28 жел, 2017 сағат 13:20

Путин: Санкт-Петербургтегі жарылыс - теракт

Ресей президенті Владимир Путин Санкт-Петербургте супермаркетте болған жарылысты теракт деп атады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Азаттыққа сілтеме жасап.

Соңғы мәлімет бойынша, жарылыстан 13 адам жараланған. Санкт-Петербург вице-губернаторы Анна Митянинаның хабарлауынша, зардап шеккен сегіз адам ауруханада жатыр, олардың бесеуінің жағдайы орташа ауыр.

Жарылыс 27 желтоқсан күні кешке Калинин алаңындағы "Перекресток" супермаркетінде болған. Қолдан жасалған, қуаты 200 грамм тротилді құрайтын бомба дүкеннің жүк сақтайтын бөлігіне қойылған.

Тергеу комитеті «жалпыға қауіпті әдіспен екі немесе одан да көп адамға қастандық жасау» бабымен қылмыстық іс қозғады. Оқиғаны тергеумен Ұлттық антитеррорлық комитет айналысып жатыр.

Тергеушілер оқиғаның бірнеше ықтимал себебі тексеріліп жатқанын айтады. Жарылысқа қатысты күдіктілердің анықталғаны туралы әзірге мәлімет жоқ.