04 қаз, 2017 сағат 13:19

Кентау жастары латын әліпбиіне өтуді қолдайды

Оңтүстік Қазақстан облысы, Кентау қаласының жастары латын әліпбиіне өтуді бірауыздан қолдады. «Жастар ресурстық орталығында» өткен дөңгелек үстелде «Латын әліпбиінің негізі» мәселесі талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында латын әліпбиіне көшу бастамасына жастар да осылайша қолдау білдіріп, бас қосты.

«Қазір қоғам екі тілді қоса алып жүр. Егер латынға өтсек, осы олқылық жойылар еді. Өйткені, латын әліпбиіне көшу арқылы біз тілдік қолданысымыздың таразы басын теңестірер едік. Латын әліпбиі - әлем қазақтарының рухани бірлігінің негізі. ХХІ ғасыр - ақпарат ғасыры десек, бүгінгі компьютер заманында әлемдік ғаламтор жүйесіндегі ақпарат кімнің қолында болса, сол өз билігін емін-еркін жүргізе алады. Ал, ақпараттың басты құралы - жазу. Яғни, ғаламтор жүйесінде үстемдік жасаушы, ол - латын графикасы», - дейді Кентау қалалық «Жастар орталығының» директоры Қанат Бекметов.    

Түбі бір түркі мемлекеттерінде бүгінде осы әліпбиді қолданады. Жаңа алфавит туыстас елдермен байланысты да нығайтатына сенім мол. Ғылым мен білім тіліне айналған латын қарпі өзінің үстемдігін дәлелдеп келеді. Сондықтан дамыған елдің қатарында болу үшін дамыған технологияны меңгерген жөн. Ал әлемдегі ортақ техника тілі бүгінде латын әліпбиінде жазылады. Осындай пікір айтқан студенттер   латын әліпбиі ең алдымен тіл тазалығын сақтайды деген сенімде. Басқосуда сөз алғандар латын әліпбиіне көшу науқанына кеншілер қаласындағы жастар бек дайын екендерін жеткізді. Олар Елбасы көрсеткен бағыттан таймай, болашаққа бет алу - озат отыздыққа апарар жол екенін жақсы біледі. Сондықтан да сарабдал саясат, білгір басшылық адастырмас жол, болып қала бермек.