14 жел, 2016 сағат 14:50

Илья Жақанов. Домбыра аңызы

Домбыра…  Рояль клавишінің домбыра боп «сөйлейтінін» білесіз бе? Бүгінде әйгілі пианистер  – Моцарт, Бетховен, Шопен, Лист сонаталарының қатарында  композитор Нағым Меңдіғалиевтің «Домбыра туралы аңыз» атты  фортепианолық шығармасын мөлдірете, төгілте ойнайды. Рояль  үні емес, құдды бір ағыл-тегіл Құрманғазы күйі шертіліп жатқан шешен тілді домбыраны тыңдап отырғандай өзгеше бір хал кешесіз. Домбыра  керемет… әлде  рояль… Осы бір тұңғиық  сыр мені дәйім таң алдында көрген тәтті түстей таңғалдырып, тіл байлар ләззәтті сезіммен тербей беретін-ді.

Әлі есімде, 1965-жылдың қазан айы. Мен қазақ радиосы музыка редакциясында редактормын. Бас редакторымыз маған  композитор  Евгений Григорьевич Брусиловскийдің  алдымыздағы қараша айының он екінші жұлдызында алпыс жасқа толуына байланысты деректі музыкалы әңгіме жазуды тапсырды. Мен бұған жүрексіне толқыдым. Қобалжыдым. Қазақ музыкасының азуы алты қарыс паң көкірек корифейімен сөйлесу дегеніңіз, құдай сақтасын… елестетіп көріңіз. Әннен бастап музыканың барлық жанрында  көл-көсір шығарма беріп,  шабыт шалқуының апогейіне шығып, кемелденіп, болып-толған  композитордың  алдын көріп,  онымен  тең дәрежеде  сұқбат құру... ойлап көріңіз. Мұның бәрінен бұрын алдын ала келісу, айталық, телефон арқылы… не болмаса консерваторияға барып, өз  класында жүздесіп көріңіз.  Брусиловскийдің сұсынан жасқаншақтап көп бөгелдім. Бір апта бойы «Қазақстан», «Алтай», «Шолпан», «Қыз арманы», «Қос қарлығаш» секілді  әндерінен бастап, симфония, операларынан үзінділер тыңдадым. Олардың жазылу тарихын зерттеп, біраз жайды зерделеп, көңілге түйдім. Ақыры бардым. Мен Брусиловскиймен өз үйінде  әңгіме-дүкен  құрдым. Ол алғашқыда менсінбеген жанша тәккаппар мінезбен сараң сөйлесіп, шешіліңкіремей отырды. Сөзді қазақтың  қара домбырасынан бастап,  Құрманғазының «Сарыарқа», «Балбырауын» күйлерін  өзінің  симфониялық шығармаларында  қалай  пайдаланғанын сұрадым. Осы  сауалдарым шашыраңқылау шықты ма, әлде,  оны  бірден  оқыс айтып қалдым ба, даланың алтын  асуындай жарқыраған  кең маңдайы  сәл тырысқандай болып: «Сіз  менің қандай әндерімді білесіз?» деді, жай ғана мәрғау қалпы.  Мені не құдірет биледі, білмеймін, мен  жаным сүйетін «Шолпан» әнін: 

Астық деген тау қасында,

Қырман қызып, әнге басқан.

Ақ бидайдың ортасында,

Қыз өнері жаннан асқан. 

Ер деп білген бір көрген жан,

Сүйген сәулем Шолпан, Шолпан!.. – деп әндете жөнелдім.

 Ол бұған болар-болмас езу тартып, «мысалы, Құрманғазы…» деп ойлана тоқтады. Өз-өзінен басын шайқап,  ащы мысқылмен күлімсірей сөйледі: «Бізде осы музыка маманы бар ма, жоқ па, білмеймін. Егер бар болса…  домбыраны тыңдап көрмесе де оның сиқырлы құдіретін, таңғажайып дақпыртын  Александр Викторович Затаевич жазған күй ноталарынан сезіп-біліп, иә, сонау Парижде жатқан Ромэн Роллан сияқты  білімпаздарды толғанысқа салудың өзі… керемет! Европалықтар Паганини скрипкасын көкке көтеріп, әлем жұртын таңғалдыра, тамсанта  әулие  етеді. Домбыра да сондай «божественный» аспап!  Мен оған тәңірше табынамын. Менімен әріптес музыка мамандары  мен енген домбыра  табиғатына әлі  ене алмай жүр. Ә, ол  әзірше болатын емес. Мен қазақтың тұңғыш симфониясын жаздым. Ал, «мұндай симфонияны» өткен ғасырда Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбеттер қазақтың қос шекті домбырасымен-ақ толғаған-ды. Осы кереметтердің ішінде Құрманғазының иығы оқшау тұр. Күй «Демоны!» – ол! Домбыра Құрманғазының қолында жай ғана бір музыкалы аспап емес, ол …ол адам қиялы жетпейтін бір тылсым құбылыс. Көрдіңіз бе, мен тегі кекештеу адаммын… тілім икемге келмей отыр. Құрманғазының саусағын елестетем…  о, оның оң қолы! Мен Динаның күй тартқанын  көрдім ғой. Динаның сол қолын айтыңыз! Динаның өз ауызынан естіген сөзіміз – Құрманғазы Нарын құмында өз шәкірті Динамен әр кез жүздесіп, күйлерін тыңдап жүрген. Сонда Динаның сол қолының саусақтары мен өзінің оң қолының саусақтарын қатар қойып: «осы екі салалы саусақ бір адамда болса ше? Ондай күйшіден кім аса алар еді!» деп іштей тамылжып, жер-көкке сыймай шалқиды екен, тасады екен, сүйсінеді екен.  Қос шекті олар қалай сөйлетті? Қалай? Сол Құрманғазы елінің  азаматы, менің шәкіртім – қазақтың тұңғыш пианисі,  композитор Нағым Меңдіғалиев фортепиано тіліне діріл қаққан… немесе екпіні экспресстей ағылған асау ырғақтарды қалай түсірді десеңізші! Мен де пианиспін ғой, сол «Домбыра туралы аңыз»  атты шығармасы қалай туды, білмеймін. Оны Нағымның өзінен сұрасаң тек жымияды да қояды. Көре алмайтын әріптестері Нағымның  сол  өз шығармасын  өзіне қимайды. Өмірде бәрі бола береді. Нағымды толқытқан –  Домбыра! Солай… Нағымның роялі – домбыра!  Рояльдің  домбыра боп «сөйлеуін» кім естіп, білген? Чудо! Нағымның   «Домбыра туралы аңызы» келе-келе Святослав Рихтер, не Ван Кливерн болмысындағы небір асқақ сезімді пианистерді қазақ күйіне еріксіз елітіп, үйірілтеді, әлі. Ғасырлар бойы жасап келе жатқан домбыра күйін классикалық деңгейге Құрманғазы ғана көтерді. Қандай киелі еді, ол! Теңдесі жоқ! Оның күйлері тек қана рояль емес, ол әлі талай музыкалы аспаптарды сайратады... ұлт аспаптар оркестрлері ғана ма, үлкен симфониялық оркестрлердің өзіне дауылдай бұрқап, теңіздей толқып, асып-тасқан Бетховен симфониясындай  кең тыныс береді.» Домбыра… Құрманғазы… Брусиловскийдей терең ойлы  композиторды қалай-қалай толғантты дейсіз. Жасы алпысқа келіп, сезімі салқын тарта бастады-ау деген  осы бір  ағыл-тегіл шабыт иесінің әлгі бір тебіреністі сөздері мені сол жалынды, ыстық лебімен күні бүгінге дейін тербейді де жүреді.    

Домбыра… оны Құрманғазыға дейін талай домбырашы  бебеулетті. Ұмытылған домбыра пірлері – Байжұма, Боғда, Мүсірәлі, Ұзақ… олар тек – аңыз… аңыз ғана. Бұлардың бізге жеткен бірді-екілі күйлері  «Ұстаздан шәкірт озды» деген сөзбен Құрманғазы тұлғасын мүлде  зорайтып жібереді. Мезгіл Құрманғазыдай алыпты ұзақ толғатыпты. Табиғат сыйы… тәңір сыйы боп туды, ол.  Құрманғазы домбырасы өзгеше бітімді күйлерді толғады.  Өзімен замандас тағы бір дүлдүл – Иран бақтың бұлбұлындай  күй мөлдіреткен Дәулеткерейдің өзі  Құрманғазыға «Көрғұлы», «Топан» күйлерімен жақындағандай боп, оған бас ие тағзым еткен. 

 …1957-жылдың жаз айында Москвада Бүкілдүниежүзі Жастарының әлемді ауызына қаратқан фестиваль концерттерінің бірінде  Алматы  консерваториясының студенті  домбырашы  Әзидолла  Есқалиев аспаптық орындаушылардың  үлкен конкурсында  алдына жан салмады. Бірінші орын алды. Төсінде  алтын медаль жарқырады. Үш тур бойы орындаған сол  шығармаларының ішінде рояль сүйемелінде  Моцарттың «Рондосы» («Түрік маршы»), және  Құрманғазының  «Терісқақпай»,  «Төремұрат» күйлері аса беделді  жюри мүшелерін таң-тамаша қалдырды. Ежелден тұрмыс-салты, тыныс-тіршілігі, әдет-ғұрпы, өнері, оның ішінде  музыкасы бір-біріне  «жақындау келеді» делінетін түрік тұқымдас елдердің – «Донбура», «Думбрақ», «Думбыра», «Думра», «Танбур», «Даңғыра», «Қомуз», «Тумбыра»… тіпті, орыстың «Домра»,  «Балалайкасы», украинның «Бандурасы», грузиннің «Пандури», қалмақтардың «Домр» сияқты шекті аспаптарының бірде бірі  Әзидолла шалқытқан Моцарттың  «Рондосы»,  Брамстың «Бесінші венгер биі», тіпті, одан бергі басқа да  классикалық шығармаларды орындауда  қазақ домбырасындай фантастикалық құдірет таныта алған жоқ. Моцарт!  Құрманғазы! Екі ғасырдың екі кереметі! Бір концертте  қатар тұр! 

   …1969-жылдың  сәуір айында  Будапеште қазақ өнері мен мәдениетінің күндері өтіп жатты. Бір жолы Қазақтың Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық ұлт аспаптар оркестрі  Ференс Лист атындағы музыка  академиясының концерттік залында дүниежүзі  дипломаттарына  арнап бір ғажайып  концерт берді. Концерттің орта тұсында  Құрманғазының «Ақбай» күйі орындалды. Көл толқыны… жо-жоқ, теңіз толқыны… ол да емес, мұхит толқыны ыңырана сыздады. Алтын люстралы сәулетті зал  сілтідей тынды. Мұндай оркестрді  еш уақытта тыңдап көрмеген шет елдік зиялы қауым көздері тұмадай тұнып, оларға бір тұңғиық дүние есігі ашылды. Демдері бітіп қалғандай  ауыр музыка булықтырып, езіп барады. Кеуделерін қысқан күрсініс лебін  шығару қиямет. Қабақтарын кірбің шалды. Бәрінің жүзі сұп-суық. Иә, тұңғиық дүние… Оркестр үні тым тереңде буырқанады. Бір кезде бұл мүлгіген өлі тыныштық тас-талқан болды. Шыңырауда  бүктетіле  ширыққан дүлей толқын лап ете түскен жанар таудай бұрқылдап, аспанға атты. Дирижердің әрлі-берлі  сілтеген  таяқшасы қазбауыр бұлтты осқылаған найзағай отындай жарқылдады. Сахна – ұшы-қиыры жоқ  кең дала... дүние дүбірлеп кетті. Көк мұхит долы  арыстандай күркіреп, көбік шашты. Селт етіп оянған жандар бір аласапыран ұлы шапқынның тасырлаған жойқын дыбысын естіп, жандары түршікті. Аласұра жанталасқан оркестр бір кезде бірте-бірте  сабасына түсіп, қайтадан жиырыла ішін тартқан  сабырлы мұхит боп шымырлады. 

