жұртты жұмыспен қамту үшін төрт балық аулау кооперативі (172 балықшы) құрылып, 142 иесіз суда жүзу құралы заңдастырылған. Су қоймаларына 320 мыңнан астам шабақ жіберілді. Осы жылдың басынан бері балық аулауға 9,8 мың рұқсат берілді.

Қытайдың ШҰАР-мен біздің облыстың серіктестігі аясында биыл тұңғыш рет 400 тонна балық аталған аймаққа экспортталды.

Ұлан ауданында жылына төрт тонна уылдырық пен 45 тонна бекіре тұқымдас балық етін өндіретін, ең бастысы 23 жұмыс орны ашылатын кешеннің құрылысы жалғасуда.

Құрылыста құлдырау жоқ

Құрылысы сағыздай созылып келген 118 проблемалық нысанның мәселесі тиянақталды. Алты жыл бойы салынған Өскемендегі Қан орталығы қолданысқа беріліп, 11 мектеп пен төрт балабақша, тоғыз ауылдық дәрігерлік амбулатория және өзге де бірқанша нысандар есіктерін айқара ашты. Биыл облыс орталығында 200 орынға шақталған қалалық балалар ауруханасының құрылысы басталды. Ал енді кейінгі екі жылда салынып, іске қосылған нысандарға келсек, 24 білім беру мекемесі, оның ішінде 19 мектеп пен бес мектепке дейінгі тәрбие ошағы.

Жалпақ жұрттың басты мәселесіне айналған баспанамен қамтуға келер болсақ, 2015 жылы облыста 318 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа өтті. Ол алдыңғы жылғыдан 101,5 пайызға артық. Өскемен, Семей, Риддер қалаларында, Глубокое, Ұлан, Бородулиха, Үржар аудандарында көп пәтерлі үйлер бой көтерді. 

Биыл барлық қаржыландыру көздері есебінен облыс орталығында 742,3 мың шаршы метр баспана құрылысы жүргізілуде. 

Әлеуметтік саланың әлеуеті зор

Еліміздің білім беру саласында қолға алынған үш тілде оқыту «қанатқақты жобасының» тұсауы біздің облыста кесілді. 2015-2019 жылдарға арналған үш тілділікті дамыту кешенді бағдарламасы жасалды. Облыс әкімінің бастамасы мен «Парыз» қорының қолдауы арқасында Өскеменде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған 100 орындық «Ақниет» мектеп-интернаты салынуда. 

Үржар ауданында қосымша ауданаралық травматологиялық бөлім ашылды. Жедел және кейінге шегерілмейтін медициналық көмек көрсету қызметін жақсарту үшін арнайы жабдықталған 100 санитарлық автокөлік пен екі реанимобиль сатып алынды.

Ауылдық жердегі алғашқы медико-санитарлық қызметті нығайту үшін 1,5 млрд теңгеге медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды.
Кадрлардың біліктілігін арттыру да назардан тыс қалған жоқ. Биыл Өскемен мен Семейдегі перинатальді орталықтардың 12 маманы Англияның клиникалық базаларында тағылымдамадан өтіп жатыр.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» бағдарламасы арқылы биыл 242 нысанға жалпы сомасы үш млрд теңгеге жөндеу жүргізіледі. Оның ішінде 148 білім ошағы, 87 денсаулық сақтау және жеті мәдениет пен спорт нысаны бар.

Аймақ спортының тынысы ашылды 

Облыс басшылығының тікелей тапсырмасымен Өскемен мен Семейдің футбол, волейбол командалары біріктіріліп, «Алтай» клубы құрылды. Айналдырған бір жылда «Алтай» волейбол клубының ерлері мен қыздары қол жеткізген жоғары жетістіктерді айтпағанда, көпшілігі күмән келтірген «Алтай» футболшылары премьер лигаға жолдама алуы атап өтер ерекше оқиға. Аяқдоптың бұқаралық сипатын күшейтіп, дамыта түсу үшін Өскеменде испандық «Soxna» компаниясымен бірге «Реал Мадрид» тәжірибесі негізінде тәрбиелейтін футбол академиясы құрылды. Өңірдің қала-аудандарындағы жалпы білім беретін мектептерде спортқа қабілетті балаларға арнайы сыныптар ашылды.

Семейде спорттағы дарынды балаларға арналған 200 орындық мектеп-интернат пен жекпе-жек түрлерінің залы іске қосылды биыл. Ал Өскеменде бұқаралық спорт түрлері бойынша жоғары шеберлік мектебі құрылды.

Мәңгілік елдің мәдени мұралары 

Аймақ басшысының айрықша назарындағы дүниенің бірі – археологияны дамыту. Соған сәйкес тарихи-мәдени құндылықтарынан бөлек туристік әлеуеті зор бес жоба қолға алынған. Олардың ішінде әйгілі Берел мен Шілікті қорымдарына қоса Абай ауданындағы Қырықүңгір, Аягөз ауданындағы Қырықоба, Тарбағатай ауданындағы Елеке сазы, Ұлан ауданындағы Аблайкит қорған-шіркеуі бар. Аталған зерттеу нысандары ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени мұралар тізіміне ұсынылып отыр. 

