07 қыр, 2016 сағат 07:51

Қазіргі салафилер шынында да әһлу сунна жолында ма?

Қазіргі салафилер өздерін Ханбали мәзһабынан санайды. Бұл ақталу ма, әлде олар шынында да әһлу сунна жолында ма?

Иә, салафилер өздерін ханбали мазһабынан санайды. Әйткенмен, олар толық Имам Ахмад бин Ханбалдың ұстанымында болған емес. Фиқһ мәселесінде салафи ғұламалары негізінен ханбали мәзһабының үкімдерін басшылыққа алады. Бірақ, ақида мәселесінде ханбалилерден мүлде алшақ кеткен. Себебі, Имам Ахмад бин Ханбал ақидада әһлу сүнна жамағаты ұстанған тафуид пен тәуил жолын ұстанған. Имам Ахмадтан Алла Тағаланың сипаттарын баяндайтын хадистер хақында сұрағанда, Ұлы Имам: «Қалай келсе солай өткізіп (тафуид), иман келтіреміз, егер дұрыс тізбекпенен келсе олардың бірде-бірін терістемейміз, Алла Өзін сипаттағанынан артық сипатталмайды, шектелмейді «Оған ұқсайтын, Ол сияқты еш нәрсе жоқ. Ол Тәңір әр нәрсені естуші, толық көруші». Егер кім мұны тікелей мағынасында түсінсе, дінге жаналық (бидға) енгізген» деп жауап қатқан.

       Имам Ахмадтан «истәуә» жайлы сұрағанда, ол: «Истәуә хабарда келтірілгендей, оған адамзаттың ақылы жетпейді» деп жауап берген.

        Имам Ахмад Құран Кәрімдегі «Раббың жәә, періштелер сап-сап болған кезде» – деген аяттағы «жәә» келді сөзіне «әмірі келді» – деп мағына берген. Яғни «Раббыңың әмірі келгенде және періштелер сап-сап болған кезде» деп жеткізген. Сондай-ақ, Имам Ахмад Ханбал тағы бірнеше аяттарға да тәуил жасаған.

       Ал, өздерін ислам таухидын (ақидасын) жаңғыртушымыз деп жүрген салафилердің доктриналды ұстанымына келер болсақ, олардың  муташаббиһ аяттар мен хадистерге берген түсіндірмелері Имам Ахмадтың ұстанымынан мүлде бөлек. Имам Ахмад бин Ханбал «Алла келеді», «кетеді», «аршыға отырады», «орнығады», «түседі», «көтеріледі», «екі көзі», «екі қолы», «балтыры», «саусақтары бар» деген емес. Керісінше мұндай аяттарды астарлы мағынасында түсінген. Ал, өздерін Имам Ахмад Ханбалдың жолын ұстанамыз деп ақталғысы келетін салафилер Құрандағы мүтәшәбиһ аяттарды және де сол сияқты мүтәшәбиһ (астарлы ұғымдағы) хадистерді тілдік тура мағынасында қабылдайды. Әлбетте, муташаббиһ аяттар мен хадистерді заһири (сыртқы) мағынасына қарай түсіну аһлу сүнна ақидасына қайшы келеді. Бүгінгі таңда өздеріне ергендер қауымды мұсылман үмбеті санап, ал, өңгесін адасқан, мүшірік, кәпір деп жүрген салафилер қазіргі мұсылман қоғамындағы ең қауіпті де, қатерлі жамағат саналады.

Салафилердің «Үш негіз» (рубубия, улухия, әсма ус сипат) ақидасын Ибн Таймияға дейін ешкім айтпаған. Ұлы Жаратушының дінін көркем түрде насихаттаған Мұхаммед (с.а.у)  таухид екі немесе үш түрлі түрлі болады деп үгіттемеген. Сондай-ақ, сәләф имамдарда да мұндай алабөтен сенімді кейінгі буынға  мирас етпеген. Нағында, таухидтың бұлай үшке бөлініп түсіндірілуі мұсылман жұрағатындағы кейбір жеке тұлғаларды үмбеттен шығарып тастау мақсатында жасалған. Тіпті, бұлардың ақиданы бұлай үшке бөлуі діни тұрғыда былай тұрсын, тілдік ұғымы жағынан алып қарағанның өзінде мүлде қате саналады. Айталық, «Рабб тек жаратушылықты білдіреді» немесе Иләһияны «Улуһия» деп өзгертуі тіл заңдылығына симайтын мүлде негізсіз түсінікке жатады

Ибн Таймия: «Біз сенімде салаф жолындамыз, амалда ханбали мәзһабынанбыз» дейді. Ал, Ахмад бин Ханбал сенім де, амалда да салаф жолында болған. Яғни, Ибн Таймия бұл пікірімен Имам Ахмад бин Ханбалдың сеніміне күмәнмен қарайды деген сөз. Сондықтан, салафилердің  Ахмад бин Ханбалға қатысы жоқ деп кесіп айта аламыз. Бұл тек ақталудың амалы ғана. 

Мұхан Исахан,

Заңгер, шариғат бойынша маман

e-islam.kz