10 қаң, 2024 сағат 14:58

Мұхамедиұлына қатысты сотта қаралып жатқан қосымша істердің тізімі жарияланды

Сурет: primeminister.kz

Сыбайлас жемқорыққа қарсы іс-қимыл агенттігі экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты сотта қаралып жатқан істерді жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Агенттіктің ресми өкілі Арман Тілеукеновтың айтуынша, бюджет қаражатын аса ірі көлемде жымқыруға қатысты тағы бірқатар факті анықталды.

"Сондай-ақ жоғары спорттық шеберлік мектебін заңсыз жекешелендіру, қонақ үйді рейдерлік жолмен тартып алу және пара алуға оқталу бойынша тергеу жүргізілді. Қазіргі кезде осының бәрі сотта қаралып жатыр", - деді Тілеукенов бүгінгі брифингте.

Бұдан бөлек, экс-министрдің Алматы облысында тарихи фильм түсіру үшін салынған қалашықты арзан бағаға сатуға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

Айта кетері, бұған дейін Ұлттық музейдің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы мен оның сыйбайластарына үкім шығарылған болатын. Сот шешімі бойынша Мұхамедиұлы 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді.