Фото: ашық дереккөз
Ұлыбритания, Швеция, Франция, Германия және Нидерланд үкіметтері бірлескен мәлімдеме жариялап, онда Навальный эпибатидинмен — Оңтүстік Америкадағы улы ағаш бақаларында кездесетін токсинмен уланғаны айтылды, деп хабарлайды Ult.kz.
Мұндай қорытындыға бес елдің ғалымдары Навальныйдың биологиялық материалдарының үлгілерін талдау негізінде келген. Мәлімдемеде заттың жоғары уыттылығы мен сипатталған белгілерді ескере отырып, "өлімнің ең ықтимал себебі — улану" екені атап көрсетілген.
Эпибатидин — Эквадордағы Epipedobates туысына жататын ағаш бақалардың терісінен бөлінетін нейротоксин.
Ал Ресейдің Сыртқы істер министрлігі бұл мәлімдемелерді жоққа шығарып, Навальныйдың колонияда уланғаны туралы ақпаратты фейк деп атады.
Ведомствоның ресми өкілі Мария Захарованың айтуынша, еуропалық мемлекеттер Ресейге саясаткердің сараптама нәтижелерін ұсынбаған, керісінше "Скрипальдар туралы сенсациялар таратумен айналысқан".
Оның сөзінше, "Солтүстік ағын–1" және "Солтүстік ағын–2" жобаларына қатысты тергеу нәтижелерін жариялау қажет болған сәтте, Батыс елдері Навальныйды еске түсіріп отыр.
Захарова бес елдің улану туралы мәлімдемесін "Батыстың өзекті проблемаларынан назарды басқа жаққа аударуға бағытталған ақпараттық әрекет" деп бағалады.
"Сараптама нәтижелері, заттардың формулалары ұсынылса — сонда түсініктеме болады. Ал онсыз айтылған сөздер мен мәлімдемелер — Батыстың өзекті мәселелерінен назарды бұру мақсатындағы ақпараттық лақтыру ғана", — деді ол РБК-ға берген сұхбатында.