Концерт біткен абыр-сабыр сәтте бір ұзын бойлы, ақ шашты, елуді қусырған  сыпа жан сахнаға шықты. Бұл – музыка академиясының ректоры Форш есімді профессор екен. Ол оркестрдің концертіне  ризалық сезімін білдірді. Сонан кейін  дирижер  Алдаберген Мырзабековке күлімсірей  бұрылып:  – Маэстро, оркестр орындаған жаңағы «Ақбай»  симфониясын жазған  композитор Құрманғазы қай консерваторияны бітірген? Қазір ол кісі бар ма? – деді қолындағы гүлін ұсынып тұрып.

  Мына оқыс сөзге іле жауап беруге  сасқалақтаған Алдаберген Мырзабеков сәл іркіліп, бойын жиып ала қойды да сыпайы ғана жымиып: – Құрметіңізге мархаббат! Бұл шығарма  симфония емес – күй, құрметті профессор. Ол қазақтың  аспаптық музыкасының үлкен жанры. Құрманғазы  ешқандай  консерватория  бітірмеген жан. Біздің қазақ халқы – ежелден көшпелі тіршіліктің өмір салтымен жасаған халық. Ән, күйлеріміз сол тұрмыс-салттың әуенімен туған. Біз  музыка фольклорына  бай елміз. Мыңдап саналатын әндеріміз бен күйлеріміздің ғасырлар бойы қалыптасқан өзіндік ұлттық дәстүрі бар. Мысалы, Венаның  классикалық мектебінің ұлы  ұстазы Моцарт секілді  Сіз қызыққан Құрманғазы атадан балаға жалғасқан күйшілік  өнердің теңдесі жоқ ірі тұлғасы. Ұлы ұстазы! Он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысында  өмір сүрген дала күйшісі, – дей бергенде профессор Форш бұл сөзге сенбегендей басын шайқап:  – Ғапу етіңіз, маэстро, Құрманғазы  Моцарт пен Бетховен оқыған консерваторияны бітірген адам! – деп ізетпен иіліп, өз сөзіне өзі риза болған жандай жүзі нұрланып, дирижердің қолын тағы бір қысты…

Құрманғазы! Ол да көктен түсе салған жоқ. Жарық дүниеге іңгәлап келіп, алғаш рет ана сүтін емгенде оның пәк жүрегіне қараша үйді мүлгіте тербеген  күй әуезі де  қоса дарыған-ды. Кішкентай кезінде қалақтай ғана домбырасын сүйретіп жүріп оны қалай тарта жөнелгені есінде жоқ. Тез ержетті... Мамыражай қоңыр кештерде үлкендер қоңыр қаздай ырғалып, ауыл шетіндегі ақ шағыл құмдарға шығар еді. Алқақотан жайғасып, соноу Асан Қайғы, Сыпыра жыраулардың заманындағы қилы-қилы хикаяларды  қиырдан қайырып, алыстан шолып, әңгіме-дүкен құрар еді.  Сөз арасында алуан сырлы күйлер шертілер еді. Бірде жүздері жылы, бірде мұңды. Бірде «Па, шіркін!» деп сілкінеді. Бірде қайта сынады. Осы ұзақ отырыста Құрманғазы күй шерткен қарияның домбырасынан көзін алмайды. Кеш батады. Түн көрпесін қымтайды.Тәңірдің тағы бір нұрлы таңы атады. Оянса болды, жан баласы естіп көрмеген күйлерді серпеді, ол... Қазақстанды аралап, ғылыми зерттеу жүргізген орыс ғалымы А. Алекторов «Казахская песня» атты мақаласында: «На дворе – лютый буран, в теплой землянке я слушаю музыку. Слышна душевная мелодия, производимая простым музыкальным инструментом – двухструнной домброй. Если бы я не увидел этот инструмент своими глазами, то не поверил бы в его способность произодства перкраснейшей музыки, затрагиваюшей душу человека»,  деп қарапайым қыр қазағының қолындағы домбыраны тамсана жазғаны бар. Құрманғазының мектебі де, консерваториясы да, дәріс берген профессоры да осы қарапайым домбыраны тартқан ауыл адамдары еді. О, шіркін, қазақ домбырасы! Домбыра шанағынан ақтарылған күй – боз үйдің шаңырағынан көлбей түскен ай нұры бал жүзін аймалаған сәбидің  бесік жыры боп шертілді. Күй – қатал табиғаттың сұрапыл әлегі мен тағдыр тәлкегінде аттың жалы, түйенің қомында туып, жусан жұпары аңқыған күрең белдерден жыландай ирелеңдеп асқан қоңыраулы көш жолдарында  күмбірледі. Түкті кілем түгіндей былқылдаған жасыл жайлау төрінде ақша бұлттай ағарған боз үйлердің іргесін қуалай жүгірген  жібек самал боп есілді.Алтай мен Тарбағатай,  Ұлытау, Алатау, Қаратау жағынан, Орал, Атырау, Еділ-Жайық бойынан әрі-бері аңқылдап соққан ескек жел боп желпіді. Жаннат дүние-жазира өлкеде өртеніп батқан маужыр кештер мен боз таңдарда сырласқан қыз-жігіттің махаббат жыры боп төгілді. Күй-желегі желкілдеп, оң жақта бойжеткен қыздың ұзатылардағы сыңсуы боп сызылып, жар-жары, беташары, тойбастары… ұлан-асыр ас пен тойдың шаттығы боп көңіл тасытты. Күй – ұйқысы қанық, бейғам жатқан осы елге жат-жаладан жау кеп тисе, көк найза мен алмас қылыштың жасындай жарқылы боп жарқылдады. Жау қолында кеткен жер қайысқан жылқының боз айғыры боп азынады. Бір-бірінен көз жазып қалған азалы елдің шер күйігі боп жүрек талықсытты. Күй-сағым ойнаған сары даланың сағынышы боп сарылтып, намыс оты тұтанса тепсіне тулаған Атырау мен Аралдың, Балқаш пен Алакөлдің, Еділ мен Жайық, Есіл мен Ертіс, Сыр мен Шу дарияларының көбік шашқан дүлей толқынынан жаралды. Күй – күз салқыны түссе, жылы жаққа самғаған аққулар мен тырналардың осы өңірді қимай сыңсыған мұңды үні боп қамықтырды. Күй – жалғанның жартысындай далиған байтақ ұлысты «жат көзден сақтай гөр» деп күңіренген ата-бабалардың көкейін тесті. Басына жазымыштың қандай ісі түссе де соның бәріне төзіп, мың өліп, мың тірілген қазақтың қолынан еш уақытта домбырасы түскен жоқ. 

  Домбыра үнін алғаш рет тыңдап, одан ағылған ойлы-күйлі толқынды күйлер мен кербез керілген сырлы әндерге сүттей ұйыған Александр Викторович Затаевичтің «Сырт көзге жұпыны көрінетін домбыра шебер орындаушының қолына тигенде өзінің сол көзге қораш қалпынан өзгере қалып, құлпырып шыға келетініне қайран қаласыз. Ол біресе әндетіп, не үрлемелі аспап дүбірлете үн шығарғандай, енді бірде әлгі отты дыбыстар аспанға шоқ шашқандай көз жауын алып,  яки болмаса, жалт-жұлт еткен ырғақ жан шыдатпас шапшаңдығымен есіңді алады» деген таңғалысты сөзін оқығанда көз алдыңда айғырдың жалындай қайратты қара сақалын еңселі екі иығына сілке тастап, қиянға қадалған қыран көзі жақұттай жанып, безек қаққан екі шекпен-ақ дүниені шайқап отырған жалын жүрек Құрманғазыны көріп, адам бойына лайық емес осыншалық алапат күш барын сезініп, өз-өзіңнен құдіреттенесің бір. Толқисың. Тасасың. Кең дүниені алақаныңда жайнатып, «Ұлы тіршілік иесі – Менмін! Мен бәрінен өктеммін!» деп пешенең жарқырайды.

 Затаевичтің әлгі сөзін еске алсам болды – Орал әскери ведомствосының уряднигі  – суретші, зерттеуші,  әрі музыканттық өнері бар Никита Савичев пен Құрманғазының кездесуі көз алдыма тартыла қалады. 1867-жылы жаздың бір иіп тұрған күндерінде  Қамыс Самар правителі Мақаш Бекмұхамедов Қараөзен жағасында Фокеевко селосындағы атаман Бородиннің үйінде (бұл үй әлі де бар) Никита Савичев, Ресей географиялық қоғамының мүшесі, этногроф ғалым Мұхамедсалық Бабажановты, Құрманғазыны шақырып қонақ етеді. Сол келісті отырыста Құрманғазы есіліп бір… күй төгеді. Сол әсерді Никита Савичев 1868-жылы «Уральские ведомости» газетінің  44-санында: «Я еще на первых порах был удивлен, а после поражен его игрой. Я никак не ожидал, чтобы из такого беднейшего, первобытного инструмента о двух струнах могло выйти что-нибудь похожее на музыку, но такова сила человеческой способности – из домбры выходила чистейшая музыка… Ее можно поставить наряду с произведениями образцовой музыки, потому что игра Сагырбаева происходит из того же источника – дара вдохновения. Я назвал бы игру вольной  песнею  жаворонка  или соловья,  но это сравнение слишком узко…

Словом, Сагырбаев редкая музыкальная душа, и получи он  европейское образование, то был бы в музыкальном мире звездой  первой величины…» 

Құрманғазы!..

