18 қар, 2017 сағат 12:46

Оңтүстікте 684 млрд теңгенің өнеркәсіп өнімі шығарылды

Оңтүстік Қазақстан облысының өнеркәсіп кәсіпорындары он айда 683 808 млрд теңгенің өнімін шығарды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" өңір әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық статистика департаментінің басшысы Айдар Әбілдабеков мәлім етті.

«Осы жылдың он айында өңірдегі өнеркәсіп кәсіпорындарымен 683 808 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Соның ішінде кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазу саласында 146 056 млн теңге, өңдеу өнеркәсібінде 467 773 млн теңге, электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауаны баптауда 57 454 млн теңге, сумен жабдықтау, кәріз жүйесі, қалдықтардың жиналуын және таратылуын бақылау бойынша 12 524 млн теңгенің өнімі өндірілді», - деді А.Әбілдабеков.

Бұдан бөлек, спикер ауыл шаруашылығындағы жалпы өнімнің көлемі 471 550 млн теңгені құрағанын, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,4 пайызға артқанын атап өтті. Сондай-ақ мал шаруашылығы 3,4 пайызға артып, 188 192 млн теңгеге жеткен. Осы бағытта облыс республика көлеміндегі үлесі бойынша 2-ші орында тұр.

Департамент басшысының мәліметінше, аймақта жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 1 қарашаға 177 014 бірлікті құраған. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 4,9 пайызға жоғары. Оларда 357 412 адам жұмыспен қамтылса, тауарлар, қызмет көрсетулер бойынша 381 632 млн теңгенің өнімі шығарылған.