06 қар, 2024 сағат 20:40

Еңбек адамы: Гүл бизнесі қолдау күтеді

 

Фото: okg.kz


Қазығұрт ауданына қарасты Тұрбат ауылындағы «Пасека бал» шаруа қожалығы төңірекке жоғары сапалы балымен танымал. Қожалықтың бұл өнімі Қазақстандағы ең ірі импорттаушылардың алғашқы бестігіне кіреді. Қазіргі таңда шаруа қожалығы тек омартаны күтіп-баптап, бал жинаумен ғана емес, жылыжайда гүл өсірумен де, көкөніс өсірумен де айналысады. 

 

Агроном Салымжан Шакиров жылыжайда гүл өсіру кәсібін Әзиз Қасимовпен бірігіп, серіктес болып ашқандарын айтады. Негізгі жұмыс барысын қадағалап отыратын да осы Салымжан. Ал, Әзиз Қасимов академиялық омарташылық білімі бар кәсіпқой маман.


Айта кету керек, жалпы аудандағы гүл өсіру жылыжайлары 7,5 гектар аумақты алып жатыр. Соның 2,5 гектары осы «Пасека бал» шаруа қожалығының иелігінде. 


Тұрбат ауылы бұрын раушанның «қара магия» деп аталатын түрін егумен танымал болып келген. Енді оған Голландияның «мисти баблс» және  «каталина» түрлері бәсекелес бола бастаған сыңайлы. Бүгінде 1 гектар 20 сотық алқапта «баблс», 800 гектарда «қара магия», 2 сотық жерде «каталина» өсірілуде.


«Каталина» гүлді сары бүршіктерден тұрса, «баблс» қызғылт және күлгін реңкті болып келеді. Оның бір өсіндісінде 15 бүршікке дейін бар. Бұл гүл талғампаз жандарға арналған, өте  әсем көрінеді.


Раушан бақтарында гүлдер жыл он екі ай бойы өсіріледі. Қазіргі уақытта, яғни күздің соңғы айында күн сайын 3 мың түп гүл кесіледі. Оны өткізуде ешқандай кедергі жоқ. Сатып алушылар өздері келеді. Осылайша Тұрбат раушандары Шымкент, Алматы, Астана, Қызылорда сондай-ақ, еліміздің басқа қалаларына да жөнелтіледі. 

Салымжанның айтуынша, гүлдер – ерекше күтімді және жайлы жағдайды қажет етеді. Оның ішінде жақсы жарықтандыру, 70 пайыздық ылғалдылық, жылу және тағы басқа мәселелер бар. Тиісінше, оған кететін шығындар да аз емес. Гүл жылыжайлары қараша айынан сәуірге дейін жылытылады. Осы жылыту маусымында 1000 тоннаға дейін көмір жағылады. Электр энергиясы үшін айына 250-300 мың теңге төлейді.  


Ал, гүлдердің күнделікті күтіміне Тұрбат ауылының тұрғындары тартылады. Жұмыс аз емес. Гүлдерді суару, арам-шөптен тазарту, дәрі шашу қажет. Тұрақты жұмыс істейтіндердің айлығы 150-200 мың теңге төңірегінде. Ал, жалдамалы жұмысшылар күніне 5-6 мың теңге алатын көрінеді.


– Гүлдің шығу тегі голландтық болғанымен, көшетін Өзбекстаннан алдырғанбыз. Біздің базарларға гүл Голландиядан, Өзбекстаннан келеді. Сондықтан оларды өзімізге бәсекелес санаймыз. Біз алыпсатарларға тауарымызды көтерме бағада береміз. Бірақ, бұл тұрақты баға емес, жаз күндері 150-200 теңгеден өткізуге мәжбүрміз. Біздің гүлдеріміз базарда 1000 теңгеден сатылады.
Біздің елімізде тек көкөніске ғана субсидия беріледі. Үкіметтен гүлге де субсидия берілсе деп өтінер едік. Және тағы бір проблема – көмір қымбат. Соны жеңілдетілген бағада беруге көмектессе дейміз.
Мұнан бөлек, Өзбекстаннан гүл тасымалдау жағына шектеу қойылса. Олар біздің нарықты басып қалды. Көршілерде газ, жарық тарифтерінің арзан болуына байланысты гүлдердің өзіндік құны біздікінен төмен. Оның үстіне оларда жұмысшы күші де көп. Олармен бәсекелесе алмаймыз. Бұл үшін үкіметтік шаралар қажет, – дейді сұхбаттасымыз.


Отандық гүл бизнесінің табысты дамуы үшін айтылған бұл өтініш-тілектер құзырлы орындардың құлағына жетсе игі.

 

Баян Дарғожина,

«Оңтүстік Қазақстан».