11 қаң, 2024 сағат 11:29

Сенат Жоғарғы Сот судьяларын отставкаға жіберді

Қасымов Ақылтай, Савинова Альфия, Сапарова Айгүл, Исмаилов Ербол. Фото:gov.kz

Сенат депутаттары Жоғарғы соттың бірнеше судьясын қызметінен босатты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты.

Мемлекет басшысының судьяларды қызметінен босату туралы ұсынысын Жоғарғы Сот кеңесінің Төрағасы Денис Шип оқыды.

"Сіздердің қарауыңызға Мемлекет басшысының Жоғарғы Соттың судьялары Ақылтай Ахмеджанұлы Қасымовты, Альфия Сағдуловна Савинованы, Айгүл Әнуарбекқызы Сапарованы отставкаға кетуіне байланысты, сондай-ақ Ербол Жұқатұлы Исмаиловты басқа қызметке тағайындалуына байланысты қызметінен босату туралы ұсынысын енгіздік", - деді Денис Шип Сенаттың жалпы отырысында.

Оның айтуынша, судьялар Савинова мен Сапарова зейнеткерлік жасқа, ал судья Қасымов судья лауазымын атқарудың ең жоғары жасы – 67 жасқа толды.

Депутаттар судьяларды қызметінен босатуға бірауыздан қолдап дауыс берді.

Айта кетері, заң бойынша Президент Жоғарғы сот судьяларын Сенат арқылы қызметінен босатады.