31 нау, 2026 сағат 11:23

Қазақстанда базарлар саны азайды

Фото: Википедия

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 588 базар жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 38 базарға аз, деп хабарлайды Ult.kz.

Статистикаға сәйкес, базарлардың басым бөлігі қалалық жерлерде орналасқан – 417, ал ауылдық жерлерде 171 базар тіркелген.

Өңірлер бойынша базар саны ең көп аймақ – Түркістан облысы, мұнда 103 базар бар. Одан кейін Алматы облысы – 57 және Ақтөбе облысы – 53. Ал Ұлытау облысында небәрі 6 базар жұмыс істейді.

Сонымен қатар, базарлардағы сауда орындарының саны да азайған. 2025 жылы олардың саны 147,6 мыңды құрады, ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 150,8 мың болған.

Өңірлік бөліністе сауда орындарының ең көп саны Алматы қаласында тіркелген – 26,5 мың. Алғашқы үштікке сондай-ақ Жамбыл облысы (19,8 мың) мен Алматы облысы (17,2 мың) кіреді.

Жалпы базар санының ішінде 265-і заңды тұлғаларға тиесілі болса, 323 базар жеке кәсіпкерлердің иелігінде.

Сондай-ақ, 588 базардың 9-ы коммуналдық, ал 323-і жабық базар санатына жатады. Тауар түріне қарай 222 базар мамандандырылған болса, 366-сы әмбебап базар ретінде жұмыс істейді.

Сауда көлеміне келсек, 39 базар көтерме саудаға, ал 549 базар бөлшек саудаға бағытталған.