Сол бір күндерде тағдыр тәлкегінде жүрген Құрманғазының беймаза өмірінде ел ішінде еркін тыныстаған шуақты сәттер де болады. Түрмеден, айдаудан босап, елге келген шағында оған құшағын ашып,  күрмеуге келмей діңкелеткен қысқа жібін ұзартып, тұрмысын оңдауға қол ұшын  беріп, ауыл-ауылға қонақ етіп, күйлерін тыңдап, қара да болса ғазиз басын хандай күтіп, алақанына салған ақкөңіл, кең қолтық жұрттың арасында думандатып, серілік құрады. Маңғыстау үстірті, Сам бойы,  Жем мен Сағыз… ақирек толқынды Жайық пен Атырау жағасы… ақшағылы алтындай жарқыраған Нарын құмы… аңсары ауып,  үйіріле беретін Еділдегі  Алтынжар… Құрманғазы қасына өңшең сал-сері, қайқы-сәйкілерді ертіп, осы жерлерде ұлан жазды сауық-сайранмен өткізеді. Құрманғазы қырыс-тырысы жазылып, сергиді. Шырайы кіріп, еңсесі көтеріледі. Осы бір дуылдасқан топтың ішінде Бөкей Ордасы жағын өлең-жырына  қарық қылып, Құрманғазының «елде жүр» деген дақпыртын естіп, әдейі іздеп кеп қосылған Қашаған ақын да бар еді. Қашағанның кіндік қаны  Түркмен топырағына тамған. Ташауыз төңірегінде өскен. Бала кезінен тас жетім. Шер көкірек. Өмірдің бұралаң жолы оны ерте есейткен. Ер көңілді Адайлардың еркесі, ол. Алдында-асы. Астында – аты. Қолында  – домбырасы. Көмейінде – дұррі гауһар сөз бүлкілдеген бұлбұл ұясы. Жан-жағы- көкке көтере қаумаласқан көгенкөз жұрт. Жүрер жолы – тарам-тарам. Тым ұзақ. Ол Маңғыстау мен Атырау жағасындағы көлкіген ежелгі жыр – дастандарды көңіліне бек тоқып, өзі де теңіздей толқып, арнасынан аса ақтарылып, топандата, селдете,  көлкіте жыр төкті. Ақын біткенді бет қаратпады. Құрманғазыға ол осы  ірілігімен жақты, ол. Сол себепті  екеуі қияметтік дос еді. Сол дуылдасқан сайран күндердің бірі… бұл – қыс түсіп,  ащы аязға іліккен кез. Атырауды кемерлеп, мамырлаған қаздай  қоныс жайған ауылдар осы төңіректе Құрманғазы мен Қашағанның жүргенін естіп, бір-біріне елеңдесіп, оларды тағатсыз күтіп отырады. Ән мен күй, жыр сүйетін ауылдарда таңды-таңға ұрған жиындар күйші мен ақынды мүлде асқақтатып жібереді. Олар сол  сапар кіші бесіндетіп Елпілдекті аралында отырған бір ауылға  ат басын тірейді. Сәулетті үйді таңдап түсетін әдеті. Ауыл шетінде  мал жайлап жүрген  бейтаныс жандардан жөн сұрайды. Ауыл адамдары Құрманғазыны таниды да онша сыр білдірмей оқшау тұрған ақбоз үйді нұсқап, «Осы үйге түскендеріңіз жөн» деп жауап береді. Біреулері іштей  «Шық бермес Шығайбайдың үйі!» деп мырс еткендей болады. Бұл – Есқали есімді сұпының үйі еді. Құрманғазы мен Қашаған меңзеген үйдің алдына кеп тоқтағанда қабақтары салыңқы бір жас жігіт пен жас келін  бұларды жақтырмай қарсы алады. Бірақ, екеуі  оған мән бермей, аттарынан түседі. Кердеңдеген келін: «Беймезгіл келген қайдағы біреулерді күтетін жайымыз жоқ»  деп күңк ете қалады. Қашағанның жүрегі мына сөзге шымм ете түсіп, заматта  өзінің кім екендігін, неғылса да бүгін осы үйге қонатынын  бір-екі ауыз өлеңмен аян етеді. Құрманғазы үнсіз сазарады. Есік алдындағы  бұл тосын сөзді бәрін жыландай жиырылған Есқали сұпы  естіп, ол да тысқа шығады. Салқын амандасады. Қонақтарға тосырқай қараған жігіт  келіншегінің  ымдауымен ақбоз үйден  былайырақ   тұрған жұпыны ғана қараша үйге қарай «жүріңіздер» деп икемдей береді. Қашаған мен Құрманғазы  тура ақбоз үйге бұрылады. Есқали сұпы жақтырмайды. Амалсыз  есік ашады. Үйге кіре сала бесін намазын оқуға кіріседі. Ұзақ оқып, мүлгіп тұрып алады. Төрде ойыншық ойнаған екі-үш жасар сәби. Ол Құрманғазының домбырасына жармасып, екі шекті үзіп-жұлқып,  өз-өзінен бірдемені былдырлап, шегі қата күледі. Ойында еш алаңы жоқ пәк сезімді нәрестенің мына қылығы  Қашаған мен Құрманғазыны да мәз қылады. Намаз оқылып біткен соң Есқали сұпы беймезліл келген қонақтармен көңілсіз ғана сәлемдескен ишарат білдіреді. Баланың қолындағы  домбыраға суық назарын салып: – Бұл не деген бейқасиет бәтдұға іс? Мұндай қу ағаш… Шайтан тартатын қу ағаш десе! Тегі… тегі… сандалып… екі кештің арасында  келіп… Әй, жүгермек, таста оны! Кет былай! Бұл қу ағаш тыңқылдайтын үй емес,  «құдай деген» адамның үйі,– деп  шәт-шәлекейі шығып, бүлінеді.

Осы сәтте үйдің айналасы дүрсілдеп, біреулердің күлкісі, сөздері  естіліп, жұрт жинала қалады. Өз үйінде  бұйідей бүріскен пейлі тар сұпы не істерін білмей, жыны келеді. Кеш батып, қараңғылық түседі.  Есік алдындағы нөпір топ көздері жұлдыздай жайнап:  – Құрманғазы аға… Құреке, домбыра тарт! Сілте сабазым!  – деп жамырасады. Өресіз сұпының әлгі сөзіне  жарыла жаздап, зорға отырған Құрманғазы алабұртып, Қашағанға жалт бұрылады. Қара жартастай өңкиген Қашағанның сұсты қабағының астындағы отты көзі жарқ ете түседі. Бүйрек беті жиырыла жыбырлап, жалпақ ерінін жымқыра тістеп, бала кезінен жүрегіне шемен боп қатқан Мақтымқұлының:

Шектім қайғы-қасірет,

Бұл не деген ақырет.

Түркістанда Қожа-Ахмет –

Аты өшіп барады.

Заман қалды сұмдарға,

Ар-ұяттан тұлдарға.

Мүфти-сопы тұрғанда

Ғұмыр өтіп барады, – деп келетін зар-запыран  жырына буырқана булығып, Құрман­ғазы­ға «Сен тұра тұр» дегендей ым қағады. Құрманғазы амалсыз тосылады. Қашаған аш бурадай шабынып, домбыра шанағын шартылдата ұрып, ал,  кеп бір бұрқылдата төксін…

Жылдар жылжиды. Бұл оқиға аңызға айналады. Қашаған жыры ауыздан ауызға тарайды. Оны жыршы біткен Атырау бойы, Маңғыстау үстірті, Қарақалпақстанның  Қоңыраты, одан әрі сонау Түркменстанның Ташауыз төңірегін жайлаған қазақтардың арасында бойтұмардай қастерлеп, қасиеттеп айтады. Қашаған 1929-жылы дүниеден қайтады. Оның өз сөзі,  өз әуезін қаз-қалпында  алып қалған  бал көмейлі жыршылар да жазымыш ісімен бірте-бірте азая береді. Өмірге толқын-толқын боп келген әр ұрпақ  бұл жырды бірде о бастағы қалпымен шығасын шығармай, бір жеріне қылау түсірмей тұтас жырласа, кейінірек… Кеңес өкіметінің алғашқы дүрбелеңі басталған аласапыран  күндерде «Байтал түгіл бас қайғы» дескен жұрт бағзы бір  жыр айтып жүрген біреулерден:

Қолымдағы қу ағаш,

Сөйлеп те тұрған бұл ағаш,

Қолымдағы бұл ағаш,

Алып бір жүрген домбыра!

«Домбыра – күнә» деген сөз,

Тек бір айтқан дабыра.

Кімнің де жақсы, жаманын,

Алласы берсін соңыра.

Пайғамбарым да туғанда

Бесік те болған бұл ағаш!

Ыбырайым Хиуа салғанда

Мешіт те болған бұл ағаш!

Бұқара мен Мединеге 

Мұнарлап аян қондырып

Есік те болған бұл ағаш!

Шеберлердің қолында 

Кәсіп те болған бұл ағаш!

Миуасы жерге төгіліп,

Жетім менен жесірге

Нәсіп те болған бұл ағаш!

Өзіңді тақсыр «сопы» дейд,

Сенің боқтағаның қай ағаш?

Жаннаттан шыққан төрт қылыш

Айтқанда сөзім дұп-дұрыс.

Төрт қылышты тізіп айтайын – 

Біреуі болар –  Зұлпұқар,

Біреуі болар – Зұлқыжа,

Біреуі болар – Қамсоған,

Біреуі болар  – Қамсуыс.

Садақ, қылыш қынабына

Қап та болған бұл ағаш.

Батырлар жауға шапқанда

Шұбарала ту ұстап

Найзасына сап болған,

Сап болған да бұл ағаш!

Ыбыраһұм ұғылы Мұсаға

Аса да болған бұл ағаш!

Жаннатына тозақтың 

Таса да болған бұл ағаш!

Өзіңді тақсыр «сопы» дейд

Сенің боқтағаның – 

Айтайын  ба, қай ағаш?

А! А! Дариялы да жерлерде,

Суат та болған бұл ағаш!

Бақыр да менен міскінге 

Қуат та болған бұл ағаш!

Әулиенің басында 

Жалау да болған бұл ағаш!

Өзіңдей жаман сопыға

Нәсібе болып жаралып,

Қалау да болған бұл ағаш!

Жақсының барсаң үйінде,

Отын да болған бұл ағаш!

Жаманның барсаң үйінде 

Қайыр да қолын байлайды

Азған заман шағында

Арам сопы шайнайды.

А! А! Арам сопы шайнайды,

Домбыра күнә десеңіз – 

Бұ да бір айт пен тойдікі.

Бір шегін күнә десеңіз – 

Пейіштен шыққан қойдікі.

Дауысым күнә десеңіз – 

Жеті бір саздан жасалған

Өңімдегі  о да саз,

Бүгіндегі бұ да саз.

«Домбыра – күнә»  деген сопының

Мен айтайын ба, ақылы аз!  – деп келетін әбден жырымдалған нұсқаны тыңдап, «О, қайран Қашекемнің сөзі ғой!» десіп, осының өзін дәтке қуат етті.   

Батыс өңірінде бірінен-бірі асқан эпикалық жырлар, ойлы толғау, отты термелерде қисап жоқ. Бірақ, солардың  ішінде Қашағанның «Домбыра» толғауы ерекше бір тамсандыра толғантатын бір терең дүние. Ахмет Жұбановтың  «Ғасырлар пернесі»  кітабында бұл толғаудың жырланған кезі – 1888-жыл, деп көрсетіліп, оның алпыс жеті жолы ғана келтіріледі.  Яғни, жырдың ізі бар. Ал, менің көкейімді тесіп, ұзақ жылдар бойы ұмсынта іңкәр қылған нәрсе – оның әуезі. Мен оны бүкіл Қазақстанды шарлап жүріп, еш жерден кездестіре алмай қойдым. Ол дәйім есімде жүрді. Сол толғауға түрткі болған дүмше молда Есқали секілді сұпылардың  домбыраға тіл тигізуі «қайдан шыққан теріс түсінік?» деп, талай рет тұңғиық ойға баттым да. Мұның сырын кейін білдім. Ахмет Жұбанов жоғарыда аталған кітабында былай деп жазыпты: «Кейбір деректерде «домбыра» сөзі арабтың «дунбаһи бурра» тіркесінен, яғни «қозы құйрық» деген сөзінен қалыптасқан деген долбар айтылады. Бұлай дегенде шамасы домбыраның шанағының сүйірленіп барып, қозы құйрықтанып бітетіндігін негізге алған болуы керек. «Домбыра ұстаған адам құдай алдында күнәкәр болады» деп санайтын қазақтың молдалары да бұл аспаптың бойындағы кейбір дүниеліктерін арабтарға таман жақындататын. Қазақта домбыраның жоғарғы сағасындағы құлаққа таяу тұратын, жылжымайтын тиекшені «шайтан тиек» дейді. Молдалардың аңызы бойынша бұлай деп аталу себебі мынадай болса керек: Мұхаммет пайғамбар ең алғаш  домбыраны  өзі  тартып көрмекші болып қолына алады. Бірақ, қалай тартса да, домбыраның үні таза шықпайды, жарықшақтанып, күйге келмейтін құр ызың болады да тұрады. Дем алмастан бір күн, бір түн әурелеп, ештеңе шығара алмаған пайғамбар шаршап, қолындағы аспабын қабырғаға сүйей салады да ұйықтап кетеді. Ертеңіне тұрып, қайтадан қолына алса, домбыра күмістей сыңғырап, сөйлеп қоя берді. Бұл кереметке қайран қалған Мұхаммет пайғамбар домбыраны анықтап қайта қарағанда, жоғарғы сағадағы тиекшені көреді. Оны өзі қоймағаны есіне түсіп, «сірә, бұл шайтанның ісі болар» деген ойға келеді. Сөйтіп, «жын иектеген» аспапты енді қайтып қолына алмайтын болады және барлық мұсылман қауымға «домбырадан аулақ болыңдар» деп уағыз таратады.»  

Бұл дүниедегі дін атаулының ішінде ең гуманистік дін – Мұхаммет пайғамбар жасаған мұсылман діні екендігі бір тәңірге аян нәрсе. Дәл жаңағы сөзді Мұхаммет пайғамбар айтқан жоқ. Ол да Ай мен Күндей анық жай. Оны шығарған  – өздеріне тірі пенде жоламайтын, дәйексіз уағыздарына ешкім иланбайтын Есқали сұпы сияқты бәтдұға дүмшелер. Мұхаммет пайғамбардың аруағынан қорықпаған сол шіркіндер құдайдан да қорықпайды екен. Адамның ділі мен тәнін, санасы мен сезімін, еңбегі мен қарекетін, бар болмысын таң нұрындай таза ететін мұсылман дінінің қадірін осындай құлқы жаман, ниеті бұзық молда, сопылар кетіреді. Қашаған – оның сырын терең сезінген ғұлама. Қашаған үшін сәбидей пәк, киелі домбыраны тілдейтін дауассыз сұпы Есқали кім? Домбыраны қазақтың рухы еткен Құрманғазы кім?

