15 қаң, 2024 сағат 12:35

Қарағанды облысында мал ұрлығымен айналысқан топ ұсталды

Фото: Polisia.kz

Қарағанды облысында мал ұрлығымен айналысқан топ ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Өткен жылдың соңында Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданының полиция басқармасына екі ауыл тұрғыны жүгініп, сарайларынан 12 қой мен жылқы ұрланғандығын айтқан. Мал иелерінің әрқайсысына 600 мың теңге шығын келтірілген.

Жедел әзірлеменің нәтижесінде полиция қызметкерлері мал ұрлығымен айналысқан топтың ізіне түсті. 19 бен 21 жас аралығындағы алты жігіт оңай олжа үшін осындай қылмысқа барған. Ұрланған түліктің етін сатып, түскен ақшаны өзара бөліскен.

"Тәртіп сақшылары күдіктілердің үйінен мал терісі мен бір тірі қойды тәркіледі. Төрт адам уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қазіргі уақытта топ мүшелерінің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Тергеу іс-шаралары жүргізілуде" - делінген хабарламада.