28 қар, 2023 сағат 14:45

Қарағанды облысында бәйге атын ұрлап, сойып алған күдіктілер ұсталды

Фото: t.me/POLICE_of_KZ

Қарағанды облысында таза қанды Араб тұқымды бәйге атын ұрлап, сойып алған күдіктілер ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қарағанды облысы, Шет аудандық полиция бөліміне 30 жастағы аудан тұрғыны арызданып, белгісіз біреулер халықаралық бәйгеге дайындап жүрген тұлпарын ұрлап кеткені туралы хабарлаған. Жәбірленушіге келтірілген шығын 1 миллион 500 мың теңгені құраған.

"Полиция қызметкерлерімен жүргізілген кешенді жедел-іздестіру іс-шаралары барысында осы іске қатысы бар деген күдікпен 23 және 54 жастағы азаматтар ұсталды. Олар Шет ауданындағы блок-бекетте қолға түсті. Күдіктілер ұрланған жылқыны сойып, мүшелеп тастағаны туралы мойындау көрсетпе белгілерін берді.

Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-1 бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды", - дейді Қарағанды облыстық Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының бастығы Аслан Өскембаев.

Сондай-ақ, басқарма бастығының айтуынша, жыл басынан бері облыс аумағында 644 бас мал ұрланып, оның 547-сі иелеріне қайтарылған. Мал ұрлығының алдын алу мақсатында 13 қыркүйек пен 30 желтоқсан аралығында облыс аумағында "Мал ұрысы" жедел алдын алу іс-шарасы өткізіліп жатыр. Іс-шара аясында өңірдегі автожолдарға 17 жылжымалы бекет қойылған.