Фото: Khabar кадры
Гүлмира Сатыбалды сотқа қатысуы үшін Алматыға жеткізіледі, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Гүлмира Сатыбалдының ісі бойынша, алдын ала тыңдауда судья Мәртпек Кәкімжанов қорғаушының қылмыстық істі қысқарту туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартты.
Судья қорғаушының уәждері іс материалдарында бар дәлелдемелерді талдауға негізделгенін, бірақ сот алдын ала тыңдау кезінде бұл дәлелдемелерге баға бере алмайтынын, себебі олар негізгі сот талқылауы барысында жәбірленушілерден, куәлардан жауап алу және оқу арқылы зерттелетінін атап өтті. Айыптау актінің өзінде ешқандай заң бұзушылықтар жоқ.
Сонымен қатар, судья сот процесін жабық түрде және онлайн өткізу туралы өтінішті қанағаттандырмады. Судьяның айтуынша, бұған қылмыстық іс жүргізу кодексінде көзделген мемлекеттік құпияларды қорғау мүддесі немесе кәмелетке толмаған адамға қатысты іс сияқты негіз жоқ.
Сондай-ақ, адвокаттарға сот талқылауы кезіндегі дәлелдемелерді зерттеу нәтижелері бойынша қылмыстық істі қысқарту туралы өтінішті қайта беруге болатыны түсіндірілді.
"Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында негізгі сот талқылауы ашық сот отырысы форматында өтсін. Бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалады. Сотталушы Гүлмира Сатыбалды Қауасқызы Астана қаласының мекемесінен Алматы қаласының №78 мекемесіне жеткізілсін", - деп шешті судья.
Алғашқы сот отырысы 30 мамырда сағат 10:00-де Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ашық режимде өтеді. Сот отырысы аптасына екі рет – дүйсенбі және бейсенбі күндері өтеді.