21 қыр, 2016 сағат 13:06

Мұнай өнеркәсібінің майталманы

Жолдасқали Досмұхамбетовтің туғанына 100 жыл

Ең алғаш 1899 жылы Атырау (Гурьев) облысы Қарашүңгілде мұнай алынғаннан бас­тап қазіргі күн­ге дейін мұнайшылардың бір­неше ұрпағының жанкешті ең­бегі­нің арқасында мұнай-газ өнді­рісі еліміздегі жетекші салаға айналды.

Тәуелсіз Қазақстанның жас ұрпағы бұл саланы қалып­тас­тыру­дың бастауында тұрғандардың еңбегін білуі тиіс.

Қыркүйек айында алғашқы қазақ инженер-мұнайшылардың бірі, талантты геолог, ірі ұйымдастырушы және мұнай-газ саласының негізін қалаушы Жолдасқали Ахметұлы Досмұхамбетовтің дүниеге кел­геніне 100 жыл толады.

1956 жылдың жазында мен 16 жас­қа толып, Атырау (Гурьев) об­лысы Мақат ауданы­ның орта­лығы Доссорда орна­лас­қан автомобиль, трактор, мұнай құрал-жабдығын жөндеу және шығару зауытына ұстаның көмекшісі болып орналас­тым. Зауыт «Ембімұнай» комбинатының құрамына кіретін.

1957 жылы көктемде біздің зауыт­қа жақында ғана «Ембімұнай» комбина­ты­ның бастығы болып тағайындалған Ж.Досмұхамбетов келді. Жолдасқали Ахметұлы цехтармен таныса келіп, мен жұмыс жасайтын механикалық цехты да қарап өтті. Өндіріспен жан-жақты танысу, нақты сұрақтар мен тұжырымды жауаптар цех еңбеккерлеріне жылы әсер қалдырды. Кейінірек оның берген уәделерінің бәрі айтылған мерзімінде орындалып жатты. Бұл менің атақты тұлғамен бірінші рет танысуым еді.

Мен зауытта жұмысты кешкі жұмыс­шы жастар мектебі және мұнай техни­кумында оқуыммен ұштастыра отырып, 5 жыл ұста болып жасадым. Содан соң Мәс­кеу­дегі И.М.Губкин атындағы мұнай-химия және газ өндірісі институтына түсіп, 1966 жылдың жазында тәмамдадым. Одан инженер-механик дипломын алып, өз зауытыма қайтып оралдым. Мені инженер-конструктор және бас механиктің міндетін уақытша атқарушы етіп тағайындады, ал бір айдан кейін басқа жұмысқа жіберілген зауыт­тың бас инженерінің міндетін ат­қаруды жүктеді. Үш айдан кейін мені «Ембімұнай» комбинатының бас инже­нері И.Диментманмен сөй­лесуге шақыр­ды. Жан-жақты сөй­лескеннен кейін ол мені Ж.Досмұхамбетовке апарды.

Жолдасқали Ахметұлы мені жылы қабылдап, жұмыс жайын сұрастырды, Исаак Наумовичке қарап, «ол мұнайшылар әулетінің өкілі, оның әкесі – 1911 жылы Қазақстанда Доссор кен орнында ал­ғаш мұнай өнеркәсібі бас­тал­ғанда «Ағайынды Нобельдер серіктестігі» мұнай компаниясында бесеуі еңбек жолын бастаған жеті ағайындының ең кішісі. Олар­дың барлығы белгілі мұнайшы болды», деп жатты. Әңгіме соңында Жолдасқали Ахметұлы «Сені зауыттың бас инженері етіп таға­йын­даймын» деп, бұл қыз­мет­тің автомобиль, трактор және мұнай құрал-жабдықтарын уақ­ты­лы және сапалы шығарудағы жоға­ры жауапкершілігіне тоқтала кетті. Соңында менің артылған сенімді ақтап, ата-бабаларыңыздың кіршіксіз абыройын арттыра түсе­тініме үміт артатынын жеткізді.

1968 жылдың қараша айында мені обком партияның ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі М.Тәжин ша­қырды. Белгі­ленген уақытта Мұхам­­бетқазы Қауыс­ұлы­ның каби­неті­не кірдім, мен оны бас­пасөз арқылы жақсы танитынмын, бірақ, бірін­ші рет кездесуіміз. Ол да жылы аман­дасып, жұмысым, ата-анам, отбасы жөнінде сұрап жатты.

