Фото: okg.kz
Арыс қаласының «Пошта» шағын ауданында Бақсұлтан Әбдіразақ есімді азамат тұрады. Жасы 28-ге келген Бақсұлтан 3 баланың әкесі. Келіншегі үй шаруасында. Өздері пәтер жалдап тұрады. Отағасының жұмысқа тұру ниеті болғанымен, лайықты жұмыс табыла қоймады. Осы себепті ол өзінің жеке кәсібін ашуға бел буды. Жоспар түзді. Шығындарын есептеді. Ақыры шағын жиһаз құрастыру цехын ашамын деп шешті. «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша онлайн оқып, сертификат алды. Осыдан кейін жұмыссыздарға арналған мемлекеттік грантқа өтінім тапсырды. Нәтижесінде комиссия алдында бизнес жоспарын қорғаған Бақсұлтанның бағы жанды.
Бақсұлтанның әрекеті көпке үлгі деуге болады. Ол үйінде жатып алып, құр қиялдаған жоқ. Жалдамалы пәтерде тұрса да кәсіп ашуға ұмтылды. Қарашаңырақтағы әкесінің бос тұрған гаражын сұрап алды. Қандай құрылғылар керектігін анықтап, олардың бағасын білді. Қаржысы қолға тие салысымен жоспарлаған заттарын сатып алды. Бүгінде шағын кәсібін дөңгелетіп отырған жігіттің цехына біз де бас сұқтық. Шағын цехтың іші тап-тұйнақтай. Кішкентай шеберханада ас үйге арналған үлкен жиһаз құрастырып жатыр. Кәсібі өзіне ұнайтыны аңғарылып тұр.
– Әкеме келген сайын бос тұрған гаражына көзім түсетін. Ағаш кесуге, одан түрлі бұйымдар жасауға деген қызығушылығым бұрыннан бар болатын. Шеберхана орны бар, неге қаржы тауып, әсіп ашпасқа деген ой мазалай берді. Ақыры осы іске бет бұрдым, – деді Бақсұлтан.
Жиһаз жасауға алған құрылғыларының ішіндегі үлкені «углорездің» қызметі орасан. Ол бұрыш шығарады. Өзіне қажет бұрышты дәл өлшеп береді. Оны өлшемге сай кеседі. Бұл құрылғы 320 мың теңге тұрады екен. Ағашты тіліп түсер фреза аппараты мен шлифовканың, одан кейін лобзиктің де атқарар қызметі көп. Гараждан тағы перфераторды, токқа қосылатын дрель байқадық. Бәрінен де маңыздысы осы деп кәсіпкер бізге компрессорын көрсетті. Бағасы 240 мың теңге екен. Ойғыш қызметін атқаратын ол купелі жиһазға таптырмас құрал дейді.
«Жиһаз құрастыруға мемлекеттен берілген 1 476 800 теңгенің есебін түгел тапсырдым. Барлығын тиынына дейін мақсатты жұмсадым. Ең бастысы, жиһаз құрастырамын деген арманыма жеттім» дейді кәсібін дөңгелетіп отырған азамат.
Бағы жанған Бақсұлтан грант ұтып алғалы бергі бес-алты айда 11 үйдің ас бөлмесіне сән беріп үлгеріпті, яғни осынша жиһаз жасаған. Жанына көмекші алған. Санаулы айдағы нәтижесі жаман емес. Табысы да артып келеді. Қолға алған кәсібі өзіне ұнайды. Ісіне жауапкершілікпен қарайды. Әзірге тек тапсырыспен ғана жиһаз құрастырып жүр. Болашақта өнімдерін базарға шығару ниеті бар. Шағын дүкен ашсам деген арманы да жоқ емес.
P.S. Кеңес дәуірінде жиһаз шығару ісі жекенің қолында болған жоқ. Түрлі жиһаздар мемлекеттік фабрикаларда ғана шығарылып келді. Сол заманда шет елдерден келетін өнімдерді айтпағанда, Ресейден, Белоруссиядан шығатын жиһаздар сұранысқа ие еді. Біздің өңірдің дүкендеріне Алматыдан, Ташкенттен, тіпті осы Шымкенттен де жиһаз келетін. Оның ішінде ас үйге арналғаны аз болатын. Тіпті жоқтың қасы еді. Дүкендерге жететін санаулы жиһаз жалпы жұртқа қолжетімсіз болғаны жасырын емес. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері жиһаз өндірісі зор қарқынмен дамыды. Үлкен фабрикалармен бірге өзге жекеменшік сала да қарқын алды. Ең ақыры жеке азаматтар да өз үйінде отырып-ақ, пайдалану мақсатына қарай түрлі жиһаздар жасап шығара алатын дәрежеге жетті. Кәсібін енді ашқан Бақсұлтанның да арманы асқақ. Алдына мақсат қоя білген азаматқа «ниетіңе жет» дегеннен басқа не айтарсың!
Ерлан Қуандық,
«Оңтүстік Қазақстан».
