05 ақп, 2024 сағат 15:38

Шымкенттік шенеунік 120 млн теңгені жымқырды деп айыпталып отыр

Фото: видеодан алынған кадр

Фото: видеодан алынған кадр

Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасының басшысы қаланың сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бөлінген бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді, - "Ұлт ақпарат" Kazinformға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сейсмикалық қауіпсіздік, табиғи және техногендік сипаттағы басқа да төтенше жағдайлар саласында тексеру жүргізіп жатыр. 

Осындай тексерудің нәтижесінде Шымкент қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасы басшысының м. а. қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Ол қаланың 216 тұрғын үйінің сейсмикалық тұрақтылығын технологиялық тексеру жұмысын орындауға бөлінген аса ірі мөлшердегі қаржыны бір топ адаммен алдын ала сөз байласу арқылы жымқырды деп айыпталып отыр. 


Залалдың алдын ала сомасы — 120 млн теңге. 

Қатар жүрген қаржылық тергеу барысында шенеуніктің анасына ресімделген Түркістан облысы Қазығұрт ауылында монша кешенін салу арқылы жымқырылған қаражатты заңдастырды деген нұсқа тексеріледі.

Қазіргі уақытта ол Шымкент қаласы полициясының уақытша изоляторына қамауға алынды.

Тергеу жалғасып жатыр.

Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды.