30 там, 2016 сағат 17:05

«Қазақ» этногенезі орыс тілінде де дұрыс жазылуы керек!

ҚР ПАРЛАМЕНТІ және БАРЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕГІ ОБЛЫСТЫҚ, АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТТАР ДЕПУТАТТАРЫ мен ЖЕРГІЛІКТІ «ҚАЗАҚ ТІЛІ» қоғамы, «ТІЛ КОМИТЕТТЕРІ» НАЗАРЫНА.

Бүгін - ҚР Конституциясы күні. Депутат мырзалар, ондаған жылдар бойы осы мәселеге шындап баруға әрекеттенбеуіміз қалай? Орыс тілінің нормаларына сай «Қазақ» этногенезі, одан шыққан сөздердің барлығы қазақ тілінің транскрипциясына сәйкес орысша да «Казакстан, Казакский» т.б болып жазылып, айтылатындай қалыпына келтіру жөнінде «Заң» қабылдау уақыты келген мәселе.

Көрші қырғыздар «Киргизды» «Кыргыз», «Киргизстанды» «Кыргызстан» деп, Молдовандар «Молдавияны» «Молдово», белорустар «Беларуссияны» «Белорусь» етіп түзетіп алды. Сөйтіп, олар ХХІ ғасыр табалдырығын әлдеқашан таза өз атымен аттады. «Қазақ» атауының орыс тілінде де бұрмаланбай айтылуы Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы, М.Тынышпаев, М.Есеналиев, С.Ақатай сияқты т.б Алаш Ұлдарының, зиялыларымыздың да арманы еді. Бұл мәселе бүгінгі ұрпағының да арман, мұратына айналды.

Айтарымыз: мемлекет аты қазақ тілінде: «Қазақстан Республикасы» орысша: «Республика Казакстан» болып, алдағы уақытта мемлекеттің барлық ресми рәміздерінен көрініс табуы керек. «Казах» сөзінің «Казак», «Казахстан» сөзінің «Казакстан» болып дұрыс жазылуына есі ауысқан біреу болмаса өзге түгілі, орыстілділер де қарсы болмайды.

Ендеше, кім кедергі? Біздіңше бұл мәселелер ешқандай қарсылық тудырмайды. Соңғы күндері елде тілді насихаттау бағытында қоғамдық шаралар өткізу жиілей бастады. Ендігі жерде іркіліске бой алдыра бермей тіл мамандары, ғалым-филологтар, қоғамдық қозғалыстар мен саяси партиялар, оқу ағарту ісінің қызметкерлері-мұғалімдер, тіл жанашырлары алдағы уақытта осы бағытта да қоғамдық пікір тудыру жұмыстарын бастауы керек. Мұны Парламент депутаттары алдына қоятын да уақыт келген секілді.

Құрметпен, Нұрлыбай Қошаманұлы,

Ақтөбе қ. 29.08.2016.

Ұлт порталы