Фото: ашық дереккөз
Юн Сок Ёль өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Ult.kz Yonhap агенттігіне сілтеме жасап.
Мәліметке сәйкес, Сеул орталық аудандық соты бұрынғы президентті 2024 жылы елде әскери жағдай енгізуге әрекет жасағаны үшін кінәлі деп таныған. Арнайы прокурорлар өлім жазасын сұрағанымен, сот өмір бойы түрме жазасын тағайындады.
Сот шешімінде істегі негізгі жайт ретінде экс-президенттің парламент жұмысын тоқтату мақсатында әскерді Ұлттық жиналыс ғимаратына жіберу туралы шешімі аталған. Сот отырысы бұрынғы президенттің қатысуымен өтіп, ұлттық телеарналар арқылы тікелей эфирде көрсетілген.
Еске салсақ, Юн Сок Ёльге 2024 жылдың желтоқсанында импичмент жарияланған. Алайда оны қызметінен шеттету туралы шешімді сот 2025 жылдың сәуірінде ресми түрде растаған. Бұған дейін оны қамауға алуға ордер берілген. Бұл Оңтүстік Корея тарихында қызметтегі президенттің алғаш рет тұтқындалуы болды.
Айта кетейік, Оңтүстік Кореяда «президенттік қарғыс» деп аталатын құбылыс бар. Ел басшыларының көпшілігі қызметінен кейін өздері немесе жақын туыстары түрлі қылмыстық істерге, импичментке, төңкерістерге не өзге де қайғылы оқиғаларға тап болған. Республика тарихы президент лауазымының аса қауіпті саяси мәртебе екенін көрсетіп отыр.
