28 қаз, 2017 сағат 13:16

ОҚО-да өзге ұлт өкілдері қазақ тілінде сынға түсті

Оңтүстік Қазақстан облысында «Мемлекеттік тіл - халықтар достығының дәнекері» атты байқау өтті. Облыстық тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасы ұйымдастырған шараға өзге ұлт өкілдерінің 11 сынып оқушылары қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын көбейту мен мәртебесін арттыру, оны өзге ұлт өкілдерінің жан-жақты игеруіне ықпал ету мақсатында ұйымдастырылған шарада жастардың қазақ тілін еркін меңгергендігіне мән берілді. Байқауға қатысқан орыс, өзбек, тәжік тілдерінде білім алатын бітіруші түлектер қазақ тілінде шағын шығарма жазды. Сонымен қатар  қатысушылар мемлекеттік тілде өлең түрінде немесе көркемсөз оқу арқылы өзін және өзі оқитын мектебін жұртшылыққа таныстырды. Қазақ тілі мен әдебиетіне қатысты сұрақтарға жауап берді. Қазақ халқының ұлттық өнерінен, атап айтқанда аңыз, қисса, дастан, көркемсөз, күй, терме және т.б. үзінділер көрсетіп, сайысқа түсті.

Ал, қазылар алқасы үміткерлердің білімі мен өнерін бағалау кезінде олардың мемлекеттік тілді меңгеруіне, жазу сауаттылығы мен сөйлеу мәнеріне, қазақ тілі мен әдебиетін білу деңгейіне, сахнада өзін-өзі ұстауы мен шешендік қабілетіне және киім сәніне назар аударды.

Байқау нәтижесінде бас жүлдені Төлеби ауданынан қатысқан  Диана Исатаева алса, бірінші орын Кентау қаласынан қатысқан Гүлсина Нематоваға бұйырды.  Ал, екінші орынды Арыс қаласынан келген Виктория Черкашина, үшінші орынды Отырар ауданынан қатысқан Владислав  Клименко жеңп алды. Қалған қатысушылар ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды. Байқаудың қатысушыларына Оңтүстік Қазақстан облысы тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасының арнайы алғыс хаттары мен дипломдары  тапсырылды.