14 қар, 2023 сағат 14:47

Мәсімовке тағы да айып тағылды

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов ақшаны жылыстатты және пара алды деген күдікке ілінді.

Бұл туралы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің "ҚазАқпарат" агенттігіне берген жауабында көрсетілген.

"Кәрім Мәсімовке қатысты ҚР ҚК 218-бабы «Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату)» және 366-бабы «Аса ірі көлемде пара алу» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр", - делінген ҚР ҰҚК жауабында.

Сол себепті Қылмыстық атқару кодексінің 92-бабы 3-бөлігіне сәйкес Кәрім Мәсімов прокуратура санкциясымен қылмыстық іс аясында тергеу амалдарын жүргізу мақсатында Астана қаласы ҰҚК тергеу изоляторында қалды.

Еске салайық, бұған дейін К.Мәсімов пен А.Садықұловқа мемлекетке опасыздық жасау, билікті күшпен басып алу, билік пен лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану, Д.Ерғожинге билікті күшпен басып алу, билік пен лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану, М.Осиповке билік пен лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану айыбы тағылған.

2023 жылдың 10 наурызында ҰҚК баспасөз қызметі Мәсімов Премьер-Министр болған кезде Астанадан, бизнес-құрылымдардың бірінен құны 2,5 млрд теңге болатын сәулетті қонақүй мен жер телімін алғанына қатысты тергеу жүріп жатқанын хабарлады.

2023 жылдың 24 сәуірінде Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовке және оның орынбасарлары А.Садықұловқа, Д.Ерғожинге, М.Осиповке қатысты қылмыстық іс бойынша үкімін жария етті.

К.Мәсімов - 18, А.Садықұлов - 16 жылға, Д.Ерғожин тағылған айыптарға сәйкес - 15 жылға, М.Осипов болса билік пен лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану бабымен 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Сотталушылардың барлығы өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазым иелене алмайды. Сонымен қатар барлығы генерал шендерінен және мемлекеттік наградаларынан айырылды.

Бұдан бөлек, сотталушылардан мемлекет кірісіне 10 млрд теңгеден астам қаржы және 24 млн АҚШ доллары өндіріп алынды.