09 қаң, 2024 сағат 09:25

Елордаға синтетикалық есірткі жеткізудің ірі арнасы жойылды

Фото: Polisia.kz

Жалпы және арнайы іс-шараларды өткізу барысында елордалық полиция департаментінің қызметкерлері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп, Алматыдан Астанаға синтетикалық есірткілерді жеткізудің ірі арнасының жолын кесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

"6 қаңтарда Астана қаласында логистикалық компания арқылы есірткінің ірі партиясын алу кезінде Павлодар облысының тұрғыны ұсталды. Автокөлікті тінту барысында одан 4,8 кг мефедрон салынған 16 полиэтилен пакет, электронды таразы және 500 дана zip-пакет тәркіленді" - делінген хабарламада.

Медиа-портал мәліметінше, бір мезгілде Алматы қаласында есірткі жөнелтуші құрықталған. Оның пәтерін тінту барысында есірткі заты бар бес пластмасса контейнер, екінші деңгейлі банктердің төлем карталары, 1,3 млн теңге көлемінде қаражат және электронды таразы тәркіленген.

"Осы факті бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды, ұсталғандарға қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды", – деді ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Сарқытбай Құсайынов.