03 сәу, 2024 сағат 19:41

Елтаңба өзінің басты функциясын орындап жүрген жоқ — Жастар қозғалысы

«Хабар» арнасының «Талқы» бағдарламасында елтаңбаны өзгертуге қатысты пікірталас болды.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысындағы сөзінде Елтаңбамызға қатысты сыни пікірлер айтылып жатқанын және оны Кеңес заманындағы Гербке ұқсатып жататынын айтқан. 

«Тым эклектикалық, күрделі дейді. Мұндай ойды ел ісіне бей-жай қарамайтын белсенді азаматтар ғана емес, мамандар да айтып жүр. Орынды пайымдар ескерусіз қалмауы керек. Ортақ келісімге келген жағдайда арнаулы комиссия құруға болады. Бұл комиссия мәселені жан-жақты қарастырып, қоғамдық талқылау өткізеді. Сосын Қазақстанның жаңа Елтаңбасының жобасын жасауға ашық байқау жарияланады – деді Тоқаев құрылтайда.


Бағдарлама авторлары көрермендер арасында сауалнама жүргізіп жұрттан «Елтаңба ұнай ма» деп сұраған. Нәтижесінде 70% «ұнайды», 9% «өзгерту керек», 8% «мүлдем ұнамайды», 13% «ол туралы ойланбадым» деп жауап берген. 

Бағдарламаға қонақ болып қатысқан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Еркін Әбіл осы мәселе бойынша депутаттық сауал жолдағанын айтты. 

«Өзгертеміз, әлде өзгертпейміз деп әлі шешім қабылданған жоқ. Тек қана талқылаудың нәтижесінде шешім қабылдануы керек. Екіншіден, негізгі қарсы шығып жатқан көбі қаржылық шығын жөнінде айтады. Депутаттық сауалымызда осыған басты назар аудардық, үкіметке өзгерткен жағдайда қанша қаражат керегін бізге есептеп беру. Алдымен осы мәселені шешіп алуымыз керек», - деді ол. 


Бағдарламаға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі геральдикалық зерттеулер орталығының бас маманы Асылжан Бижанов та қатысты. Ол Елтаңбаға осы уақытқа дейін неше рет өзгертулер енгізілгенін айтты. 

«Елтаңбаға 1998, 2006, 2008, 2018 жылдары кішігірім өзгерістер енгізілді. Ол кезде бейнесі түбегейлі өзгерген жоқ, детальдарға ғана өзгерістер енгізілді. Елтаңба әу бастан алтын жалатылған болуы керек болған, қазір біраз қанық алтын түс болды», - дейді Асылжан Бижанов.


Бағдарлама барысында қазіргі Елтаңба мен бұрынғы Кеңес Одағындағы елтаңба салыстырылды. Еркін Әбіл Елтаңбада тарихпен байланыстыратын бір символ болуы керек деп есептейді. 

Бағдарлама қонағы ақын Жұлдыз Тойбек Елтаңбаны өзгертуге мүлдем қарсы екенін айтты. 

«294 үміткердің ішінен жеңіп шыққан бұл Елтаңбамыз халықтың жүрегінен жол тапты. КСРО мен біздің Елтаңба арасында айырмашылық өте көп. Біздің Елтаңбадағы шаңырақ – ұлтымыздың шаңырағы. Осы шаңырақтың астында көптеген ұлт пен ұлыстар өмір сүріп жатыр», - деді Жұлдыз Тойбек. 


«Жаңа адамдар» жастар қозғалысы Алматы және Астана қалаларында әртүрлі жастағы 500 адам арасында сауалнама жүргізіп, көпшіліктен елтаңбаны қаншалықты танитынын сұраған. 

Жастар қозғалысының мүшесі Алмат Қуаныштың айтуынша, сауалнамаға қатысқандардың 70%-ы біздің елтаңбаның қандай бейнеде екенін білмейтін болып шыққан. 

«Елтаңбаның қандай екенін білмесе, демек Елтаңбаның жеткізгісі келген ойын мүлдем түсінбейді деген сөз, яғни мемлекеттік рәміз ретінде ол мемлекеттің бағдарын, алдағы мақсаттарын белгілеуі керек. Ал ондай құндылықтарды халқымыз түсінбесе және сезінбесе, демек Елтаңба өзінің басты функциясын орындап тұрған жоқ деген сөз», - дейді Алмат Қуаныш.