31 мам, 2023 сағат 17:20

Қайрат Сатыбалдыұлы ісі бойынша мемлекетке 14 миллион доллар қайтарылды

Фото: © Sputnik / Болат Шайхинов

Қайрат Сатыбалдыұлы ісі бойынша 14 миллион АҚШ доллары мемлекет кірісіне қайтарылды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Антикор баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қайрат Сатыбалдыұлына және басқа да адамдарға қатысты жүргізіліп жатқан тергеп-тексеру аясында елден заңсыз шығарылған активтерді, оның ішінде қылмыстық жолмен алынған ақша қаражатын және өзге де мүлікті қайтару жөнінде шаралар қабылдап жатыр.

Мамырдың соңына қарай Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет шет мемлекеттердің құқық қорғау органдарымен халықаралық ынтымақтастықты қамтамасыз ететін Бас прокуратурамен бірлесіп, Біріккен Араб Әмірліктерінен жалпы сомасы 14 миллион АҚШ долларын қайтарды. Аталған қаражат мемлекет кірісіне айналдырылып, әлеуметтік мақсаттарда пайдаланылады", - делінген хабарламада.

Антикор мәліметінше, қылмыстық қудалау басталғаннан бері мемлекетке заңсыз сатып алынған Сатыбалдыұлы және онымен байланысты тұлғалардың 464 миллиард теңгеден аса сомаға мүліктік активтері мен ақшалай қаражаттары қайтарылған.

"Оларға әкімшілік ғимараттар, эксклюзивті зергерлік бұйымдар, сәнді көліктер, қолма-қол ақша, акциялар мен компаниялардың үлестері, сондай-ақ теміржол кіреді. Заңсыз шығарылған активтерді қайтару бойынша жұмыс жалғасып жатыр", - делінген хабарламада.