Фото: Ақорда
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Чехия Премьер-министрі Андрей Бабиш кеңейтілген құрамда келіссөз өткізіп, екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Ult.kz.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қазақстан мен Чехия арасындағы саяси және экономикалық байланыстардың әлеуеті жоғары екенін атап өтті. Оның айтуынша, екі ел Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы аясында тұрақты диалог жүргізіп келеді.
Президент Чехияны Қазақстанның Еуропа Одағы ішіндегі маңызды сауда серіктестерінің бірі ретінде атап өтіп, қазіргі таңда елімізде 190-нан астам чех компаниясы жұмыс істейтінін жеткізді. Олардың қатарында Škoda, Omnipol, Tatra және ZVVZ бар.
Өз кезегінде Андрей Бабиш Қазақстанды стратегиялық серіктес ретінде бағалайтынын айтып, әсіресе энергетика саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді. Чехия тарапы ұзақ мерзімді мұнай жеткізіліміне қызығушылық танытып, атом энергетикасын дамытуда Қазақстанмен серіктестікті күшейтуге ниетті.
Келіссөздер барысында өнеркәсіп, мұнай-газ, атом энергиясы, көлік-логистика, цифрландыру, ауыл шаруашылығы және денсаулық сақтау салаларындағы өзара іс-қимыл перспективалары қарастырылды. Сонымен қатар мәдени-гуманитарлық байланыстар мен тарихи ортақ жобалар да назардан тыс қалмады.
Президент чехиялық әріптестерге Пржевальский жылқыларын Қазақстанға қайта жерсіндіру жобасына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. Ал Чехия Үкіметінің басшысы Қазақстан азаматтарына виза режимін жеңілдету мәселесін қарастыруға дайын екенін айтты.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлескен жобаларды жүзеге асыру бойынша нақты қадамдар әзірлеуге келісті. Сондай-ақ Андрей Бабиш Қасым-Жомарт Тоқаевты Чехияға ресми сапармен келуге шақырып, бұл ұсыныс қабыл алынды.
Келіссөздер соңында Мемлекет басшысы Чехия Премьер-министрін І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттап, оның екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалады.
