21 қар, 2017 сағат 07:45

Озаттардың есімдері құрметпен аталды

Түлкiбастықтар «Алтын күз» мерекесiн шат көңiлде қарсы алды. Ауа райы да жанға жайлы болып тұрған бұл күнi тұрғындар базар нарығынан арзан бағада ауыл шаруашылығы өнiмдерiн сатып алды. Аудан әкiмi Нұрбол Тұрашбеков ырзығын жерден тапқан шаруаларға, ауыл шаруашылығының өсiп-өркендеуiне, кәсiпкерлiктiң дамуына үлес қосқан ауыл әкiмдерi мен сала қызметкерлерiне ризашылығын бiлдiре отырып, Алғыс хат, төсбелгi мен бағалы сыйлықтар тапсырды.

Иә, бұл күнi жер емген шаруалардың маңдай терлерi ақталып, мерейлерi өстi. Жыл басынан берi Түлкiбас ауданында құны 25 млрд. теңгенiң өнiмi өндiрiлген. Бұл биылғы жылдың тиiстi кезеңiмен салыстырғанда 5 млрд. теңгеге артық. Сонымен бiрге 24 мың тонна алма өндiрiлiптi. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы құны 237 млн. теңге болатын 71 жоба қаржыландырылып, ауданның агросаласын дамытуға жұмсалған. Ал, «Ырыс» микроқаржы ұйымынан 55 азамат 218 млн. теңге көлемiнде шағын несие алған. Осының арқасында 31 өндiрiстiк кооператив құрылып, 385 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.

Сондай-ақ, суармалы жер көлемiн арттыру үшiн ұзындығы 572 шақырым канал мемлекет меншiгiне қайтарылғаны атап өтерлiк жетiстiк. Бұл жаңалықтың келешекте өнiм көлемiн арттыруға септiгiн тигiзетiнi анық. Мерекелiк салтанатта «Бiрлiк» ӨК төрағасы Қ.Жабатаев, «Мақұлбек» ЖШС директоры Е.Сартбаев, «Ермек» базарының директоры Қ.Батырбеков, ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан үлесi үшiн Жаскешу ауылдық округiнiң әкiмi С.Өкебайұлы және басқа да азаматтар арнайы төсбелгiмен марапатталып, бағалы сыйлыққа ие болды. Марапатталғандардың iшiнде алма бауы көлемiн 240 гектарға жеткiзiп, 5500 тонна алма өндiрiп, сақтаған «Көктал» ШҚ төрағасы, жас бағбан Б.Төлешев, Майлыкент ауылдық округiнiң әкiмi К.Жартыбаев және ұсақ шаруашылықтарды бiрiктiрiп, ауыл шаруашылығы өндiрiстiк кооперативiн құрған Х.Байысбаев, Б.Умишов, ауданның әлеуметтiк-экономикалық дамуына үлес қосқан Е.Оспанов, Ә.Мәмбеталиев және өзге де кәсiпкерлер бар.

Үздiк ауыл шаруашылығы мамандарының, озат еңбеккерлердiң есiмдерi құрметпен аталып, ауыл шаруашылығының өркендеуiне атсалысқан бiрқатар азаматтар «Еңбек даңқы» төсбелгiсiмен марапатталды.

«Алтын күз» жәрмеңкесi барысында алаңқайда әсем ән әуелеп, мың бұралған билер биленiп, марқайған көңiлдерге шуақ құйды.

Айгүл СҮНДЕТОВА, «Оңтүстiк Қазақстан».

Түлкiбас ауданы