29 мам, 2023 сағат 19:36

Корея министрінің Қазақстанға сапары – квота беру мәселесі талқылана ма?

Фото: ҚР СІМ

Ертең, 30 мамырда Корея Республикасының Сыртқы істер министрі Пак Джин Қазақстанға ресми сапармен келеді. Бұл туралы бүгінгі брифингте Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан сайты.

Үш күндік сапар барысында Чин Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен кездеседі.

"Тараптар кеңейтілген стратегиялық әріптестіктің, соның ішінде саяси-экономикалық және мәдени өзара іс-қимыл салаларындағы Қазақстан мен Оңтүстік Корея қарым-қатынасының қазіргі жай-күйі мен перспективаларын талқылайды. Корея министрінің мемлекет басшылығымен кездесуі жоспарланған", - деді Смадияров.

Осы орайда журналистер Кореяға жұмысқа баратын қазақстандықтар үшін квота енгізу мәселесін сұрады. Бұған дейін жыл сайын 50 мың квота алу туралы айтылған. Смадияровтың айтуынша, бұл мәселемен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі айналысып жатыр. Әзірше, ешқандай өзгеріс жоқ. Дегенмен Корея министрінің сапары кезінде бұл мәселе талқылануы мүмкін.

"Бұл мәселе әлі шешілмеген. Ертең талқылануы мүмкін. Өйткені Корея министрі Қазақстанда үш күн болады, көп мәселе талқыланады. Әзірше өзгеріс жоқ, қазақстандықтар визасыз режиммен кіре алады. Ал заңды түрде жұмыс істегісі келсе, онда сол жақта кореялық компаниямен келісімшартқа отырып, осы жерден тиісті визасын рәсімдей алады", - деп атап өтті Смадияров.

Айта кетері, Кореяға жұмысқа баратын қазақстандықтарды квотамен кіргізу бойынша келіссөздер басталды. Қазақстан Кореядан 50 мың квота алуды жоспарлап отыр.