Қашаған ақынның патша көңілмен тереңнен тартып,  әуелете, асқақтата жырлаған «Домбыра» толғауы бір сәтке де жадымнан шыққан емес. Оның хикаясын мен Ирандағы қазақтарды зерттеуге барғанда да естідім. 

1995 жылдың жаңа жылын Иран республикасының астанасы Тегеранда Қазақстанның елшісі Мырзатай Жолдасбековтың үйінде өткіздік. Біз мұнда Әл-Фараби атындағы мемлекеттік ұлттық университеті, филология факультетінің әдебиет сыны мен тарихы кафедрасы жанындағы «Қазақтың рухани әлемі» атты орталықтың ғылыми экспедициясының кезекті сапарымен келген едік. Біз үшеуміз – жетекшіміз профессор Тұрсынбек Кәкішев, журналист-кинооператор Қоянбек Ахметов және өзім. Мақсатымыз – Иранда тұратын қазақтарды зерттеу. Бұған бәрі кіреді – тарихы, этнографиясы, әдебиеті, өнері, музыкасы…

Мырзатай – белгілі ғалым, әдебиетші… ол сонау бір сергелдеңді отызыншы жылдардың басында Кеңес өкіметінің қасіретті саясатынан жапа шегіп, Иранға ауған «мың үйлі Адаймыз» дейтін бейкүнә жұрттың осындағы қилы-қилы тағдырын алақанға жайып салды: – Әуелі бұлар екі-үш үй боп үздік-создық өтіп, әр жерді паналап, көрмеген қорлықты көріп, адам төзгісіз бейнет шегіп, кім-көрінгенге жалданып… неге екені белгісіз, алғашқы он жылда қирай өліп, нәресте біткен тұрмай…  1940-1942 жылдары ғана ес жиып, бірін-бірі тауып, бас біріктіре бастайды. Келе-келе олар Горгон, Бендер – Түрікмен, Гумбет қалаларына шоғырланады. Мұнда Адайдың Жеменей, Түрікпен, Қырықмылтық,  Мұңал, Тобыш деген рулары бар. Тама, Табыннан төрт-бес үй. Қаракесек, Керей, Қожадан бір-бір үй болған. Еңіреген елдің етегін жауып, басын құраған  – Оразмағамбет ахун, Нұрымшат, Бүркітбай, Еңсеген, Дәбіт, Алдоңғар, Аян секілді ірі адамдар. Осылардың ішінде бір текті тұлға – Бұқарада, Стамбулда дін оқуын тауысып, Бомбей университетінің тау-кен факультетін бітіріп, инженер дипломын алған… Уфада елу мың Адай түтініне қазылық етуге куәлік алып, біраз қызмет еткен ғұлама ахун Оразмағамбеттің түбіне КГБ жеткен. 

Тегеранда Оразбай, Азиз есімді екі жігіт отыр. Бірі – инженер,  екіншісі – дәрігер, әрі  коммерсант.

Бұл елде оқу тек – парсы тілінде. Қазақтарда әдебиет, тарих,  өнер жоқтың қасы. Ән-күй шығаратын ешкім жоқ.  Мен білетін Зайыр, Жаңбыр, Рыспай деген үш шал бар, жыраулар… ескілікті кісілер… бұлар толғаған жырларды  қағазға түсіріп алдым…

Мырзатайдың көп әңгімесінің бұл тек сұлбасы ғана. Біз де зерттеуге кірістік. Тегеранда Оразбай мен Азиздің үйінде көңіл босатар сұхбат болды. Айтса, айтқандай, бұлар «Елім-ай»  әнін, Абайды, Шоқанды, Мұхтарды, Күләшті…бәр-бәрін білмейді. «Елім-айды» тыңдағанда көздерінің жасын тия алмады. Осы екі жігіттің үйінде Рысбай ақынның дақпыртын естідік. Кейін Бендер – Түрікмен қаласына Омар қажы (Оразбайдың әкесі) үйіне шақырып, осы үйде, сонан соң өз үйінде Рысбай ақсақалдың «Сағыныш» деген әнін диктофонға түсірдік.

Рысбай – жұқалтаң келген,  сымбаты келіскен, көзі мөлдіреген сыпа, бекзат кісі екен. Жасы жетпіс төртте. Руы – Адай ішінде Қырықмылтық.

Мінезі салмақты, сөзі дәмді, ізеті мол Рысбай айтады: – Біз Иранға ауғанда он екідегі бала едік. Маңғыстаудың ағыл-тегіл ән, жырын, күйлерін әкелген көне көздерді ұғып, зерделеп қалмаппыз. Керемет еді, солар… Шеркеш – Есқали, Көрпе – Төребек, Құлтөрелер – нағыз еспе жыршылар еді. Бір күндік жерге үні жететін әкелі-балалы – Назар, Темірбайлар… қайда қазір, бірі жоқ. Ат үстінде үзеңгіні үзердей боп шіреніп тұрып шырқар еді. Е, бұларға Кедей руынан Байтұр жыршы кеп қосылғанда, Маңғыстаудың бес жүйрігі – Қашаған, Аралбай, Нұрым, Сүгір, Сәттіғұлдың жырлары түйдек-түйдек жөңкілер еді. Солардың көзі боп – Зайыр, Жаңбыр үшеуіміз қалдық. Шомақ деген жас жырау ғана бар. Осында соңғы үш-төрт жылда ғана жас балаларымыз ән үйрене бастады. Байрам деген бала менің «Сағыныш» деген әнімді айтып жүр… Рысбай ақсақалдың сол әні:

Сәлем хат жолдап тұрмыз қазақ елге,

Кір жуып, кіндік кесіп туған жерге.

Дәм айдап біз кеткелі көп жыл болды,

Жүр ме екен, сәлемет-сау аға-жеңге.

Ел едік, Сарыарқаны жаз жайлаған,

Қыс көшіп Маңғыстауға мал айдаған.

 Шілдеде Шыңыраудан қой суарып,

Басында тас астаудың құраулаған.

Осылар бала кезде көргендерім,

Әкемнің соңына еріп жүрген жерім.

Тақырда балалармен асық ойнап,

Тамаша көп қызықты көрген жерім.

Бұл күнде алыс жерге кеттік басып,

Айырылып бөтен жұртқа кеттік асып.

Дәм тартса құдіретке не шара бар,

Алланың бұйрығынан болмас қашып.

Қайыр қош, аға, жеңге, қарындастар,

Рысбай осылай, деп сөзін бастар.

Ағайын еске түсіп, сағынғанда,

Өлеңді бір-екі ауыз айтып тастар.

Баласы Жасекеңнің Рысбаймын,

Мен өзім теріс іске болыспаймын.

Құрбылар «өлең айт» деп ортаға алса,

Бұлттай жауатұғын құрыстаймын!

Ән терме түрінде еш қайырмасыз сырғи береді. Енесінен айырылған қозыдай шерлі үн қатады. Мырзатайдың сөзі рас, осындағы он мың қазақтың ішінде қазір біздің замандасымыз дерлік не ақын, не әнші, композитор атымен жоқ. Иранда алпыс екі жыл ғұмыр кешкен бейбақтар бәрінен айырылған – әні жоқ, күйі жоқ, жыры жоқ… Тек ескілікті кісілер ғана – бұл ағайындардың көңілашар жұбанышы. Рысбай Жармағамбетовтың осы «Сағыныш» әні болмаса, он мың Адайдан бірде-бір ән таппай, нейбет қайтар едік.

Сол сапардан кейін Горгон мен Бендер-Түрікменде әңгіме-дүкен құрған қариялардың ішінде ескі жырау Жаңбыр ақсақалдың «Құдай-ай, Қашаған ақынның «Домбыра» толғауын білетіндерден тірі пенде қалмады-ау. Баяғыда бір байғұс жыршы  еңіреп отырып айтушы еді. Ол да о дүниелік енді. Күйбең тірлікке итше жегілген біз сияқты бейбақтар кезінде оның бізге қандай демеу, дәрмен болған қадірін білмеппіз. Тек күрсіне тыңдай жүріп, текке күн өткізіппіз. Үйреніп ала алмаппыз. Қашағандай ақынның шын өлгені осы екен!» деген сөзі де жүрегімді сыздатты да жүрді.   

1999 жылдың шілде айынның жиырма тоғызы… сол күні Алматыда біздің үйге Ислам Жеменей деген жігіт келді. Оны сырттай білетін едім. Біз болған Горгон қаласындағы Ақмұрат ақсақалдың  үлкен ұлы. Ол өзі – тіл маманы, әрі экономист ғалым. Біраз жылдан бері Алматыда тұрады. Өзінің кейбір саяси көзқарастарына байланысты Ирандағы елі, өзінің отбасы – жан-жары, бал-шағасына бара алмай жүрген диссидент. Шет елдерде оқып, көп білім алған. Дүние танымы кең, ой-өрісі терең, мәдениеті биік, имандылығы зор, сергек сезімді, ақылды, тоқтамды азамат. Мен Иранда жүргізген фольклорлық-этнографиялық зерттеулер негізінде профессор Тұрсынбек Кәкішов, және журналист-кинооператор Қоянбек Ахметовпен ақылдаса отырып, бірнеше серия телехабарлар берген едім. Ислам Жеменей соны көріп, дән риза боп жүр екен. Ислам екеуіміз емежарқын шүйіркелестік. Ол Ирандағы қазақтардың мен білмейтін біраз хикаясын айтты. Сол күннен бастап екеуіміз жиі кездесуді әдетке айналдырдық. Мен оған екі сөздің бірінде Қашаған ақынның «Домбыра» толғауын қайта-қайта тілге тиек етем. Ал, бір жолы ол маған бір аудиокасета әкеліп берді. Сол сәттегі қуанышым! Ондағы орындалған ән-жырлар мен күйлер 1940 жылдары Тегеран радиосының фонотека қорына жазылыпты. Жүрегім діріл қақты. Көкейде – «Домбыра» толғауы! Есіл-дертім – сол ғана. Қолым қалтырап тұрып магнитофонды іске қостым. Пленка сырылдай бастады. Ескірген. Жазылу сапасы да онша емес. Айтушының бір сөзін ұғып болмайды. Демімді іштен алып, үнім шықпай тыңдаймын кеп. Сол ән-жырлардың ішінен Маңғыстау елінің «Жиырма бес», «Ақ қылаң» деген байырғы халық әндері… олардың сөзін қадалып отырып, зорға жазып алдым. О, тоба-а! Ендігі бір сәтте Қашаған ақынның «Домбыра» толғауы шыға келмесі бар ма! Қашағанның «Домбыра» толғауы! Өз әуезімен! Басынан аяғына дейін Ахмет Жұбановтың нұсқасынан онша ауытқымайды. Кейбір сөздер, жолдар, шумақтар әуеннің айтылу ағынына, ығытына  қарай өзгешелеу жүреді. Мысалы, Ахмет Жұбановта:

Жәннеттен шыққан төрт қылыш,

Айтқан сөзім бек дұрыс.

Сол төрт қылыштың атын айтайын:

Бірі болар – Зұлпықар,

Бірі болар – Зұлқажжа,

Бірі болар – Хамсот,

Бірі болар – Хамсос.

Сол төрт қылышқа

Қап болған да бұл ағаш.

Батырлардың қолында

Найзасына сап болған да бұл ағаш, 

– деген жолдар менің қолымдағы пленкада:  

Жәннаттан шыққан төрт қылыш

Айтқанда сөзім дұп-дұрыс.

Төрт қылышты тізіп айтайын – 

Біреуі болар –  Зұлпұқар,

Біреуі болар – Зұлқыжа,

Біреуі болар – Қамсоған,

Біреуі болар  – Қамсуыс.

Садақ, қылыш қынабына

Қап та болған бұл ағаш.