Шақыру себебін айта отырып, Маң­ғыс­тау өңірінің даму қарқыны, онда ірі жылу-энергетикалық кеше­нін құру жос­пары және соған байланысты Жаңаөзен ауданын құру жөнінде қысқаша тоқтал­ды. Маңғыстау түбегі Бүкіл­одақ­тық комсомол құрылысы деп жария­ланған еді, оған КСРО-ның түкпір-түкпірінен түрлі ұлт­тың жастары ағылатын болады, сол себепті, аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшылығы қызметіне мұ­най­шы және комсомолдық жұмыс тәжірибесі бар маман ретін­де сені жіберу жөнінде шешім қабыл­дап отырмыз. Менің келісі­мім­ді алғаннан кейін ол кісі мені облыс­тық партия комитетінің бірінші хатшысы М.Исеновке алып барды.

Қысқаша сөйлескеннен кейін, Мұхам­бет Айтуұлы «Қазақ­станмұнай» бірлес­тігі­нің бастығы Ж.Досмұхамбетовке қоңы­рау шалып, мені жуырда құрыл­ған Жаңа­өзен ауданына комсомол жұмы­сына жұмсау жөнінде шешім қа­был­данғанын жеткізді.

Осылайша Маңғыстаудағы ком­сомол­дық жұмысым басталды. Бұдан кейінгі комсомол және партия органдарындағы жұмыстарымда Жолдасқали Ахмет­ұлының табыс­ты істеріне көз жеткізіп, ол жайын­да көптеген мақтаулар естідім.

Бұл таңғажайып уақыт болатын, Каспий маңының сусыз шөлейт даласы көз алдымызда өзгеріп жатты. Ембі, әсіресе, Маңғыстау мұнай кеніштері жылдам қарқынмен игерілді. Жолдар, мұнай және газ кен орындарына баратын кіру жол­­дары, жоғары вольтты ток желі­лері, су және мұнай құбырлары салы­нып, далалықта бұрғылау қон­дыр­ғылары пайда болып, мұнай ұң­ғымалары бой түзей бас­тады. Тез арада жаңадан құрылған аудан орталығы Жаңаөзен, Жетібай, Ералиев елді мекендері, тағы бас­қалар бой көтерді. Олардың бар­лығы, негізінен мұнай-газ саласы мекемелерінің балансында болды. КСРО-ның түкпір-түкпірінен маман мұнайшылар ағыла бастады, олардың басым бөлігі комсомол жастар болатын. Жұмысқа орна­ластыру, кәсіби даярлық, сон­дай-ақ, бас­пана жағдайын шешу мұ­най кәсіпшілігі басшылығының құзырында еді.

Осындай ұлы істердің басы-қасын­да алғашқылардың бірі болып Ж.Досмұхамбетовтің жүретіндігі аңғарылып тұратын.

Біздің аймаққа Жолдасқали Ахмет­ұлының шақыруымен КСРО мұнай-газ саласының жетекшілері, мердігер және субмердігер ұйым­дар, сондай-ақ, ғылыми-зерттеу инс­­ти­туттар басшылары жиі келіп тұратын, соның арқасында мәсе­ле­лер­дің көпшілігі сол жерде жылдам шешіліп жатты. Тікелей нысандарда түрлі жиналыстар, облыстың партия-шаруашылық активтерінің жиындары өтіп, маңызды өндірістік және әлеуметтік мәселелер талқы­ланып тұрды.

Ж.Досмұхамбетов Қазақ­­стан Ком­партиясы Орталық коми­тетінің және облыстық партия коми­тетінің мүше­сі, Қазақ КСР Жоғар­ғы Кеңесінің және халық депутаттары облыстық кеңе­сінің депутаты ретінде пленум, ак­тив, сессияларда мұнай-газ саласы дамуы­ның шешімін күткен аспектілерін, сон­дай-ақ, мұнайшылардың әлеу­мет­тік мәсе­ле­лерін қозғады. Оның сөз­­дері үнемі қысқалығымен, маз­мұны­­мен және қандай сынға да төтеп беретін жан-жақ­тылығымен ерек­­шеленетін. Жолдасқали Ахмет­ұлы­ның есте сақтау қабілеті керемет еді, геология мен мұнай өнді­ру үде­рісін бүге-шігесіне дейін білетін.

