30 қаң, 2024 сағат 11:15

Қазақстан Қытай және Өзбекстанмен су бойынша келісімге қол қояды

Фото: primeminister.kz

Қазақстан Қытай және Өзбекстанмен су ресурстарын дамыту туралы келісімдерге қол қояды. Бұл туралы Үкімет отырысында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мәлім етті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты.

Министрдің айтуынша, құжаттарға қол қою мемлекетаралық су қатынастарын дамыту үшін қажет.

"Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасында трансшекаралық су нысандарын бірлесіп басқару және пайдалану туралы, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай арасындағы трансшекаралық өзендерде су бөлу туралы келісімдерге қол қою жоспарланған", - деді Нұржігітов.

Шенеунік халықаралық ынтымақтастықтың маңызды құрамдас бөлігі Орталық Азиядағы су-энергетикалық ынтымақтастық механизмін дамыту болып табылатынын атап өтті.

Нұржан Нұржігітов "Халықаралық су ағындарын навигациялық емес пайдалану құқығы туралы конвенцияны ратификациялау туралы" заң жобасы Сенаттың қарауына жіберілгенін еске салды.

"Конвенция бүкіл әлем бойынша трансшекаралық өзендерді, көлдерді және олармен байланысты жер асты суларын әділ және тұрақты басқаруға жәрдемдесудің жаһандық құқықтық механизмін білдіреді. Конвенцияның тараптары - 37 ел. Қазақстанмен шектес мемлекеттер ішінен конвенция тарабы тек Өзбекстан болып табылады", - деді министрлік басшысы.