Батырлар жауға шапқанда

Шұбарала ту ұстап

Найзасына сап болған, 

Сап болған да бұл ағаш!

– деп қазбалай төгіледі. Иә, мұндай өзгешеліктерді көбіне  кейінгі жыршылар жасайды. Өйткені, ол – ауыздан ауызға тарайтын фольклорлық мұра. Бұл толғау бүгінде менің  фонотека қорымда. Әр кез тыңдаймын.  Санамда «Домбыра! Құрманғазы!» деген екі сөз жалындап ұрады да тұрды. Домбыра мен Құрманғазыны кінәлап, даттауға Есқалидай  ақылсыз сұпының дәті барған сұмдық, бұл.

Дүмше-дүмше, ал, осы домбыраны өмірінің кәсібі, бар мұраты еткен жандардың арасында да саяз ойлы пендешілік болады, деп кімнің қаперіне келген. Тап осы жерде есіме сонау 1933 жылы Алматыда музыкалық драма техникумының Ахмет Жұбанов басқарған фольклорлық кабинетінде Ленинградтан арнайы шақырылып келіп, енді ғана қызмет ете бастаған   композитор  Евгений Григорьевич  Брусиловский мен әйгілі домбырашы Махамбет Бөкейханов  арасындағы бір керқисаң әңгіменің түскенін қараңыз. Махамбет  Бөкей Ордасында Дәулеткерейдің  ойлы-күйлі, терең толғанысты, сырлы лирикасын  мансұқ қып, сол дәстүрде домбыра шерткен өзінше бір сирек бітімді дала дүлдүлі еді. Брусиловскийдің былай деп жазғаны бар: «Мен – жолым өте сәтті болған жанмын. Мен Махамбет пен Науша  Бөкейхановтармен, Қали Жантілеуовпен, Уақап Қабиғожинмен, Дина Нұрпейісовамен, «Ақсақ құлан» және «Алты қаз» сынды күйлерді  орындай білетін дара саңлақ  – Қамбар Медетовпен, шалғай  ауылдарда  халық   музыкасын,  өздерінің  керемет  бабаларының жазу-сызусыз қалдырған шығармаларын қасиеттеп келген көптеген басқа да домбырашылармен танысып үлгердім.» Осы айтулы домбырашылардың ішінде Махамбет Бөкейханов Брусиловскийді өзінің  өзгеде жоқ тосын мінезімен бір сүйіндіріп, бір күйіндірген адам. Бұған дейін  Брусиловский Затаевичтің Құрманғазыға берген бағасына қайран қалып, онымен іштей келіспей жүретін-ді. Онысын кейде Ахмет Жұбановқа ашық та айтатын-ды. Алматыға келген аз уақыт ішінде терең  білімді композитор Құрманғазыдай «Дала Бетховенін» танып-біліп үлгеріп еді. Сондықтан, ол Құрманғазы хақында қандай мықтымен болса да пікір таластырып, тіпті, болмай бара жатса дауласа да кетіп, қайткен күнде де жеңіп шығатынына  сенімді еді. Брусиловский үшін Құрманғазы – күй Қағаны еді! Ахмет Жұбанов та оның осы түсінігіне сүттей ұйып қалған-ды. Ол да Махамбет Бөкейхановтың Құрманғазы төңірегінде жөнді-жөнсіз айта беретін оғаш сөздерін білетін-ді. Оны талай естіп, «Аруақпен ойнамаңыз, Маха. Басқа басқа, дәл сіздің ауызыңыздан шығатын сөз емес, бұл. Құрманғазы – күй әулиесі. Әулиемен ойнамас болар, киесі бар!» деп талай таусыла сөйлегені бар. Махамбет болса ондай сәтте бір кінәлі боп қалған жандай балаша томсырайып, жөн уәжден ұялғандай қысылып, үндемей құтылатын-ды. Ал, бірақ, Бусиловскийге күйлер жаздырғанда өзінің ұлы ұстазы Дәулеткерей – Бапасты жер-көкке сиғызбай мақтап, Құрманғазыны «ұры-қары» деп даттай беретін-ді. Затаевичтің Құрманғазы жөніндегі солақай  түсінігі осындай сөздерден қалыптасқан-ды. Брусиловский Махамбеттің Құрманғазы төңірегіндегі алып-қашты  қисық-қыңыр әңгімелерін төзіммен тыңдай жүріп, бір жолы одан «Маха, сіз осы қай рудансыз?» дегені бар. Махамбет бұл сауалға жаны кіріп, көзі жұлдыздай жайнап, кере қарыс маңдайы қоладай жарқырап, пешенесі жазыла түсіп: «О, Евген Горш, біз – Дәулеткерей екеуіміз – Төре  тұқымынанбыз!», – дейді. Қазымыр ойлы Брусиловский істің мән-жайын енді ғана байыптағандай болады. Бәрі түсінікті. Қазақтың сүйегіне сіңген рушылдықтың салдары, бұл. Құрманғазы болса басқа ру – Қызылқұрттан. Ол – Он екі ата Байұлының бір іргелі атасы. Төрелер болса өздерін қазақ халқын «билейтін ақсүйек» деп біледі. Қызылқұрт секілді рулар сол ақсүйектерге қызмет ететін қара халық боп есептеледі.  Дәулеткерей ру басы болған елдердің ішінде Қызылқұрт руы да бар еді. Махамбет Бөкейханов Құрманғазы күйлерін тартуын тартады, бірақ, әлгіндей өктемшіл мінезбен оған исініп, иілмейді.  Брусиловский осының бәр-бәрін қағаз бетіне қаз-қалпында түсіріпті: «А.В.Затаевичтің кітабы әдеби тұрғыдан зор шеберлікпен жазылған және онда қызғылықты мінездемелер келтірілген… «500 ән» жинағынан мен «Құрманғазы – баукеспе ұры» деген сөзді оқыдым. Затаевичке Құрманғазы  жөніндегі  мұндай  мінездемені осы Бөкейхановтың өзі бергенін алдын ала біле тұрсам да, мен осы мінездеменің растығын тексермек ниетпен, бұл жайында не айта алатынын Махамбеттің өзінен сұрап көрдім. Ол не деді? Затаевичтің жазғанын Махамбет толығымен растады. «Құрманғазы жылқы ұрлаған» деді  Махаң. «Түрмеде отырған. Аттан түскен кезі болмаған. «Ұстап алады» деп қорыққан. Домбыраны керемет тартқан. Одан өткен домбырашы болмаған. Бірақ, сабалап, домбыраның төсін ұрғылап, дөрекі ойнаған. Ал, мен Бапастан үйренгем, ол: «Домбыраны төсін ұрғыламай, жұмсақтап тартқан оңды», – дейтін. «Домбыра киіз үй үшін жаратылған» дейтін Бапас. «Киіз үй ішінде домбыра үні жақсы шығады, ойнап отырғаның да, ойнамай отырғаның да – бәрі естіледі, саусағыңның арасындағы сусылға дейін естіледі… Ал, Құрманғазы киіз үйде отырмаған, ол түрмеде отырған. Онда домбыра үні онша шығыңқырамайды, бәсең естіледі, сондықтан да ол домбыраны сабалап, ұрғылап ойнаған…»    

Әңгімесін тамамдай келе Махамбетке мен бұдан былай Құрманғазыны «баукеспе ұры» деп бағаламайтынымды, (бұл жерде мен қарапайым халық – жалпы оқушы үшін «түсінікті болар», деп нашар аударманы қаз - қалпында  келтіріп отырмын. Дәл осы тұсты Брусиловскийдің өзі өте жақсы айтқан. И.Ж.) оны «ізгі жанды, білімді, әрі асқан дарынды домбырашы» деп санайтынымды, яғни Бөкей ханның туысы Дәулеткерей Шығаевпен салыстыруға болмайтынын білдім. 

Менің көз алдымда ендігі жерде ол от жүректі, өжет те қайсар, бұла мінезді күрескер, бүлікші, астындағы аты мен қолындағы домбырасынан өзге дәнеңесі жоқ кедей…Орал,  Гурьев  пен  Астрахань сынды атырапты шарлай жорытқан беймаза саяқ, абақты атаулыны адақтаған, жеңілмейтін асқақ тұлға, дарынды музыкант кейпінде елестей берді. Иә, осы уақытқа дейін айтылып келген қауесеттерге қарамастан, асау дарын – Құрманғазының революцияшыл-демократияшыл шығармашылығын дәріптей жыр төккен тұңғыш «Ақын» мен болдым. Содан бері Құрманғазы қазақтың дарабоз халық күйшісі, демократиялық бағыттағы хас шебер, домбырашылардың бүкіл бір мектебінің «Ұлы ұстазы» деп жарияланды. Енді қазір оны «баукеспе ұры», «жаман адам» деуге кімнің ауызы барады?»

   Жә, зипа бойына мұндай-мұндай пендешілік дарымайтын Құрманғазы ол! Құрманғазы бәрінен биік, бәрінен бөлек, бәрінен терең! Дара құбылыс! Ол қазақтың қара домбырасының рухын асқақтатты. Ол шерткен домбыраның қуатты күші сол - кейінгі ұрпақ оның есімін әлемдік музыканың ұлы құдіреті – Моцартпен қатар атап, отты күйлерін серпіп, концертке шығады. 

Домбыра! Тәңір сөзіндей бір анық нәрсе – қазақ пен домбыра бірге жаратылған! Домбыра – қазақтың жаны мен жүрегі. Домбыра – демі мен лебі. Домбыра – шаттығы мен қайғысы. Домбыра – мінезі мен жаратылысы. Домбыра – қуаты мен айбары. Домбырада қазақтың қаны тулайды. Қазақ…домбыра… Бұл екі құдіреттің бағы мен соры бір.

Домбыра – атамзаманғы өнер ескерткіші. Археологтар оның суретін күн қақтаған кәрі таулардың тарғыл тастарының бетінен көреді. Өте ескі Соғда, Қойқырылған қалаларының астында екі мың төрт жүз жылдай жатқан тас  мүсінде  де домбыра суреті бейнеленген.

Атақты жиһанкез Марко Полоның Ұлы Татарияға жасаған саяхаты жөнінде жазылған ғажайып еңбектеріне үңілгеніңіз бар ма? Сонда  қазақтың домбырасы жайлы  мынадай сөз бар: «Татары не смеют  начинать битвы, пока не забьет накар их предводителя; как только он  забьет,  тут они  начинают битву. Есть у татар и такой обычай: когда они  изготовливаются и ждут битвы, прежде, нежели накар забьет, поют они и тихо играют на двух струнных инструментах; поют, играют и веселятся, поджидая  схватку… просто удивительно, как хорошо они  пели и  играли.» (Книга Марко Пола «О разнообразии мира». Алматы, «Наука», 1990, 194 стр.) Байтақ ұлыс сарбаздары  сұрапыл шайқас сәтін күтіп, майдан дабылын қағатын дауылпаздар мен барабандардың жер солқылдата гүрсілдеген зор үні естілмес бұрын, жойқын дауыл алдында ішін тартып тына қалған тұңғиық дүниедей мүлгіген бір тылсым тыныштықта жан – жүйені өбектейтін домбыра әуезіне ден қояды. Өздерін сабырлы ұстап, ойлана толғанады. Тоқтамды, табанды, берік болуды тілеп, іштей ширап, бекініп, қаһарланып, күшейіп отырады. Қандай керемет көрініс, бұл! Домбыраның дәл осы сәттегі сиқырлы күшін буынсыз тілмен бейнелеп жеткізу еш мүмкін емес.