1975 жылдың көктемінде, мен ол кезде Махамбет аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарамын, комитеттің кезекті бюросының отырысында «Жайықмұнай» мұнай-газ өндіру басқармасы басшылығының Мартыши кен орнындағы мұнай өнді­ру­ді ұлғайту бойынша жұмы­сы» жөніндегі мәселе қара­латын болды. Ол кезде аталған кеніште облысқа тиесілі мұнайдың 60 пайызы өндірілетін және оның көлемін ұлғайту ауданның ғана емес, облыс­тың да экономикасына елеулі ық­палын тигізетін. Құрамына Иса­тай ауданы да кіретін Махамбет ауданының аумағы облыстағы ең үлкені болатын. Мұндағы Бегайдар, Дараймола, басқа да учаскелерде іздеу-барлау бұрғылау жұмыстары жүргізілетін. Бюроға дайындық жұмыстарын жүргізе отырып, мен ол кезде «Ембімұнай» бірлес­тігінің бас геологы болып жасайтын Жол­дасқали Ахметұлына ақыл-кеңес алу үшін арнайы бардым. Мені сонда оның облыстың негізгі мұнай-газ кен орындарының сипаттамасын бүге-шігесіне дейін білетіні таңғалдырған.

Ж.Досмұхамбетовпен соңғы және жүрекжарды әңгіме­лесуім 1977 жылдың наурызында мені Гурьев қалалық партия коми­тетінің бірінші хатшысы етіп сайлағаннан кейін болды. Бір аптадан кейін «Ембімұнай» бір­лес­тігінің партия жиналысына қатысуы керек еді. Жиналыс бас­талғанға дейін ізет сақтап, Жол­дасқали Ахметұлына кіріп шық­тым. Ол мені өз кабинетінде қабыл­дап, жаңа жұмысыммен құт­тық­тап, тоғыз жыл бұрынғы мені ком­сомол жұмысына жіберер кез­дегі обкомның бірінші хатшысы М.Исеновпен әңгімені есіме түсір­ді. Ж.Досмұхамбетов өзінің туып-өскен Ракуша поселкесі, мек­тебі, менің әкеммен және оның ағаларымен жақсы таныс әкесі Ахмет пен анасы Балжан жай­лы ерекше жылылықпен еске алып отырды. Оның ата-анасы Ракуша­дағы өздерінің шаруа қожа­лық­тарымен 1917 жылға дейін айна­лыс­­қан, одан кейін әкесі Ахмет қыз­меткер болып ауысады, оның атқарған соңғы қызметі – Гурьев окру­гтік атқару комитетінің іс мең­геру­шілігі. Ол 1935 жылы қайтыс болған.

Жолдасқали Ахметұлы бала­лық шағын­да алған әсерімен бөлі­сіп, Ракушада 1913 жылдан бері жұмыс істейтін Доссор мен Мақат кеніштерінен өндірілген мұ­най­ды түйемен тасымалдап мұнай өңдеу зауытына жеткізетін, ал Доссор кен орнынан зауытқа дейін 60 шақырым, одан әрі теңіз қайраңы­мен мұнай өнімдерін кемеге тиеп, Астраханьға жіберу үшін тағы да 15 шақырым мұнай құбырының құры­лысы жөнінде әңгімелеген. Сол жерде, мұнай тасымалдауда осы өңірде туып-өскен менің әкелерім де еңбек жолдарын бастаған еді.

1977 жылдың желтоқсан айында осы бір ғажап жан өмірден өтті.

Ж.Досмұхамбетовтің өмір жолы келесі ұрпаққа үлгі болу­­ға лайық. Ол 1916 жылы Кас­пий теңізінің жағалауында, Гурьев об­лысы Мақат ауданының шағын Ракуша елді мекенінде дүние­ге келді. Оның балалық және жастық шағы, басқа да қатар­лас­тары сияқ­ты, ХХ ғасырдың басындағы  ауыр жылдарда өтті. Оның білімге деген құштарлығы зор болды. Мұнай өндірісінің кіріспесін үйрет­кен Доссор фабрика-зауыт учили­щесі­нен кейін мұнай техникумында оқуын жалғастырып, 3-курсты аяқтаған соң «Ембімұнай» тресі оны Мәскеудегі И.М.Губкин атын­дағы мұнай институтына жіберді. 1940 жылы аталған институтты үздік бітіріп, инженер-геолог мамандығын алған соң туған өлке­сіне оралды.

