27 нау, 2024 сағат 14:31

Есірткі тасымалдаған атыраулық жігіт 10 жылға сотталды


Фото: СҚО полиция департаменті


Атырауда есірткі мен психотроптық заттарды тасымалдаған 23 жастағы жігіт 10 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Ресми орган мәлім еткендей, күдікті былтырғы қыркүйекте ұсталған. 


«Өткен жылдың қыркүйек айында Атырау қаласының үш тұрғыны есірткі затын заңсыз тасымалдап жүрген ер адамды байқап, полицияға хабар берген. Осыған байланысты есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері 2001 жылғы жігітті анықтап, ұстады. Оқиға орнындағы тінту кезінде 23 жастағы күдіктіден салмағы 13,66 грамм ірі мөлшердегі психотроптық заттар мен 0,94 грамм болатын мефедрон есірткісі тәркіленген еді», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.


Полиция қызметкерлері күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп, істі сотқа жолдады.


Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен 23 жастағы жігіт 10 жылға бас бостандығынан айырылды. 


Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда 5 күнде 5 тонна прекурсор мен 3 мыңға жуық есірткі тәркіленгенін жазған болатынбыз