…Менің құлағымда Бетбақдалада жосылған құландардың дүбірі дүрсілдейді. Сағым ойнаған сары жазықта соңында анда-санда бір уыс шаң бұрқ еткізіп, жұлдыздай ағып барады, олар. Алтын жалды тұлпар үстінде көзі жақұттай жанған Ер Жошы! Алтын жебесін сағымға ілдіріп, құралайды көзге атқан Ер Жошы! Әне, ол ақ күміс үзеңгісіне шірене беріп садағын тартты. Жыландай ысылдаған жебе дік етіп қадалған құлан омақаса құлап бара жатып, жалт беріп өзіне  атылды. Ер Жошы жер құшып жатты. Иен дала азынап кетті... Ақ Орда  төрінде алтын тақ үстінде  кәрі емендей теңселіп Шыңғыс хан отыр, аза тұтып. Ер Жошының оқыс өлімін тірі пенде естірте  алар емес. Қара ормандай қайысқан қалың жұрт қоғадай жапырылып, теңселе  үһілейді. Сол нөпірдің ішінен сақалы беліне түскен бір қайратты қарт бас көтерді. Бойы теректей тіп-тік. Бағаналы Найманның ұлы абызы  –  Кетбұғы! Қолындағы домбыра:

Теңіз түптен былғанды,

Кім тұндырар, ей, ханым?

Терек түптен жығылды,

Кім тұрғызар, ей, ханым? – деген сөзді безектей қостап,  «Ақсақ құлан» күйін төкті. Жүрегі тілім-тілім Шыңғыс хан сығыр көзінен жас емес, қан аққандай солықтап:

Теңіз түптен былғанса,

Тұндырар ұлым – Жошы-дұр!

Терек түптен жығылса,

Тұрғызар ұлым – Жошы- дүр!  –  деп домбыра үніне бас иді. Бұл – он екінші ғасыр…

   Тағы бір сәтте менің көз алдыма Ақтөбенің Қобда жақ бетінде Асанқайғының батыр ұлы Абақ Байтақтың еңсесі зор қызыл күмбезінің батыс жағында бағы замандық  балбал тастағы домбыра суреті келіп тұра қалады. Бұл  – он төртінші, он бесінші ғасыр…   

Домбыра – қазақтың ежелгі  жан серігі! Құрманғазыға дейін неше ғасыр бойы шертіліп келеді, ол. Қандай-қандай қилы заманнан өткен  ол.

  Домбыра   Құрманғазы  қолында адамның ақыл-ойы жете бермейтін фантастикалық  аспапқа айналды. Паганини скрипкаға қандай рух берсе, Құрманғазы домбыраға сондай құдіретті рух берді. 

Құрманғазының болмысына емін-еркін енген Евгений Григорьевич Брусиловскийдің: «Это был исключительно талантливый, смелый, плодотворный композитор. По праву  он должен считаться  одним из величайших композиторов… Когда слушаешь, например, «Серпер», слышишь, как Қурмангазы хочет выйти из пределов его домбры,  хочет развернуться, но домбра не в силах выполнить все то,  что  хочет этот горячий, напорисый человек, и сыпятся параллельные  секунды (чего ни в каких других кюях не встретишь), меняются ритмы, все  кипит, и кажется нет выхода неуемной энергии и силы Курмангазы. Вообще, мне кажется, что нет почти ни одного более или менее значительного  события в  жизни Курмангазы, на  которое он не отозвался бы как композитор, память о котором он не запечатлел бы в музыке. Курмангазы очень  любит токкатный, очень  динамичный стиль. Его «Серпер» («Порыв») или «Сарыарка» («Золотая степь») – это  подлинно симфонические  произведения» деп бағалауын   музыка мамандарының  ешқайсысы айтып көрген жоқ! Оған өресі де жетпеді.

Домбыра отызыншы жылдардың бас кезінде Ахмет Жұбановтың ұйымдастыруымен (әуелі он екі, он үш адамдық аспаптық ансамбль)  қазақтың Құрманғазы атындағы Мемелекеттік  ұлт аспаптар  оркестрі боп құралып, күйден бастап, Моцарт, Бетховен, Брамс, Глинка, Чайковский, тағы басқа да Европа және әлемдік музыканың  інжу-маржанын классикалық деңгейде орындай бастағанда күллі Азия халықтарының музыкалық аспаптарының ішінде өзге-өзгені былай қойғанда домбыра үнінің   кеңдігі, тереңдігі, биіктігі өзінен  екі-үш ғасыр  бұрын дамыған елдердің  композиторлары мен музыканттарын таң-тамаша қалдырды. Осы оркестрге  кең тыныс беріп, үнін қоюлата зорайтқан домбыраға кешегі бір күндері  қиянат та жасалды.  Домбыраны жетілдіріп, оның әшекейі мол үн бояуын байытқан Ахмет Жұбановтың тамаша тәжірибесін тәлкек қып, жазғырған  жандар да болды. Есіл ғалым домбырамен қоса өзі де запа шекті. Оны  қазақтың өскен, өнген зиялы қауымы жақсы біледі. Кейін сағын сындырған сол келеңсіз жай жөнінде музыка маманы  Бисенғали Ғизатов орыс тілінде шыққан «Академик Ахмет Жұбанов» атты кітабында ғалымның: «Демонстрация домбры на коллегии Наркомпроса республики ошеломила всех присутсвующих. Особенно бурно аплодировали те работники Наркомпроса, которые незадолго перед этим смеялись над нашей  затеей, считая домбру инструментом, не поддающимся усовершенствованию, обреченным на отмирание вместе  с отмиранием феодализма, поскольку – де, она, домбра, была «идейным отражением феодального уклада жизни» деген күйінішті сөзін келтіреді. Ахмет Жұбанов домбыра үшін мұндай  қорлыққа талай рет күйді. Сондай нақақ күйзеліске салған жанның бірі – Қазақстан компартиясы орталық комитететінің идеология хатшысы болған Жанділдин еді. Бірде мен «Жас Алаш» газетінің бетінен (7-қараша, 2002-жыл.) атақты суретші Сахи Романовтың сұхбатынан мынандай жолдарды оқыдым: «Кеңестік дәуірде Жанділдин деген кісі: «Домбыраның бізге керегі жоқ, ол ескірді, бәрі пианино, скрипка ойнауы керек» деген. Одан бері  30 жыл өтті, ол кісі қазір жоқ, ал, домбыра бар.»

 Мен Атырау теледидарында (2003-жыл) «Жыр сандық» циклы бойынша ескілікті жыршыларды тауып, насихаттай бастадым. Тарихы, тағдыры, ғибраты бар көсем сөзді ойлы жырларға жұрт әбден сусаған екен. Жыр білем дейтіндер бірінен соң бірі хабарласып, таныса бастады. Бір жолы маған Тұрлан Бисембаев есімді жыршы жігіт келді. Ізетпен сәлемдесіп, шүйіркелесе сөйлесіп отырғанда ол өзін сондай жылы  сезіммен еркін ұстап, домбырасын балбырата шертіп, «Ер Махамбет бабамның 200 жылдық тойына байланысты өткізілген жыршы-жыраулар конкурсінде айтқан өзімді таныстыру сөзім еді» деп толғай жөнелді:

Бісмилла,  деп әуелі 

Домбырамды қолға алам

Бір азғантай толғана-ай!

Жиналып келген әлеумет

Тыңдасаңыз құлақ сап

Белгілі Тұрлан жорғаны-ай!

Қаршыға жемін іле алмас

Қанаттарын қомдамай

Алдарыңда жыршыңыз

Жырдан мүсін сомдады-ай

Әруақты бабам Махамбет

Екі жүзге толғанда

Шыдаймын қалай толғамай!

Халқы үшін қан кешіп,

Еділ үшін егесіп,

Жайық үшін жандасып

Артыңда даңқың қалғаны-ай!

Хан мен биге өштесіп,

Әділет туын көтеріп,

Әлсіздің болдың қорғаны-ай!

Бүгінгі мерей тойыңа

Ұрпақтарың жиналып

Жырларыңды толғады-ай!

Домбырамды қолға алып,

Топқа түстім Ер Баба

Әруағың қолдағай!

Жиылып келген халқым-ай

Осындай қуаныш үстінде

Шыдаймын қалай шалқымай!

Ер Махамбетті еске алып

Мерей той жасап жатырмыз

Ұмытпай ата салтын – ай!

Халық қазанын қайнаттым

Қолымның қане күйесі

Жерім жоқ түскен талқыға-ай!

Елі үшін егескен

Ер Бабам еске түскенде

Шыдаймыз қалай толқымай!

Ал, енді мына өзімді

Таныстырып кетейін

Жиналған мына халқыма-ай!

Тұрлан жыршы атандым,

Наурызбектен бата алдым.

Қалдырмадым көңілін,

Үлкен-кіші, қатардың.

Руымды сұрасаң-

Байұлының ішінде

Сегіз  арыс Адай-ды!

Бұл күндері болғанда

Домбырамен жыр айтып

Аралап жүрмін талайды.

Адайдың екеу баласы

Келімберді, Құдайке

Ешкімнің жоқ қой таласы,

Құдайкеден туыпты

Тәзіке мен Қосайым.

Қосай атам әулие

Атын жырға қосайын.

Келімберді атамнан

Алты бала туыпты.

Белгілі болып еліне

Ата жолын қуыпты.

Біртіндеп айтып берейін –

Мұңал менен Тобышты,

Балықшы менен Жеменей,

Ақпан мен Құнанорысты.

Осылай, деп толғадым

Айтқан сөзім дұрыс-ты.

Осындай дуды көрмесем

Арқаларым құрысты.

Ер Махамбет тойына

Домбырамды қолға алып,

Бастадым бүгін бір істі.

Келімберді ішінде 

Руым менің – Тобыш-ты!

Тобыштың екеу баласы –

Ораз бенен Бегейім.

Оған жақын келейін

Қаумалап халқым келгенде

Бүлкілдесін көмейім.

Құлақты салып тыңдасаң

Жыр нөсерін төгейін.

Ораздан туды екі ұл –

Жайық пенен Шегемім.

Жайықтан туды Әлмәм бет

Ізінде сардар көп жендет

Белгілі болды еліне

Тыңдасаңыз әлеумет,

Айтайын сөзді мен жөндеп.

Әлмәмбеттен туыпты –

Табынай мен Зорбайың,

Баубек, Қожа, Шоңайың.

Осы бүгін жыр айтып

Халқымның көңілін табайын.

Зорбайдың бесеу баласы-ай,

Біртіндеп айтып өтейін,

Көңіліне халқым ұнаса-ай.

Төлеке, Құл, Өтеғұл,

Жанай менен Тоқабай-

Зорыбайдан туған бұл.

Төлекеден туыпты –

Қамысбай мен Күмісбай,

Қаржау менен Доралым.

Әрі-бері сөйлейін

Тұрғанда баста оралым.

Төлекенің ішінде

Руым менің-Қамысбай.

Талай жерде жыр айттым

Жыршылардан қалыспай.

Бұл күндері болғанда

Тұрлан жыршы атанып.

Дабысым кетті алысқа-ай.

Осылай, деп жыршыңыз 

Халқына  жырмен танысты-ай!

Осынау мына халқымнан

Жасырар қандай сырым бар?

Әрі-бері толғасам

Таусылмайтын жырым бар.

Ноғайлыдан айтар дастаным:

Қази менен Қарасай –

Қанды Орақтың баласы-ай!

Қысқа күнде қырық шапқан

Ораққа кімнің шамасы-ай!

Сатыбалды баласы –

Асау – Барақты жырлаймын

Көңіліне халқым ұнаса-ай.

Алқалы жерде жатқа айттым –

Қашаған, Нұрым, Ақтанды

Халқымды жырға қандырып

Түнімен жыр айтқанда

Қарсы алдым талай ақ таңды.

Әбубәкір Кердері,

Тұрмағамбет, Нартайдың

Жырларын халқым есітіп

Көңілдері шаттанды.

Айта берсем жырым көп

Деп, жүрмеңіз тағы да

Жыршыңыз мына мақтанды.

Көкірекке құдай құйған соң

Сөз асылын құрадым

Емес қой бұл сөз жаттанды.

Мерекеде айттырып

Жырымды халқым мақтадың.

Талай жерде жүлде алып

Үмітін елдің ақтадым.

Махамбет пен Ығылман

Жырларын тоқып көңілге

Көкіректе сақтадым.

Махамбет бабам тойына

Таныстырып өзімді

Осылай сөзді саптадым.

Дуды көрсе жұлқынған

Мен – басы қатты ақтабан

Екпіндей барып тоқтадым.

