16 қар, 2017 сағат 10:15

«Ontustik Tourism. Invest 2017» форумына келген қытайлық делегация Түркістанға барды

Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкент қаласында өтіп жатқан «Ontustik Tourism. Invest 2017» туристік және инвестициялық форумы аясында қытайлық делегация Түркістан қаласына барды. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев бастаған топ әуелі ұлттық өнерді тамашалады. Шетелдік қонақтар халықтық кәсіп пен қолөнер бұйымдарын тамашалап, қазақ әндерін тыңдады, көне шаһар тарихымен танысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" өңір басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Айта кетейік, биыл Түркістан қаласы Түркі әлемінің мәдени астанасы атанғанын айтты.

«Түркістан - қасиетті әрі көне қалаларымыздың бірі. Ер түріктің алтын бесігі болған Түркістан бұрын қандай маңызға ие болса, бүгінгі таңда да сондай. Іргетасы 15-ғасырда қаланған кесене халықаралық ЮНЕСКО ұйымының тізіміне енген. Мұнда жыл сайын мыңдаған турис келеді. Алдағы уақытта біршама жұмыстар атқарып, межені арттыратын боламыз», - деді Жансейіт Қансейітұлы.

Одан соң делегация тобы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне ат басын бұрды. Ондағы көне жәдігерлер мен қазақ халқының тарихи тұлғаларымен танысты. Арнайы топты бастап келген ҚХР-дың Мемлекеттік туризм басқармасы төрағасының орынбасары Ду Цзян Оңтүстік Қазақстан облысында туризмді дамыту үшін әріптестік танытатынын жеткізді.

«Кез келген аймақтың шырайын ашатын ең әуелі - адамы. Бұл тұрғыда мен Оңтүстік Қазақстан халқының қонақжайлылығына, жылы шырайлы адамдарына тәнті болдым. Бұл - туризмді дамыту үшін аса қажетті фактор. Біз келісім орнату үшін еліміздегі әрбір аймақтан туристік қауымдастықтарды, агенттіктерді алып келдік. Болашақта екі ел арасындағы жаңа авиабағыттарды ашуды жоспарлап отырмыз», - деді Ду Цзян.

Халықаралық форум аясында өңірдің туризм саласын дамыту бағытында бірнеше екіжақты келісімдер жасалатын болады.