04 қаз, 2017 сағат 12:46

Оңтүстікте «Қазақ жастары қандай болу керек?» деген сауалға жауап іздеді

«Ауыл» партиясының Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жастарға түсіндіру бағытында кездесу өтті.

Басқосуда «Қазақ жастары қандай болу керек?» деген мәселе де сөз болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесуге аудан-қалалардан жастар, «Интеллект» инкубатор қоғамдық қорының төрағасы мен елімізге белгілі блогер Нұрлан Жанай және Кітап клубтарының үйлестірушісі Мәулен Жанболат қатысты.  

Бағдарламалық мақалада «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» деген болатын.

Осы бағытта Нұрлан Жанай «Қазақ жастары қандай болу керек» атты тақырыпта ойын бөлісіп, әлеуметтік желіде қолды бос өткізбе керектігін атап өтті. Елбасының білімді дамытудағы сөздерімен компьютерлік  IT технологиясын жоғары дәрежеде меңгеріп, тілді дамыту, соның ішінде ағылшын тілін меңгеру қаншалықты қажет екенін жан-жақты түсіндірді. Ал, Мәулен Жанболат әлемнің озық елдерімен салыстарғанда біздегі жастардың кітап оқу пайызының төмендігі мен кітап оқудың жан-жақты пайдасын айтып өтті.  

Жиында сондай-ақ қазақ жастары тәуелсіздіктің құнын жете түсініп, оның ғұмыры ұзақ болуы үшін ұлтқа қалтқысыз қызмет ету керектігі сөз болды. Спикерлер осы бағытта аянбай еңбек ету мен қолда тұрған алтынның қадірін біліп, бабалар аманатына қиянат жасамау басты парызымыз деп атап өтті.