23 қаң, 2024 сағат 09:11

Президент Тоқаев Алматыға барады

Фото: Президенттің баспасөз қызметі

Қасым-Жомарт Тоқаев алдын ала жоспарланған жұмыс кестесіне сәйкес 24-25 қаңтар күндері Алматыға барады. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.

"Мемлекет басшысы мегаполистегі бірқатар нысанды аралайды. Соның ішінде Қаңтар оқиғасынан кейін күрделі жөндеуден өткен әкімдік ғимаратына барып, қаладағы жағдайға байланысты жиын өткізеді", - делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты "СТӘК" ЖШС-ның сейсмикалық стансалар желісі Алматы уақытымен 23 қаңтар күні 00 сағат 09 минутта жер сілкінісін тіркеді. Алматыда жер сілкінісі 5 балл деңгейінде сезілді.

Қала тұрғындарының айтуынша, жерасты дүмпуі бұл жолы қатты сезілген. Үйлері ұзақ уақыт бойы шайқалған. Тұрғындар үрейленіп, үйлерін тастап, далаға шығып кеткен.