27 қар, 2023 сағат 11:20

ҚМА тиімсіз жобаларға бөлінген 5,1 млрд теңгенің жұмсалуына жол бермеді

Фото: ҚМА баспасөз қызметі

Қаржы мониторингі агенттігі қабылдаған шаралардың нәтижесінде тиімсіз жобалар бойынша 5,1 млрд теңгеге қаржыландыруға жол берілмеді, - деп хабарлайды ҚМА баспасөз қызметі.

Ведомство мәліметінше, Қызылордада Сырдария өзенінің арнасын тазартуға 5 млрд теңге қарастырылған. Алайда, жобаның сапасыз жоспарлануына байланысты, тазалау жұмыстарынан кейін қатты ағын мен желдің әсерінен өзен арнасы қайтадан ластанып, толып қалған.

"ҚМА өңірлік Департаментінің қызметкерлері қабылдаған шаралардан кейін әкімдік 3,7 млрд теңге көлемінде игерілмеген қаражатты басқа әлеуметтік мақсаттарға бағыттады.

Сондай-ақ, Көкшетау қаласының Станционный кентінде 1,4 млрд теңгеге 160 орындық мәдениет үйін салу жоспарланған болатын. Жобаның бастапқы құны 910 млн теңгені құраған, ал басқа елді мекендерде осыған ұқсас объектілердің құны айтарлықтай төмен болған.

Осыған байланысты Көкшетау қаласының әкімдігі шартты бұзу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Үнемделген қаражат есебінен басқа да әлеуметтік маңызы бар жобалар қаржыландырылады" - делінген хабарламада.

Қаржылық мониторинг агенттігі ірі объектілер мен инфрақұрылым құрылысының құнын арттыру фактілеріне мониторинг жүргізу бойынша белсенді жұмысты жалғастыратынын жеткізді.