13 қар, 2016 сағат 15:24

Глубокое ауданында жаңа театр ашылды

Тамыз айында жұмысын бастаған жас театрдың құрамында сегіз адам жұмыс істейді. Олардың дені мәдениет саласында қызмет істейтін өнерпаздар болса, арасында арнайы шақырған кәсіби актерлер де бар. Жуырда Ұлан ауданының Асубұлақ, Айыртау, Бозанбай ауылдарына гастрольдік сапармен барған жас өнер ұжымы халықтың ыстық ықыласына бөленген. 

– Бастапқыда жас театрдың өнерін ауыл жұрты қабылдай қоя ма деген қорқыныш болған. Бірақ, ондағы жұрттың жылы лебізі бізге тың талпыныс сыйлады. Облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен енді осы қойылымды Аягөз, Үржар, Шемонайха аудандарының жұртына көрсетпекпіз, – дейді театр жетекшісі Әскерхан Қайырханов. 

Бұл театр аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мейрамғали Дәрменқұловтың мұрындық болуымен құрылған. Театр өнерінің режиссерлік саласын меңгерген ол аудан мәдениетінің тізгінін ұстай сала өзінің сүйікті жұмысын қолға алса керек. Бұдан бөлек жаңа басшы аудан өнерпаздарынан «Сарын» атты этнографиялық ансамбль құрған. Әртүрлі ұлттық аспаптарды бебеулеткен топ Глубокое жұртына қазақтың төл өнерінің муызкалық сарынын сіңіріп жүр. Құрылғанына бір жыл толмаған топ қазір облыс жұртшылығына да таныла бастаған. Қысқасы, аудандағы қалт-құлт еткен қазақ руханиятының бойына қан жүгіре бастады. 

Аудан мәдениетін «қалт-құлт» еткен деп бейнелеуіміздің өзіндік себебі бар. Өйткені, бүгінде басқа аудандардың ауылды жерлерінің өзінде заманауи Мәдениет үйлері болса, ал ол бақыт Глубокоеның аудан орталығына да бұйырмаған. Мереке-мейрам сайын өнерпаздар әр мекеменің акт залдарын паналап келеді. Ол аз десеңіз, 12 мың тұрғыны бар Белоусовка ауылдық округі де дәл осындай күйде. 

– Бұл үнемі көтеріліп келе жатқан мәселе. Кезінде аудан орталығында үлкен Мәдениет үйі болған екен. Бірақ тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда жергілікті жұрт мәдениет ошағын талантаражға салып, бұзып әкеткен. Қазір құжаттарының бәрі дайын тұр. Бұйырса, жуырдағы жылдарда республикалық бюджеттің есебінен бұл олқылықтың орнын толтырамыз, – дейді Мейрамғали Дәрменқұлов. 

Осы орайда айта кететін тағы бір маселе, бұл ауданда бірде-бір «Мәдениет қайраткері», болмаса, «Мәдениет саласына еңбек сіңірген» өнерпаздар жоқ. Неге? Кезінде шаруашылығы шалқыған бай ауданда өнегелі өнерпаз болмады деу артық болар. Болмаса, қиыр шетте жатқан аудан емес, облыс орталығымен «ауылы аралас, қойы қоралас жатқан» іргелес аудан. Мұндай атақ басқа аудандарда кемінде екі-үш өнерпазда бар. Осыдан-ақ, бұрындары жергілікті биліктің мәдениетке деген көзқарасының қандай болғанын аңғаруға болатын сыңайлы. Бұйырса, енді бұл мәселенің де көп өтпей оң шешімін табатынына үміттіміз. 

Мұратхан Кенжеханұлы