27 ақп, 2026 сағат 16:49

Қазақстан мен Сербия президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді

Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Вучич ресми делегациялар қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз өткізді. Кездесу Қазақстан мен Сербия арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығы қарсаңында өтті, деп хабарлайды Ult.kz.

Мемлекет басшысы Сербияны Еуропадағы маңызды стратегиялық серіктес деп атап, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға ниетті екенін жеткізді. Қазіргі таңда Қазақстанда 60-тан астам сербиялық компания жұмыс істейді. Тараптар үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңес аясындағы ынтымақтастықты жоғары бағалады.

Келіссөздер барысында сауда және инвестиция, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, аса маңызды минералдар, цифрландыру, жасанды интеллект, құрылыс және туризм салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. Сербия тарапы қорғаныс өнеркәсібі, деректерді өңдеу орталықтары және құрылыс бағытында бірлескен жобаларды дамытуға қызығушылық білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Вучичті Қазақстанның ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденімен марапаттады. Сербия Президенті бұл марапатты екі ел арасындағы достық пен серіктестіктің белгісі ретінде қабыл алғанын айтты.