Міне, Тұрлан жыршы! Ол Түркменстанның Ташауыз обылысы, Тақта ауданындағы Измухшир ауылында   1950-жылы (15-қаңтар)  туған. 1956-жылы  тұрмыс  тауқыметімен Қарақалпақстанның  Қоңырат ауданына қоныс аударыпты. Осында оқыған. Әрқилы жұмыстар істеген.  Ақтөбенің мәдени-ағарту  училищесін  дирижерлық бөлімі бойынша  бітіріп шыққан. Домбыра, баян, гитар   тартады. Ағаштан түйін түйген ұсталығы бар.  Зергер де.  Қобыз бен домбыраның түр-түрін, әсіресе, домбыраны тұтас ағаштан ойып, өрнектеп, әшекейлеп жасайтын  Адай шеберлерінің үлгісін ұстануы таң-тамаша етіп қиялыңды қозғайды. Тұрлан жыршымен осылайша танысып, сырласа бастап, бірде мен оған «Қашаған ақының «Домбыра толғауын» білесің бе?» дедім. Қаршығадай жұтынған ілкімді жігіт іркілген жоқ, көзі жайраң қағып, біраз шумақтардың басын қайырды. Ол бұл толғауды толық біледі екен. Менің де көп  уақыт ішқұста боп іздегенім де осы еді. Бұл нұсқаның әуезі Қашағанның өзі… және  Маңғыстаулық жыршылардың, сондай-ақ, Ирандағы қазақтарда сақталып, менің қолыма тиген нұсқалардың әуезінен өзгешелеу екен. Бақсам, ол – Тұрлан жыршының өз әуезі боп шықты. Тұрлан мен екеуіміздің арамызда әңгіме-сұхбат тереңдей берді: – Мен жыршылықты жиырма үш жасымнан бастадым. Оған дейін  домбырамен ән айтып, күй шертіп жүрдім. Ал, жыр әлеміне енуім –бұл  – 1974-жылдың жаз айы еді. Бірде біздің үйге  сол өзіміздің Қоңыраттағы белгілі  композитор жігіт Жеңіс Естілеуов пен  сол кездерде  әйгілі жыршы Науырызбектің талантты шәкірттерінің бірі Төребай жыршы келе қалды. Осы кездесу үстінде  Төребай шалқып отырып: 

Тыңдасаң түрлі асыл тасты айтайын,

Қаламдай қиылған бір қасты айтайын.

Ағалар, құлақ салып тыңдасаңдар,

Әкеден жасқа жетпей жетім қалған

Тыңдасаң Төребайдай жасты айтайын, – деп термешелеп төгілтті.

Сол сәтте өз тағдырым есіме түсті. Мен де әкеден  ерте айырылдым. Жүрекке шер-шемен боп қатқан осы құса мені де қозғап жіберді. Бір күндері бірте-бірте тіліме  небір дүррі гауһар  сөз тізбегі  ілінейін деді. Мен Төребайша жырлағым келіп, оның өнеріне құлай беріліп, әуеніне  түсе бастадым. Домбырамен терме, толғау, жыр айтуға дендеп кірістім. Не құдірет билегенін білмеймін, мені бірден  Қашаған ақынның жырлары баурады. Әсіресе, оның  Есқали сұпыға айтқаны, яғни, домбыраны  ардақтаған  айтулы толғауы мүлде есімді алды. Мен оны жаттап айтқан сайын жырға зерек  зерделі жандар «бұрынғы ешбір жыршыда жоқ  өз әуені» деген ілтипат  та сездірді.

– Дәл осы бір кездерде Қарақалпақстан, Түрікменстан, Өзбекстанның Бұқара төңірегін сел-сел жырға бөлеген Науырызбек жыршы өзіңді тыңдады ма?

– О, Науырызбектің  алдын көру дегеніңіз… Науырызбек біз үшін  қол жетпейтін бір құдірет… не пір… біз болсақ енді ғана талпынып, әркімнен  жыр үйреніп  дегендей… жалтақпыз… жасқаншақпыз…  Науырызбектей ірі жыршыға  жақындай алмадық.

– Ел ішінде әріден қозғасақ,  Науырызбекке дейін де басқа жыршылар болды ғой.

– Әрине. Бұрынғы өткен – Қарыз, Мәулімберді, Қасабай, Қалым, Бегім жыраулар бүгінде аңыз. Біз олар түгіл Адай Сүгір, Табын (Жолый) Жақсылық, Төребай, Қумолда (Тілеумағамбет), Шөмекей Мұратбай, Шереке, Әбдімұрат, Кете Қайролла, Төртқара Теңізбай, Маспатша сияқты жыршылардың көзін көре алған жоқпыз. Ал, лебізін тыңдап, ұстаз тұтқандарымыз – Ерқожа, Қартпай жыршы. Қартпай 1979-жылдары елуді қусырған жан. Ол ескілікті жырларды көп білді: «Едіге»,  «Нұрадин», «Орақ-Мамай», «Қарасай-Қази», «Құлыбек», «Мәлікше» дастандары, Нұрым мен Кердері Әбубәкір, Сүгір мен Сәттіғұлдың, есімдері белгісіз Адай мен Табын ақындарының  айтысы, «Әнес Сахаба» діни шежіре-дастаны… бұдан басқа көл-көсір жыр толғауларында қисап жоқ еді. Ол кісінің қолжазбалары да көп болатын. Ел алдына шығып жырлағанда  жырдың ең қиын, ең әдемі  иірімдеріне дауысы онша келе бермейтін-ді. Сол себепті жұрт оны онша елемейтін де. Ал, көп жыршы Қартпайдың  тереңдігіне бас иетін-ді. Мен оның  қолжазбаларынан үйрендім.

Қартпайға қоса – Алдаберген, Бағымбай, Төребай, Әскербай… өзім үлгі алған жыршылар осылар еді.

– Ал,  Науырызбек жыршымен  кездесе  алдың ба?

– 1979-жылдың ақпан айы… Қарақалпақстанның Шоманай ауданы Қарабайлы ауылында бір үлкен сүндет тойы болды. Палуандар күресі, ат бәйгесі… түрлі ұлттық ойындар дүркіреп жатты. Осы тойда дүйім жұрт алдында Науырызбек жыршы жырлады. Дуылдасқан бір үзіліс арасында  жора-жолдастарым ебін тауып, мені Науырызбек жыршымен таныстырды. Қаумаласқан қалың жұрт қоштап, Науырызбек те  пейіл білдіріп, мені  ықыласпен тыңдады. Шамасы бір жарым сағат жырладым. Терме, толғау, ақындар айтысы… соның ішінде Қашағанның  Есқали сүпыға айтқаны бар, біраз жырды  төгіппін. Мен сол күннен бастап Науырызбек жыршының шәкірті боп соңынан ердім. Бәрі есімде, мен бір жыл бойы  Науырызбек жыршыға ілесіп Бейнеудің арғы тұсы – Қарақалпақия, Жаслық, Нөкіс, Тақиятас, Қожелі Түркменстанның Ташауыз, Шаржау, Көне-Үргеніш қалаларын аралап, жыр жырладық. Науырызбектің үні  ашық тенор еді. Саусақтарының кемдігіне қарамай домбыраны өте әсем шертетін-ді. Оның мақамдары  өзінен бұрынғы жыршылардан өзгеше, әрі  тартымды еді. Мысалы, мен Қартпайдан  жырлардың тоқсан толғаулы сөз жүйесін алсам, Науырызбектен  жырдың бұлбұл үніндей сүйкімді әуезін алдым. Біздің Қарақалпақстандағы ел  «мақам», «әуез», «әуен», «сазы» дегенді «терме жолы… жыр жолы» дейді. Яғни, бұл  – мелодия, мотив деген сөз. Әлбетте, мен тек  Науырызбектің мақамымен ғана шектелгем жоқ, жаңа жоғарыда аты аталған жыршылардың да  әуездерімен жырлап келем. 

Тұрлан жыршының репертуары мейлінше кең. Оның  осы ұлан-ғайыр дүниелерді жаттап есте сақтауы, жырлап отырғанда оқиға желісіне орай мың құбылып, әртүрлі мақамға басып, көз алдыңда құдды бір дала операсы жүріп жатқандай тыңдаушыны өзіне еліктіре тартуы бағы замандық жыраулар мен жыршылардың құдіретті келбеттерін еске түсіретін,  табындыра  таңғалдыратын бір таңғажайып құбылыс. Бізге сонау көне дүниенің   ұшан-теңіз жырларының қалай жеткенін осы Тұрлан жыршының сирек жаратылған болмысынан аңғаруға болады. Мен  оны бір ай бойы сүйсіне тыңдап, Атырау теледидарына  көп бөлімді сериал етіп түсірдім. Жұдырықтай ғана жүрегіне ұялаған жыр, толғаулар, айталық,  батырлық жыр-дастандардан – «Қарасай-Қази», бұл айтулы жырдың бізге беймәлім мүлде басқа түрі. Қалмақтармен бітіспес соғыстың бір жанды көрінісі ешкім жырлап көрмеген «Асау-Барақ» жырында  өте тебіреністі суреттеледі. Оны да басқа жыршылар білмейді. Бұған Махамбет Өтемісұлының 200 жылдық тойының қарсаңында   Атырауда өткен  жыршы-жыраулар конкурсында анық көз жеткіздім. «Жыршымын» деп кеуде қаға келгендердің біразы сұлбасы бұзылмаған, тұп-тұтас, аса көлемді де  сүбелі жырға түскенде білетін сөздерінен жаңылысып, ұзақ сілтеуге дәрмені жетпей, келте қайырып, эпикалық кең тынысты көрсете алмады. Ал, осы уақытқа дейін ел ішінде бойын жасырған тұлпардай елеусіз ғана жүрген Тұрлан жыршы эпикалық жыр жолына түсіп алып, бірте-бірте қызып, қызған сайын тас түйін боп, үдете соқты. Жырлаған жыры бітпейтіндей көрініп, залдағы  дүйім жұртты ойда жоқта таң-тамаша етті. Пешенесі жарқырап, жұлдызы көтерілді. Зерделі, зейінді жандарды қатты ойландырып тастады. Жұрттың жыр тыңдауға деген ықыласы артты. Тұрлан жыршы толғайтын  діни-шешіре – қисса «Әнес Сахаба», ол жырдың ішіндегі Науырыз әулие хикаясы, «Ноғай Нұрым мен Кердері Әубәкірдің айтысы», мысал айтыстан – «Шәйтім ақынның сексен жаспен айтысы», «Нартайдың  арақпен айтысы»,  сөзі дуалы ақындардың ескерусіз қалған арнаулары, бір-бірімен сөз қағыстырулары, бұрын еш баспа бетін көрмеген ойлы-күйлі терме-толғаулар… осының бәрі ауыз әдебиетінің, әрі музыкалық фольклордың баға жетпес  ұмытылған інжу-маржандары еді.

Мен Тұрлан жыршының болмысын осылайша танығандай боп, онымен әңгімем де  жарасып, көптен бері алаңдатып, қызықтырып жүрген Қашаған ақынның  Есқали сұпыға айтқан «Домбыра толғауының» бір толымды нұсқасын өзгеше соны мақамымен бейнетаспаға, магнитофонға жазып, қағаз бетіне түсірдім. Міне, енді сол нұсқа: Атыраудың теріскей шығыс беті. Елпілдекті аралы. Қыс айы. Қар қалың. Бесін еңкейе аттарынан түсіп, ақбоз үйдің алдында беймезгіл келген екі қонақ тұр. Екеуінің  қолында домбыра. Бірі – қара емендей еңселі  Құрманғазы. Екіншісі екі иығын қомдаған  ашулы бүркіттей жұтынған ширақ қимылды Қашаған ақын.

Қашаған «Құдайы қонақпыз» деп дауыс қылды. Көрші қараша үйден жас келін шықты. Кердең жүрісті ибасыз келін «Құдай болсаң да қонақ күтер жайымыз жоқ!» деп дік еткізді. Қашаған  Құрманғазыға Құрманғазы Қашағанға қарады.  Мына тосын сөзге  Қашаған не дерін  білмей қипақтап, күртік қарға аяғы тайып, қисайып отыра кетті. Іле сасқалақтап қайта түрегелді. Бедірейген келінге отты көзімен  қадала берді де домбырасын  қағып-қағып жіберіп:

– Жаз болса мен осы үйге қонбас едім, 

Өлеңім, он төрт жастан жолдас едің.

