16 қар, 2023 сағат 11:07

«ӨзенМұнайГаз» АҚ-ның бұрынғы басшылығына қатысты тергеу аяқталды

Фото: ozen.kz

«Өзенмұнайгаз» АҚ басшылығына қатысты қылмыстық істер сотқа жолданды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"ҚМА Маңғыстау облысы бойынша департаменті «ӨзенМұнайГаз» АҚ басшылығына қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады.

Тергеу барысында «ӨМГ» АҚ бас директорының орынбасары Б.Мамбетсапаевтың әрекеті іс жүзінде жұмыс істемейтін және негізсіз жалақы алған таныстарын жалған жұмысқа тарту арқылы қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану деп сараланды.

«ӨМГ» АҚ бас директорының тағы бір бұрынғы орынбасары Е.Карамурзаевқа ұңғымаларды жерасты жөндеу бойынша заңсыз тендер өткізу арқылы, сатып алуға қатысқан басқа қатысушылардың мүдделеріне нұқсан келтіріп, жекелеген компаниялардың мүдделерін қорғады деген айып тағылды. Келтірілген шығып көлемі - 623 млн теңге" - делінген хабарламада.  

Сонымен қатар, алдын ала сөз байласу арқылы сеніп тапсырылған 294 млн теңгені жымқырып, талан-таражға салған «ӨМГ» АҚ мұнай-газ өндіру басқармасы директоры мен жеткізушіге де айып тағылған.

Ведомство мәліметінше, барлық қылмыстық іс сотқа жолданған. ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат таратуға жатпайды.