16 ақп, 2026 сағат 18:06

Қазақстан сирек жер металдары бойынша ондыққа кіруді көздейді

Фото: Қазақмыс ERG
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Геология комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қанат Ерубаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Ult.kz тілшісіне сирек және сирек жер металдарын барлау жұмыстарының қазіргі жағдайы мен Қазақстанның әлемдік нарықтағы стратегиялық мақсаты туралы мәлімдеді.

11 учаскеде барлау жұмыстары аяқталды

Комитет өкілінің айтуынша, 2024 жылы сирек металдарға қатысты 11 учаске бойынша ауқымды барлау жұмыстары аяқталған.

Аяқталған жобалардың ішінде Кеңқұдық кен орнында калий, мыс және молибден анықталған. Сонымен қатар Ржавая Сопка, Миролюбовский, Букая Ақбұлақ, Ақтөбе Кварцевый учаскелерінде вольфрам мен ниобий секілді сирек жер элементтері табылған.

Сондай-ақ, Қазақстандағы ең ірі нысандардың бірі саналатын Қоректікөл учаскесінде кешенді барлау және ірі бағалау жұмыстары жүргізілген. Бұл аумақта шикізат қоры мен лантаноидты топ элементтері зерттеліп, бірқатар учаскелер өндірістік сапасының жоғары екенін көрсеткен.

"Қазіргі уақытта Қоректікөл учаскесі Тау-Кен Самұрық АҚ-на жер қойнауын пайдалану құқығымен берілген. Компания барлау жұмыстарын жалғастырып жатыр", – деді Қанат Ерубаев. 


Комитет мәліметінше, алғашқы нәтижелер оң динамика көрсетуде.

Әлемдік нарықта – ондыққа кіру мақсаты

Қазақстан стратегиялық маңызды шикізат қорлары бойынша әлемдік нарықта қандай позицияға ие болуды көздейді? Тілшіміздің сұрағына жауап берген Қанат Ерубаевтың сөзінше, сирек жер металдарын өндіру мен экспорттау бойынша әлемде Қытай көш бастап тұр. Одан кейін өзге мемлекеттер орналасқан.

Қазақстанның мақсаты – стратегиялық маңызды шикізат қорлары бойынша әлемдік ондыққа ену.

"Ондыққа кіру үшін біз көп күш салып жатырмыз", – деген Геология комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қ. Ерубаев бұл бағыттағы негізгі тірек жобалардың бірі – Қоректікөл туралы баяндады.


Сонымен қатар, елде 1:50 000 масштабтағы геологиялық түсірілім жұмыстарының негізі қаланған. Бұл зерттеулер, ең алдымен, сирек жер металдары бар аумақтарда жаңа кен орындарын анықтауға мүмкіндік береді.

"Жаңа учаскелердің ашылуы Қазақстанның сирек жер металдары қоры көлемі бойынша жаһандық позициясын нығайтып, өндірістік әлеуетін арттыруға ықпал етпек", – деп отыр ол. 


Қ. Ерубаевтың сөзінше Қазақстанның сирек металдарынашетелдік инвесторлар арасында Жапония, Америка, Германия сияқты елдер қызығушылық танытып отыр екен. 

Мұнай мен алтын қоры қанша жылға жетеді?


Баспасөз конференциясында елдің негізгі пайдалы қазбаларының қоры туралы да мәлімет берілді. Комитет дерегіне сәйкес, Қазақстанда 4 млрд тонна мұнай қоры бар. Қазіргі өндіру көлемін ескергенде, бұл шамамен 50 жылдан астам уақытқа жетеді.

"Ал алтынның мемлекеттік балансында тіркелген қоры 2300 тоннаны құрайды. Қазіргі өндіріс қарқынымен есептегенде, бұл көлем 37 жылға жетеді" ", – деді Ерубаев.


Маман берген мәліметтер бойынша алдағы үш жылда елімізде мемлекеттік геологиялық зерттеуге шамамен 240 млрд теңге қарастырылған. Аукциондардан түскен келісімшарттық бонустың 50%-ы мемлекеттік геологияны дамытуға бағытталады. 2027 жылдың наурыз–сәуір айларына дейін алғашқы перспективалы учаскелер анықталып, аукционға шығарылады.