14 қар, 2017 сағат 13:41

ОҚО жастарына қазақы болмыс пен ұлттық код жөнінде айтылды

Оңтүстік Қазақстан облысында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын түсіндіру мақсатында жастармен кездесу өтті. «Интеллект-Эксперт» экономикалық-әлеуметтік зерттеулер орталығы мұрындық болған шарада қазақы болмыс, оның ұлттық коды тақырыптарында терең әңгіме өрбіді, деп  хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Жиында жастардың бойындағы ұлттық құндылықтарға баса назар аударылды. Елбасы мақаласы бүгінгі қоғам үшін маңызды бағдарламалық мәнге ие болса, ұлттық сананың жаңғыруы мен қазіргі жастар тәрбиесі кездесудің басты тақырыбына айналды. Латын әліпбиіне көшу ең алдымен, қазақ тілінің әуезділігін сақтайды. Ал бұл мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге негіз.  

«Елдің экономикасы мен әлеуметтік жағдайы дұрыс болса, әрине сол жағдайға сана да бейімделіп, өзі өзгереді. Өйткені, рухани жаңғырудың негізгі формуласы, ол не? Оны адам баласы өзінен бастау керек. Қоғамдық сананы өзгерту үшін, әр азаматтың санасы өзгеруі тиіс. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы, «Көші-қон», «Өрлеу», «Нұрлы жол», «Серпін» сияқты мемлекеттік бағдарламаларды қалың халыққа түсіндіру басты мақсатымыз», - дейді «Интеллект-Эксперт» экономикалық-әлеуметтік зерттеулер орталығының директоры Саттар Мәжитов.

Мамандардың пікірінше, мұндай кездесулердің жастарға тәлімі мол. Өйткені өскелең ұрпақ өткенінен өнеге түйіп, болашағына болжам жасай алуы тиіс. Кездесу барысында қатысушылар да өз ұсыныстарын білдірді. Олардың пайымынша рухани жаңғыруды әрбір азамат өзінен бастап, әрбір сана жаңғыруға бейімделуі керек.

Жалпы жыл соңына дейін жалғасатын жоба аясында бірқатар зерттеу жұмыстары да жүргізілмекші. Олар  Елбасы мақаласы жолымен этносаралық қарым-қатынасты нығайтып, рухани құндылықтарды жаңғыртатын болады.