Сондай-ақ, Катонқарағай ауданынның Берел қорымында ашық аспан астындағы ерекше мұражай бой көтеріп, әйнектен әдемі саркофаг жасалды.
Биылғы археологиялық зерттеу жұмыстары нәтижесінде қола, темір дәуірлерінен және орта ғасырдан сыр тартатын үш мыңға жуық артефакт табылып, облыстық тарихи-өлкетану мұражайына табыс етілді.

Жол азабынан құтылып келеміз

Жол құрылысында негізгі басымдық орташа жөндеуге берілуі барлық жағынан тиімділігін көрсетті. 2015 жылы 27 шақырымнан астам қашықтыққа күрделі жөндеу жүргізілсе, 91 шақырым трасқа орташа жөндеу жасалды. Биыл 3,5 млрд теңге қаражатқа 221 шақырым жол орташа жөндеуден өтті.

Былтыр Өскемен-Риддер-Ресей бағытындағы трасса қалпына келтіріліп, туристік кластердің дамуына қолайлы мүмкіндік жасалды. Ал ағымдағы жылы Ұлан ауданындағы Сібе көлдеріне, Үржардағы Алакөлге, Өскеменнен «Нұр Тау» шаңғы базасына баратын, Күршім-Қалжыр, Өскемен-Тарғын-Самар, Бородулиха-Шемонайха бағытында қатынайтын көлік жолдарының сапасы жақсарды. Осы жылы Аягөз-Тарбағатай-Боғас бағытындағы облыстық маңызға ие жолдың 78 шақырымына орташа жөндеу жүргізілді. 

Бұған қоса әуе қатынастарының қызмет сапасы жоғарылап, Өскеменде 200 жолаушылық ұшып келу терминалы салынып жатыр.

Абаттанған ауылдар мен қалалар

Елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыру үшін Өскемен қаласының Е.Славский атындағы жағалауда, Гагарин бульварында қала тұрғындары бұрын-соңды көрмеген демалыс орындары, ойын және спорт алаңқайлары орнатылды. Елімізде жоқ әнші-биші субұрқақтар орталық алаңнан ойып орын тепті. Ертіс өзенінің үстіндегі көпірді қайта жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Комендантка арнасы абаттандырылып, Сәулетай балалар саябағы жаңа сипатқа енді. 

Сондай-ақ, Семей, Риддер, Курчатов қалаларында және Зырян, Бесқарағай сияқты бірқатар аудандардың орталықтарында абаттандыру қарқынды жүргізілді.

Селкеусіз серіктестік 

Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында 2015-2016 жылдар аралығында Еуропалық қайта құру және даму банкімен 15,4 млрд теңгені құрайтын үш жобаны қаржыландыру жөнінде несиелік келісім жасалды. Алдағы уақытта Семей мен Өскемен қалаларының жылумен, сумен қамтамасыз ететін инженерлік коммуникация желілерін жаңғырту жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар келер жылы басталады. 

Одан бөлек биыл аталған қаржылық институтпен 22,3 млрд теңгенің алдын ала келісімі жасалды. Ал ЕҚҚДБ-мен жасалған келісімдердің жалпы құны 37,7 млрд теңгені құрайды. Бүгінгі күні Еуропалық банктің қарауында 250 млрд теңгенің 135 жобасы жатыр.

Сол секілді биылдан бастап жиынтық бағасы 88,8 млрд теңге тұратын жол инфроқұрылымына қатысты үш жобаны қарау бойынша Азиялық даму банкімен жұмыс жүргізілуде. 

Білім, денсаулық сақтау, көлік инфроқұрылымы, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы салаларын қамтитын мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясындағы дайындалған 22 жоба іске жаратуға таяп тұр.

Биылғы қаңтар айында Ұлттық экономика министрлігі мен Қазақстан мемлекеттік-жекменшік серіктестік орталығы Бұқтырма су қоймасының үстінен көпір салу жобасының құжаттарына оң қорытынды берді. Қазіргі күні аталмыш жобаны қаржыландыру мәселесі қаралуда. 2017 жылы құрылысты несиелендіру жөнінде алдын ала келісімге қол қойылмақ...

Жоғарыда тізбелеп өткен деректерге зер салсақ, кейінгі екі жылда аймақта бірсыпыра жұмыстың атқарылғанына көзіміз жетіп, көңіліміз сенеді. Болашақта қолға алынатын жоба-жоспарлардың да бір парасын таныстырып өттік. Осының бәрі әрине облыстың дамуы үшін от пен суға түсіп, тер төгіп жүрген аймақ басшысының еңбегі екенін де естен шығармаған жөн.


Қуан Сейіт, "Дидар" газеті