21 қар, 2017 сағат 06:20

Рухани қазынаға бүгінгі ұрпақ көзқарасы

Шымкент қаласындағы А.С.Пушкин атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кiтапханасы мен облыстық әзiл-сықақ және сатира театры бiрлесiп, көрнектi қоғам қайраткерi Қазыбек би Келдiбекұлының туғанына 350 жыл толуына орай мәдени iс-шара ұйымдастырды, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі.

Iс-шара Кеңес Жұмабековтiң «Қаз дауысты Қазыбек би» сахналық қойылымымен басталды. Жаугершiлiк замандағы тарихи оқиғалар желiсiнде өрбiген драмалық көрiнiсте Қаз дауысты Қазыбек бидiң жастық шағы, ел мен елдi татуластырған бiтiмгерлiгi, сөз маржанын терген даналығы бейнелендi.

«Қазақ халқының басынан талай нәубет жылдар өттi. Бiрақ сол кездерде қалың тобырға жұтылмай, ұлттың сақталып қалуына үлес қосқан үш бидiң алатын орны ерекше. Төле, Қазыбек, Әйтеке билердiң даналыққа толы шешендiк сөздерi – бүгiнгi ұрпақ үшiн асыл қазына. Елбасымыз ұлттық кодымызды ұмытпай, өткеннiң өнегесiн, ұлылардың ұлылығын ала отырып, кемел келешектi жасауды тапсырды. Қаз дауысты Қазыбек бидiң тарихтағы орны мен қайраткерлiгi, елi үшiн атқарған жұмыстарын дәрiптеп, жастарға насихаттау бiздiң басты мақсатымыз» дедi жиында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жөнiндегi Оңтүстiк Қазақстан облысы бойынша жобалық кеңсенiң бас менеджерi Әлия Биболатова.

Жоғары оқу орындарының студенттерi мен зиялы қауым өкiлдерi қатысқан кеште кiтапхана қызметкерлерi Қазыбек би Келдiбекұлының шешендiк сөздерiнен әдеби композиция орындаса, Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның әншiлерi өз өнерлерiн көрсеттi.