27 мау, 2023 сағат 14:16

"ҚазТрансГаз Аймаққа" жарты миллиард теңге айыппұл салынды

© Photo: "ҚазТрансГаз" АҚ баспасөз қызметі

Алматы прокурорлары «ҚазТрансГаз Аймаққа» жарты миллиард теңге айыппұл салып, тарифті төмендетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" қала прокуратурасына сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Алматы өндірістік филиалының қызметіне жүргізілген тексеру барысында үстем және монополиялық жағдайды теріс пайдалану фактілері анықталған.

"Мысалы, монополисттердің шарты бойынша кәсіпкерлер газдың пайдаланылмаған көлемі үшін газ құнының 10 пайызын заңсыз төлеп келген.

Үстем және монополиялық жағдайын теріс пайдаланғаны үшін «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ филиалы ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 159-бабы 3-1-бөлігі бойынша жауапқа тартылып, 497,1 млн. теңге көлемінде айыппұл салынды.

Сонымен қатар табиғи монополия субъектісі 2022 жылы көрсететін қызметтер көлемінің өскеніне қарамастан, компания 2023 жылға арналған тарифті төмендетпеген (көрсетілген қызметтер көлемінің ұлғаюына байланысты тариф қайта қаралуға тиіс)" - делінген хабарламада.

Осыған орай, Табиғи монополияларды реттеу департаментінің қадағалау актісімен, осы жылдың 1 сәуірінен бастап тауарлық газды тасымалдау тарифін 6 пайызға, 1000 м3 үшін 4 099,25 теңгеден 1000 м3 3 848,03 теңгеге дейін төмендету туралы бұйрық шығарылған.

Қабылданған шаралар Алматы қаласында 450 000 тұтынушының, оның ішінде 8 800 кәсіпкердің құқығын қорғады.