13 қар, 2017 сағат 16:56

ОҚО-да тазалық айындағы жұмыстарға 150 мыңнан астам адам қатысты

Оңтүстік Қазақстан облысында өткен тазалық айындағы жұмыстарға 150 мыңнан астам адам қатысты. Өңір тұрғындары туған жерге деген сүйіспеншіліктерін елді мекендерінде ағаш отырғызып, қоқыстан тазарту және абаттандыру жұмыстарын қолға алу арқылы көрсетті, деп  хабарлайды "Ұлт ақпарат" өңір басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын іспен қолдаған Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев өңірде тазалық айын жариялаған болатын.

Осы аралықта аймақтағы барлық аудан, қалада сенбіліктер ұйымдастырылды. Көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары мен балалар ойын алаңшалары, саябақтар, аялдамалар, спорт алаңшалары, көше бойлары, өзен, канал бойлары мен аяқжолдар, көпірлер және  жеке үй аумақтары тазаланды.

Жалпы облыс көлемінде өткен сенбіліктерге 153 мыңға жуық адам қатысып, 10 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Бұл жұмыстарға 892 техника жұмылдырылды. Сонымен қатар, айлық іс-шарада 266 мың шақырым көше бойлары мен 1270 шақырым жаяу жүргіншілер жолдары тазартылды. 521 мың шаршы метрден астам жеке үй іргелік аулалар мен 265 мың шаршы метр болатын көпқабатты үйдің қасбеттері және 169 мың шақырым ирригация жүйелері мен 314 шаршы метр өзендер мен каналдардың бойларындап сенбілік ұйымдастырылды. Тазалық шаралары  сондай-ақ, 1020 гектар саябақтар мен демалыс орындарында жүргізілді. 546 дана спорт және балалар алаңшалары ретке келтіріліп, 60 333 түп ағаш әктелді. Тазалық шараларында жастар мен ауыл-аймақ тұрғындары өз белсенділіктерін танытты.