Бар-жоғы 24 жасында Жол­дас­қали Ахметұлы Байшонас мұнай өндірісінің бас геологы болып тағайындалып, 1954 жылға дейін жауапты қызметтерді, атап айтқанда, «Ембімұнай» комбинаты бас геологының орынбасары, Байшонас өндірісі директоры, «Қазмұнайбарлау» тресі басшысы, Мақат өндірісінің бас геологы, Құлсары өндірісінің директоры қызметтерін атқарды. 1951-1953 жылдары КСРО Мәскеу мұнай өнеркәсібі академия­сында оқыды. 1957 жылдан 1971 жылға дейін 14 жыл бойына «Қазақстанмұнай» бір­лестігін басқарды, ал 1971 жылдан бас­­тап денсаулық жағдайына байланысты бас геолог қызметіне ауыстырылып, онда өмірі­нің соңына дейін еңбек етті.

Ж.Досмұхамбетов 35 жыл бойына көптің игілігі үшін адал да өнімді еңбек етті, Қазақстан мұнай-газ саласының негізін қалаушылардың бірі болды. Жоғары деңгейлі кәсіпқой геолог және іскер басшы ретінде ол еліміздің батыс аймақтарындағы ондаған мұнай-газ кен орындарының ашылуы мен игерілуінің бастауында тұрды. Ол ХХ ғасырдың алып кен орны – Теңізді тұңғыш ашушы және оның атын қоюшы.

Ж.Досмұхамбетовтің тұсында оның бастамасымен мұнай-газ саласына көптеген жаңалықтар енгізілді. Алғаш рет КСРО-да 1941 жылы Байшонас кенішінде екі және одан да артық қабаттарды ортақ өңдеу, сұйықты жылдамдата іріктеу және қосымша атқылату әдістері бастал­ды, ал 1943 жылы Доссор кенішінде қабат­тарға көлдете су айдау арқылы мұнай алудың екінші әдісі енгізіліп, 1947 жылы ұңғымаларды бұрғылаудың турбиналық әдісі игерілді.

1950 жылдардың соңы мен 1960 жыл­дардың басында іздестіру жұмыстарының аясына бұрын зерттелмеген аймақтар, атап айт­қанда, оңтүстік Маңғыстау енді. Оған Ембіде жұмыс жасап жат­қан мамандар шақырылды. Ірі қала­лардан, теміржол және су жол­дарынан шалғай, елсіз-сусыз дала жағдайында қысқа мерзім ішінде жаңа ірі оңтүстік Маңғыстау мұнай-газ бассейні ашылды.

1956 жылдың 25 желтоқсанында КСРО Министрлер кеңесінің қаулысымен «Қазақстанмұнай» бірлестігінің құра­мында Форт-Шевченко қаласында ор­на­ласқан «Маңғышлақмұнайбарлау» тресі құрылды. Трест оңтүстік Маң­ғыс­тау аумағында мұнай мен газды із­деуге және барлауға арналған жұ­мыс­­тарын 1957 жылдың сәуір айында бас­тады.

Маңғыстаудағы алғашқы бұр­ғылау агрегаты 1958 жылдың нау­рыз айында Тюбеджик қабатында пай­далануға берілді. Сол жылдың жазында Қызан және Кусайник алаңдарында терең бұрғылау бас­талды. 1959 жылдың қаңтарында Жеті­байда, 1961 жылдың сәуірінде Өзен­де терең бұрғылау басталды. 1961 жыл­дың мамы­рында жартыаралдың түрлі алаң­дарында орналасқан бес жүйе терең бар­лау-бұрғылаумен қамтылды.

