13 қар, 2023 сағат 09:37

Қазақстанның үш қаласында жасырылған 500 есірткі орамы тәркіленді

Фото: Polisia.kz

Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Батыс Қазақстан және Атырау облыстарының аумағында байланыссыз жасыру әдісімен марихуана және гашиш есірткілерін сатумен айналысқан интернет-дүкенге тосқауыл қойды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

"Жедел-тергеу іс-шараларын жүргізу барысында жоғарыда аталған интернет-дүкеннің операторы және курьері болған Орал қаласының екі тұрғыны ұсталды.

Атырау, Орал және Ақсай қалаларында бұрын жасырып кеткен 500-ден астам есірткі орамы тәркіленді. Айта кету керек, олардың 300-ден астамы Атырауда, Жайық өзенінің жағасындағы қоғамдық орындардан табылды" - делінген хабарламада.

Қазіргі таңда есірткі дүкенін ұйымдастырушыны анықтау және оны бұғаттау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

"Жыл басынан бері Ішкі істер министрлігі интернет-дүкендердің 19 ұйымдастырушысын, 105 оператор мен 297 есірткі жасырушыны ұстады. Есірткі құралдарының таралуы туралы ақпаратты қамтитын 3500 интернет-ресурс анықталып, бұғатталды", – деді ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Сарқытбай Құсайынов.