Бай, сұпы, хан – кәкімнен  ығар болсаң,

Сен өлең, мен Қашаған болмас едім.

Осы үйге қона алмасам, маған сын,

Сұпыны шаға алмасаң саған сын! – деп сәл іркіле тоқтап, маңайдағы жұртқа  дабыс қылғандай үні қаттырақ шығып, қайнай жөнелді:

Кетенің «кет» деп отыр келіншегі,

Кетуге ұстап отыр еріншегім.

Жас жігіт « қонам» десе «қон»  дер едің,

Ұстар ед сонда сенің көңілшегің.

Мен келдім қонатұғын уағымда-ай,

«Қон» десең, алар едің сауабымды-ай.

Айтасың ақылыңның аздығынан,

Ажарлы жаңа түскен уағыңда-ай.

Пейілің мұнша неге қуырылған?

Шапқанда жүйрік едім суырылған.

Сыртымнан естіген жұрт әуес еді,

Тұлпардай шығып жүрген дабылымнан.

Жас жігіт «қонам» десе  «қон» дер едің,

Көрем де сақалымның буырылынан.

Барады айтқан сөзің жарға жығып,

Итердің өңменімнен қарға жығып.

Біздің елде сіздердей жас келіндер,

Сөйлемейтін еді ғой, төмен бұғып.

Оң жақта отырушы еді, ісін алып,

Қонаққа  тұрушы еді төсек салып.

Қызыл шай қонағына құюшы еді,

Алдына  дастарханын жая салып.

Ал, сенде ұят та жоқ, иба да жоқ,

Шамасы, ұялатын иман да жоқ.

Және де әдеп те жоқ, ақыл да жоқ,

Өзің жаман болған соң, жақын да жоқ.

«Қонақты ренжітпей, сыйла» деген,

Үйреткен ата-енеңнен нақыл да жоқ.

Келіншек,  не айтайын, енді саған?

«Қонба» деп шын айттың ба, осы маған?

Шапқанда жүйрік едім тайынбаған,

Менімен қалушы еді қайымдалған.

Бұл сұпы  берер ет пен шайын маған,

Жоқ болса, тапсын қайдан шайын маған!?

Қонақтан ығыр болып отырса егер,

Шығып кеп неге айтпайды жайын маған?

Сыртта саңқылдаған мына жат үнді  естіп,  дегбірі кете  үйден шыққан сүпыны  көрген бойда Қашаған оған да  бірден  дүрсе қоя береді: 

Сұпыеке, ашу қандай, ақыл қандай?

Болмаса тентек қандай, мақұл қандай

«Атаңнан қонақ ұлы» деген жоқ па ед, 

Жақсылар айтып кеткен  нақыл қандай?

Бәйге алдым талай жерде шабыспенен,

Қашаннан күнім өтті жарыспенен.

Несібе осылайша жаралған соң,

Жақынды араладым, алыспенен.

«Құдайдан қорыққан пенде қондырар» деп,

Мен келдім «сұпы» деген дабыспенен.

 Елге сүйкімі кеткен сараң сұпы кірпідей жиырылып, тіл қата алмай қараша үйдің алдында состиып тұрған баласына ым қағады. Баласы да зорға иліккендей боп, көңілсіз ишаратпен қонақтарды мыжырайған жадау үйге  «жүріңіздер» дейді. Қашаған мен Құрманғазы тура  сұпының ақбоз үйіне барып кіреді. Көргенсіз сүпы сәлемдесіп, жөн сұрасу жоқ, намаз оқуға кіріседі. Дәл осы сәтте сұпының екі жасар немересі  Қашаған мен Құрманғазының  домбырасына жармасып, шегін үзіп –шалып, тыңқылдататып, өз-өзінен мәз болады. Қонақтар да мәз болысады. Намаз оқылып болған соң, сұпы  талағы тарс кетіп: «Бұл недеген бейқасиет іс! Бұл ән салып, домбыра тартатын шайтан азғырған немелердің үйі емес, «құдай» деген адамның үйі. Қайдан келген, неғылған бұл қу ағаш десе!» деп күңк ете түседі. Осы кезде осы «тамашаны» баққан ауыл адамдары да есік алдына жинала қалған-ды. Қашаған өздеріне қадалған жаутаң көздерге қарап отырып, ал, бір төксін кеп:

Жақсылар, келдің жиналып,

«Қашаған ақын келді» деп,

«Кеудесі мұның кең-ді» деп,

«Кеңес бере енді» деп.

Сендерге кеңес беруге,

Отырған жоқпын сыйланып.

Нәресте-сәби бала емен,

Жасы жеткен шал емен,

Шығып жүре беруге,

Отырмын, өзім иба ғып.

Сұпыекең мені жек көрді,

Сүпының сөзін тік көрдім.

Ел аралап жүргенде,

Сендей, сендей монтаны,

Сұпыларды көп көрдім.

Сыйлар едің қампаңдап,

Қолын қысып жампаңдап.

Садақасы болса қойнында,

Үйіңе келсе бай адам,

Жамылған мауыт шекпенді.

Ақылы бар милы адам

Азамат ерге «тек» дей ме?

«Тәубәм көп»деп мақтансаң,

Барсисаны да құдай қарғаған,

Азғырып шайтан алдаған,

Бізді «күнәсі көп» деп боқтасаң,

Жүз кісіні өлтірген,

Жанына қаза келтірген,

Насуханы да құдай оңдаған.

Келе сала, Сұпыеке, 

Домбырамды боқтадың.

Домбырамды боқтасаң,

Өзімді басқа соққаның.

Сұпылығың қай жақта?

Шын тентекке ұқсадың.

Қолымдағы қу ағаш,

Сайрап отыр бұл ағаш.

Қолымдағы ағашым-

Алып жүрген домбыра,

Тартқан сайын даңғыра.

«Домбыра күнә» деген сөз

Тек бір айтқан дабыра.

Қолымдағы қу ағаш,

Сайрап отыр бұл ағаш.

Асылы емен, қарағай,

Шыққан жері су ағаш.

Аруақты ерлердің,

Қолындағы ту ағаш.

Жаның сая табатын,

Орман болған бұл ағаш.

Қорыққанда жалғызға,

Қорған болған бұл ағаш.

Бұтақтары бүгіліп,

Көктен төмен үңіліп,

Қарның ашып келгенде

Жүрегіңді жалғауға

Нәсіп болған бұл ағаш.

Пайғамбарлар туғанда

Бесік болған бұл ағаш.

Ибраһим Қағба салғанда

Есік болған бұл ағаш.

Мұнаралы әр жерде

Мешіт болған бұл ағаш.

Шеберлердің қолында

Кәсіп болған бұл ағаш.

Өзіңді ел «сұпы» дейд,

Боқтағаның қай ағаш?

Бұрынғы өткен заманда

Болған екен көп ұрыс.

Көп ұрыстың кезінде 

Жәбірейіл Жәннеттен

Алып келген төрт қылыш.

Төрт қылыштың атын айтайын:

Біреуінің аты – Хамхам,

Біреуінің аты –Сәмсам,

Біреуінің аты – Зұлқажжа,

Біреуінің аты –Зұлпықар.

Қынабына солардың

Қап та болған сол ағаш.

Аруақты ерлерге 

Жақ та болған бұл ағаш.

Найзасына батырдың

Сап та болған бұл ағаш.

Дариядан өткенде

Пырақ болған бұл ағаш.

Қараңғыда жарығы 

Шырақ болған бұл ағаш.

Ғарып пенен қасірге

Қуат болған бұл ағаш.

Жетім менен жесірге

Суат болған бұл ағаш.

Өзіңді ел «сұпы» дейд,

Боқтағаның қай ағаш?

Өздеріңдей сұпыға

Аса болған бұл ағаш.

Аңдып жүрген шайтанға

Таса  болған бұл ағаш.

Жаңа дәрет алғанда,

Сәждеге басың салғанда,

Ауызыңа салған мәсуәк

Ағаш емей, арқан, ба?

Ағашты сондай боқтайсың,

Сұпыеке-ау, қалай айтасың,

Ағузу менен алхамды?!

«Домбыра күнә» десеңіз

Жиын менен тойдікі.

«Шегін күнә» десеңіз

Жұмақтан келген қойдікі.

«Пернесін күнә»  десеңіз

Есебі ол пәннің он екі.

«Құлағын күнә» десеңіз

«Хазіреті Біләлдің

Құлағы екен» деседі

«Тиегін күнә» десеңіз

Шиеленген жыр шешеді.

«Атамыз адам пайғамбар

Жеті сазбен жерге кеп,

Күй шертіпті» деген бар.

Ол күндегі о да саз.

Бұл күндегі бұ да саз.

«Сазды күнә» деп жүрген,

Молдеке, сенің ақылың аз.

Молдеке, білмей адаспа,

Домбыраның бізге күнәсі аз.

Үстіңе тіккен үйіңіз,

Шақырса бұған келмей ме,

Хазірет, Халпе, биіңіз?!

Ас салып берер табағың,

Сусын ішер аяғың –

Ағаш емей немене,–

 Басыңда бар ма миыңыз?

Қанша сұпы болсаң да,

Кеткен жоқ па сыйыңыз?

Жақсының сөзі  майдадай,

Жаманның сөзі найзағай,

Жақсыдай болу қайдағы-ай!

Хас жаманның үйінен

Жақсының артық моласы.

Панасына түнеп қайт,

Бойыңа боран жоламас.

Осы үйден абзал қонаша.

Жаманның көңілі шат болар,

Әйелімен кеңесіп,

Көжесін ішсе оңаша.

Саналыға сөзім тыңдалған,

Санасыздың белгісі:

Пайдалы сөз айтсаң бұлданған.

Дүниенің қызық зауқынан,

Ақырет күннің қаупынан.

Бәрінен де сендердей

Қырма сақал, түйме мұрт,

Надан сұпылар құр қалған…

 Қашаған ақынның бір домбыра төңірегінде дүние сырын таңғажайып ойлы мысалдармен шарықтата, шалқыта тереңнен қозғауы (мұны жоғарыда келтірілген нұсқалармен салыстыра қарау үшін толық келтіріп отырмын. Олардың бір-бірінен қанша өзгешелігі бар екенін сергек сезімді жандар өздері-ақ  зерделеп алады.) Міне, Тұрлан жыршы көкірегіне осылай қонақтаған. Осының мән-жайын, қыр-сырын ыждағаттап сұрағанымда ол оны өзінен бұрынғы жыршылардан қалған қолжазбалардан алып, үйреніпті.  Бір ғажабы – бұл нұсқа Қашаған ақынның  жинақ боп шыққан шағын кітабына енген нұсқамен дәлме-дәл келеді. Тек мақамы басқа. Ол –  Тұрлан жыршының өз мақамы. Ғайыбынан менің қолыма тиген Ирандағы  есімі белгісіз қазақ жыршысы мен Маңғыстау жыршыларының  мақамын – Қашаған ақынның  өз мақамы десе болғандай. Ал,  толғаудың негізгі хикаясы қай нұсқада болса да бір-бірінен алшақ кетпейтін ел жүрегінде жақсы сақталған  бір әдемі  философиялық аңыз.  

Домбыра… Александр Викторович Затаевич: «Домбыра үнін тыңдағанда оның  әлсіз дыбысынан сонау  алыс дүниенің  ұлы дүбірі мен зор дүрсілі талып жеткендей бір ғажайып әсерге бөленесің» дейді. Сонда менің көз алдыма   «Ақсақ құлан» күйін жосылтып, домбыра безілдеткен Кет Бұғының Шыңғысханды шер күйіне күйдірген  сұсты кейпі келеді. Не құдірет бар, бұл домбырада, құдай-ау!!!

Илья ЖАҚАНОВ,

"Жұлдыз" журналы