1961 жылы Өзен қабатында мұнай мен газдың алғашқы фонтаны атқылады, бұл мұнайлы Маңғыстауды игеру тарихын­дағы үлкен мұнайдың барын дәлелдеген алғашқы оқиға еді. Осы жылы Жетібай жүйесіндегі №6 барлау ұңғымасынан да мұнай фонтаны алынды. Осылайша, бір мезгілде екі ірі кен орны Өзен мен Жеті­бай ашылды. Маңғыстау мұнайы жайлы хабар Мәскеуге ғана емес, КСРО-дан да асып, Одақта жаңа ірі мұнай аймағының пайда болғаны жайында айтылып жатты.

Ж.Досмұхамбетовке тән қа­сиеттердің бірі, меніңше, ол кісінің бастаған ісін соңына дейін жеткізетіні болса керек. Ол жоғары тұрған шаруашы­лық, партия-кеңес органдарына тиісті қау­лы шығару қажеттігін дәлелдей біле­тін.

Сірә, Жолдасқали Ахметұлы­ның жеке басының қасиеттері, мыз­ғымас беделі өз еңбегінің ақыр­ғы нәтижесін көруге, оған сенім білдіріліп, ол көтерген мәсе­ле­лер­дің қолдауға ие болуына сеп­тігін тигізген де болар.

Еліміздің мұнай-газ саласын дамыту­ға сіңірген ерекше еңбегі мен қосқан үлесі үшін ол Ленин, Октябрь Революциясы, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Бел­гісі» орден­дерімен және басқа да төсбел­гілер­мен марапатталды.

Ж.Досмұхамбетов оңтүстік Маң­­ғыс­­­тау­дағы мұнай-газ провин­ция­­­сын ашып, Жетібай және Өзен кен орын­дарын барлағаны үшін Лениндік сыйлық­тың (1966) лау­реаты болды. Атырау (Гурьев) облысында Теңіз айрықша кен орнын ашқаны үшін Мемлекет­тік сый­лықтың лауреаты (1994 жылы қайт­қаннан кейін) атағы берілді. Мұнай-газ саласын дамытуға қосқан үлесі үшін Жолдас­қали Ахметұлына «КСРО құрметті мұнай­шысы» (1971) және «ҚазКСР еңбек сіңір­ген мұ­най­шысы» (1966) атағы берілді.

Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылы ішінде Президент Н.Ә.Назарбаевтың дана және көреген саясатының арқасында мұ­най-газ саласы ел экономикасындағы жетек­­ші салалардың біріне айналды. Тәуел­сіз Қазақстанның қалыптасу жылдарын­да алғашқы инвесторлардың бірі, танымал мұнай компаниясы «Шевронның» (АҚШ) қатысуымен 1993 жыл­дың сәуір айында бірлескен Қазақ­стан-Америка кәсіпорны – «Теңізшевройл» құрыл­ды. Ж.Дос­мұ­хам­бетовтің тікелей қатысуы­мен ашылған «Теңіз» ірі кен орны «Теңіз­шевройл» ЖШС ұжымы алға қойыл­ған міндеттерді табыс­ты орын­­дап, елі­міз­дегі алдыңғы қатарлы ком­пания­лар­дың біріне айналып отыр. 2015 жылы тек қана осы кен орнында өндірілген қара ал­тын көлемі 27 млн тоннадан асты.

Республикадағы мұнай өндіру көлемі кеңестік кезеңмен салыстыр­ғанда үш есеге артты. Осы жылдар ішінде елімізде шет тілін меңгеріп, қазіргі заманғы технология мен алдыңғы қатарлы басқару әдістерін игерген көптеген мұнайшы-маман­дар даяр­ланды. Олардың арасында Жолдасқали Ахметұлы мен оның жұбайы Нұрзиланың жеті ұл-қызы да бар, олардың үш бірдей ұлы: Қобылан, Исатай мен Махамбет И.М.Губкин атындағы Мәскеу мұнай институтын бітірген мұнайшылар, әкелерінің ізін абыроймен жалғастырып келеді.

Ежелгі Рим саяси қайраткері, жазушы және шешен Марк Туллий Цицерон жазғандай, «қайтыс болған кісілердің өмірі тірі­­лер­дің жадында жалғасады». Ж.Досмұхамбетовтің есімі мен атқарған еңбегінің нәтижелері ел жадында сақталарына күмән жоқ.

Равил ШЫРДАБАЕВ,

мемлекет және қоғам қайраткері

"Егемен Қазақстан"