19 там, 2016 сағат 11:25

Отандық банктер неге құрылыс саласына қаржы бөлуге құлықсыз?

"Бүгінгі таңда отандық банктердің құрылыс саласына қаржы құюға деген құлшынысы бәсең. Әсіресе елімізде құрылыс қарқын алған 2010-2014 жылдармен салыстырғанда Қазақстан бактерінің құрылысқа қаржы салу қарқыны қуантарлық емес. Дегенмен өткен 2015 жылға қарағанда биылғы көрсеткіш тым жаман емес деуге болады. Бір жылда 18 пайызға қайта өрлеп отыр", – деп жазады BAQ.kz тілшісі.

Finprom.kz агенттігі таратқан мәлімет бойынша, өткен жылы құлдыраған қаржыландыруды қайта қалпына келтіру көзделген. Дегенмен бұл бір жылдың ішінде қарқын алып кете алған жоқ. Нақтырақ айтсақ 2015 жылдың тамызынан бастап, 2016 жылдың маусым айына дейін құрылыс саласына кредит бөлу 1 трлн теңгеден аспады.

Оған себеп болған бір жайт банктер тарапынан Қазақстан эконмикасын қаржыландыру бойынша барлық салаға бөлінген қаржының 8 пайызы ғана осы құрылыс саласына жұмсалған.

Банктерден қаржы аудару қысқарса да, құрылыс қарқыны бәсеңдеген жоқ. Тіпті 2016 жылдың алғашқы екі тоқсаны бойынша өсу байқалған. 2016 жылдың қаңтар-маусым айында атқарылған құрылыс жұмыстарының көлемі 1,0 трлн теңге болды. Ал бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 104 млрд теңгеге артық.

Қазақстандағы құрылыс жұмысымен айналысатын компаниялардың көбі шетелдік инвесторлар деуге болады. Бұл да отандық бактердің құрылыс саласына қаржы аударуына аз да болса өз әсерін тигізбей қоймайды. Дегенмен олар бір жыл ішінде құрылыс жұмыстарын 72 млрд теңгеден 279 млрд теңгеге дейін арттыра алды. Мұнан бөлек, жеке құрылыс компаниялар 758 млрд теңге табыс әкелсе, ол өткен жылмен салыстырғанда 34 млрд теңгеге көп. Осы орайда, мемлекеттік құрылыс компанияларының табысы бір жылда 2 млрд теңгеге құлағанын байқауға болады. Нақтырақ мемлекеттік компаниялардың құрылыс саласындағы қаржысы бір жылда 6 млрд теңгеден 4 млрд теңгеге дейін қысқарған.

Десе де еліміздегі құрылыс саласын қаржыландырудың 2016 жылғы көрсеткіші бойынша сәуір айында 15 пайызға артты. Алайда бұл көрсеткіш өз тұрақтылығын сақтап қала алмай, мамырда несиелендіру 9 пайызға төмендесе, маусым айында43 пайызға бір-ақ құлады.

Биыл Қазақстанда қарыз берудің қысқаруына байланысты құрылыс саласына ұзақ мерзімге және қысқа мерзімге несие беру құрылымы 50 де 50 пайыздық тепе-теңдікті сақтады.

2007-2009 жылдардағы жаппай құрылыс саласын несиелендіру, көп ұзамай-ақ құрылыс саласын дағдарысқа тіреді. Бұл банктер үшін де тиімсіз еді. Шамадан тыс қаржы салынған құрылыстарға елдегі экономикалық ақуалдың әсерінен сұраныс азайды. Банктер бұл салаға салған кредиттерін өндіріп ала алмай қалды. Осыны ескере отырып соңғы бірнеше жылда несиелендіруді төмендетті. Олай дейтініміз ұзақ мерзімді несиелендіруде жұмыс істемейтін қарыздар 2015 жылдың маусым айынан 2016 жылдың наурыз айына дейін 7 пайызды құраса, 2016 жылдың екінші тоқсанында бұл көрсеткіш 11 пайызға артты. Яғни, банктердің ақшасы ақша ретіндегі айналымдық құнын жоғалтып, өтпейтін құрылыстарға айналды. Бұл да банктердің құрылыс саласын қаржыландыруына кері әсерін тигізді. Оның сыртында жалған құрылыс компанияларына қатысты алаяқтық әрекеттер де бұл салаға қаржы аудару мәселесінде түйткіл тудырды.

Графиктер Finprom.kz агенттігіне тиесілі.

Қыр баласы