29 сәу, 2024 сағат 09:10

Интернет-алаяқтық: Қазақстан, Украина және Чехия полициясы екі трансұлттық қылмыстық топты жойды


Фото: Polisia.kz


Қазақстан, Украина және Чехия полициясы интернет-алаяқтардың екі трансұлттық қылмыстық тобын жойды, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат»  Polisia.kz-ке сілтеме жасап.


– Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл шеңберінде ІІМ қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп, интернет-алаяқтыққа шетелдік азаматтардың қатысы бар екенін анықтады. Министрлік қызметкерлері қызметтік іссапар барысында Украина Ұлттық полициясымен және Чехия полициясымен бірлесіп, интернет-алаяқтардың екі трансұлттық қылмыстық тобының әрекетіне тосқауыл қойды, – деді департамент бастығы – ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.


Запорожье қаласында алаяқтардың екі call-орталығы жойылды. Қаскүнемдер өздерін банктер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырып, қазақстандықтарға қоңырау шалып, олардың шоттарының деректерін алуға тырысқан. 9 адам ұсталды. 17 компьютер, 62 мобильді құрылғы, сондай-ақ 35 грамм «метадон» препараты тәркіленді.


Одесса қаласында үш алаяқтық call-орталық таратылды. Қаскөйлер жалған инвестициялық компанияларға қаржы салу сылтауымен интернет-алаяқтық жасаған. Мұнда 23 адам ұсталды. 9 күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. 8 автокөлік, 58 ноутбук, 52 смартфон, 100-ден астам sim-карта, сондай-ақ 200 мың АҚШ долларынан астам сомаға цифрлық активтер тәркіленді.


– Қазіргі уақытта тергеу және жедел-іздестіру амалдары жалғасуда, – деді Шыңғыс Алекешев.